Чебольдер, Көк үй және жаңа қала. Қазақстан мен Корея бір бірінен не тапты?

16.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге сапарының екінші күні оқиғалар мен келісімдерге толы болды.

Қазақстан мен Корея не туралы уағдаласты, Президент кореялық компанияларды қайда шақырды және бұл сапардың ерекшелігі неде - Tengrinews.kz тілшісі репортажында.

Жарылғыш зат пен сағыз: чебольдер

15 қыркүйекті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның ірі бизнес-топтарымен кездесуден бастады. Кореяда оларды "чебольдер" деп атайды. Солардың бірі - Hanwha Group. Активтер көлемі бойынша ол 2026 жылдың көктемінде өз тарихында алғаш рет үздік бестікке көтерілді.

Чебольдердің қалай құрылғанын Hanwha мысалынан анық көруге болады. Бұл - бір отбасының бақылауындағы бизнес-империя. Оның ішіндегі салалар бір-бірімен дерлік қиылыспайды.

Топтың төрт бағыты бар: аэроғарыш және қорғаныс; энергетика, кеме жасау және материалдар; қаржы; бөлшек сауда, қызмет көрсету және лайфстайл. Hanwha зымыран тасығыштар шығарады, кемелер салады, қару-жарақ пен күн панельдерін өндіреді. Сондай-ақ рамён пісіретін роботтар құрастырады және қонақүйлерді басқарады.

Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вон Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде. Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан Президентімен кездесуге Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вон келді. Оның атасы Ким Чон Хи 1952 жылы Korea Explosives ("Корей жарылғыш заттары") компаниясының негізін қалаған. Hanwha содан өсіп шықты. Бүгінде топты Ким Дон Вонның әкесі - негізін қалаушының үлкен ұлы Ким Сын Ён басқарады. Ким Дон Вон - төрағаның үш ұлының екіншісі және бизнес-империя тізгініндегі әулеттің үшінші буын өкілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев оған Қазақстан жасанды интеллекттің ұлттық экожүйесін қалай құрып жатқанын айтып беріп, Hanwha-ға бірлескен жобаларды ұсынды. Қазақстан бұл жобаларда Орталық Азия нарығына шығу үшін технологиялық платформа бола алады.

Ким Дон Вон Hanwha-ның Қазақстанмен 1997 жылдан бері жұмыс істей бастаған алғашқы кореялық корпорациялардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елді цифрландыруға қатысу мүмкіндігін ол үлкен құлшыныспен қабылдаған.

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Екінші болып Президент Lotte Group басшысы Шин Дон Бинді қабылдады. Корпорацияның негізін 1948 жылы оның әкесі Шин Гёк Хо сағыз шығарудан бастаған. Қазіргі уақытта Lotte - активтерінің көлемі бойынша Кореядағы алтыншы чеболь. Топтың құрамында алкоголь және химия өндірісі, тұрғын үй кешендері, қонақүйлер, кинотеатрлар мен бейсбол клубы бар. Ал 2013 жылдан бастап Қазақстанда бәрі білетін шоколад та шығарады.

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Lotte-нің тамақ өнеркәсібіндегі жұмысын және Алматы мен Шымкенттегі фабрикаларды жаңғыртуын ерекше атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Lotte мен қазақстандық құрылыс компаниясы Алматы мен Алатауда қонақүйлер салу туралы меморандумдармен алмасты.

Президентке келесі болып Hyundai Motor Group - елдегі активтері бойынша үшінші чеболь келді. Бұл жолы топтың атынан әулет мүшесі емес адам өкілдік етті.

Сунг Ким 1960 жылы Сеулде туып, АҚШ-та өскен. Лос-Анджелесте прокурор болып жұмыс істеп, кейін дипломатиялық қызметке ауысқан. АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы, Филиппиндегі және Индонезиядағы елшісі болды. Hyundai-ға ол 2024 жылдың қаңтарында кеңесші болып келіп, бір жылдан кейін президент атанды және стратегия мен жоспарлау бөлімшесін басқарды.

Сунг Ким (ортада). Фото: ©️ Tengrinews.kz /Айсұлтан Құлшыманов

Тоқаев кореялық концерннің қазақстандық автокөлік өнеркәсібіне қосқан үлесін атап өтіп, Алматы мен Қостанайдағы зауыттарды келесі қадамның: өндірісті терең оқшаулау, автобөлшектерді көбірек шығару және экспортты арттырудың тірегі деп атады.

Ол міндетті былай белгіледі: Қазақстан толық циклді автомобиль өндірісі мен экспортының ірі өңірлік орталығына айналуы тиіс. Президент ынтымақтастықтың тағы бір бағыты ретінде электрмобильдер мен зарядтау инфрақұрылымын атады.

Сунг Ким компания үшін Қазақстан жай ғана нарық емес, ТМД елдеріндегі өңірлік орталық екенін айтты.

Кездесуден кейін тараптар екі келісіммен алмасты. Батыс Қазақстанда газ өңдеу зауыты салынады. Алматыда автокөліктің жаңа моделі шығарыла бастайды.

Төртінші кездесу чебольмен емес, мемлекетке тиесілі KIND кореялық шетелдік инфрақұрылым және қаланы дамыту корпорациясымен өтті. Оны президент және бас директор Ким Бок Хван басқарады.

Ким Бок Хван (ортада). Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

KIND Қазақстанмен бұрын да жұмыс істеген: корпорация Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының (ҮААЖ) құрылысына қатысқан болатын.

Әңгіменің негізгі тақырыбы Alatau City болды. Тоқаев кореялық тарап жаңа қаланың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларына белсенді араласады деп үміттенетінін білдіріп, KIND-ті елдің әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымын жаңартуға қатысуға шақырды. Сондай-ақ Ақтау және Құрық порттары, өңірлік әуежайларды салу мен реновациялау және бірлескен қазақ-корей инвестициялық қоры талқыланды.

Ким Бок Хван Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық торабы деп атады.

Премьер және Alatau

Хан Сон Сук - Оңтүстік Кореяның премьер-министрі. Ол бұл қызметті екі жарым айдан бері атқарып келеді. Ол ел тарихындағы (бірінші әйел премьерден жиырма жыл өткен соң) екінші әйел премьер-министр. Жасы 59-да. Еңбек жолын компьютерлік журналдың журналисі болып бастап, кейін Кореяның ең ірі интернет-порталы Naver-ді басқарды. Премьер болып тағайындалғанға дейін шағын және орта бизнес министрі болған.

Хан Сон Сук пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі 

Тоқаев оны тағайындалуымен құттықтады. Инвестициялық климат туралы айта келе, ол Қазақстанда тек ірі корей корпорациялары үшін ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнес үшін де барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Кездесудің басты көрсеткіші тауар айналымының екі есе артуы болды. Президенттің айтуынша, бұл үшін тек көлемді ұлғайту жеткіліксіз, сауданың құрылымын өзгерту қажет. Ол 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын және үшінші нарықтарға өнім шығару мен локализациялау жобалары қарастырылған өнеркәсіптік кооперацияның жеке жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Хан Сон Сук Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Хан Сон Сук Қазақстанды Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі деп атап, энергетикалық жеткізу тізбегі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ Alatau City жобасы тағы да талқыланды.

- Сондай-ақ біз Кореяның жаңа қала Alatau City-ді дамыту жобасын іске асыруда Қазақстанның сенімді серіктесі бола алатынына сенімдіміз, - деді корей премьері.

Кездесуден кейін Тоқаев пен Хан Сон Сукке бұл қаланың болашақта қандай болатыны таныстырылды.

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Негізінде, жобадағы корей үлесі үш бағытқа бөлінген. KIND ұйымы K-Smart Town жобасына жауапты. Кореяның жетекші техникалық университеті KAIST - білім беру және зерттеу инфрақұрылымына, ал елдегі барлық дерлік әуежайларды басқаратын Korea Airports Corporation қалалық әуе мобильділігіне жауап береді.

"Үлкен құрылыс алаңы"

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

- Корей бизнесмендері инвестиция мәселесінде анағұрлым ширақ әрі батыл қимылдайтынын, жоғары адамгершілігімен, Қазақстанға деген сыйластығымен ерекшеленетінін үнемі айтып жүремін, - деді Тоқаев қазақ-корей дөңгелек үстелінде.

Былтыр Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты, Президент бұл көрсеткішті екі еселеуге болады деп есептейді. Кореяның Қазақстанға салған тікелей инвестициясы 12 миллиард доллардан асады. Елімізде корей капиталының қатысуымен мыңнан аса компания жұмыс істейді, ал бірлескен өнеркәсіптік қоржын құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны құрайды.

- Біз Қазақстанды бір үлкен құрылыс алаңына айналдыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Әңгіме ауруханалар, мектептер, балаларды оңалту орталықтары, спорт нысандары мен жолдар туралы болып отыр. Жобалардың нақты тізбесін үкімет дайындайды.

Бұдан әрі Тоқаев салаларды атап өтті:

Минералдар. Қазақстандық шикізат, корей технологиясы, ортақ өндіріс. Алматыдағы сирек металдар орталығынан бастау ұсынылды. Энергетика. Корейлер Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салып жатыр. Келесі тақырып атом болуы мүмкін: Қазақстан әлемде уран өндіруден көш бастап тұр және Кореямен бірлесіп шағын реакторлар бойынша жұмыс істеуге дайын. Логистика. Корей жүктерін Қазақстан арқылы Еуропаға транзитпен өткізу үшін бірлескен кәсіпорын құру. Технологиялар. Павлодар облысында жасанды интеллектке арналған дата-орталықтар және жартылай өткізгіштер шығаруға қажетті материалдар өндірісі. Азық-түлік. Корея нарығында қазақстандық астық, ет, сүт және бал көлемін арттыру.

Ол сөзін салыстырумен аяқтады.

- Ондаған жылдар бұрын Корея экономиканың басты салалары бойынша әлемде көш бастап, соны серпіліс жасаған. Қазір Қазақстан түбегейлі экономикалық жаңғыру кезеңіне қадам басты, - деді Тоқаев.

Көк үй

1937 жылы кеңестік Қиыр Шығыстан корейлер қазақ даласына жер аударылды. Олардың арасында Кореяда жапондарға қарсы соғысқан генерал ретінде танымал Хон Бом До да болды.

2021 жылы генерал Хон Бом Доның сүйегін Оңтүстік Кореяға тапсыру рәсімі

Генералдың сүйегі 2021 жылдың тамызында, Тоқаевтың өткен мемлекеттік сапары күндерінде Кореяға қайтарылды.

2026 жылғы 15 қыркүйекте Көк үйде Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Бес жылдан кейін Тоқаевты Корея президентінің резиденциясы - Чхонвадэде құрметті қарауыл және гимнмен қарсы алды. Атауы "көк шатырлы резиденция" деп аударылады. Демек, оны "Көк үй" деп атаған дұрысырақ.

Көк үй - Корея Республикасы президентінің резиденциясы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Шындығында, ғимараттың шатыры көктен гөрі жасыл түске көбірек ұқсайды. Бірақ бұл жерде де қателік жоқ. Ескі корей тіліндегі "чхон" сөзі бір мезетте көк пен жасыл түсті білдіреді. Бұл қазақтың "көк" сөзі секілді: көк аспан, көк шөп.

Сеулдегі Көк үйде Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Рәсімнен кейін президенттер келіссөз залына өтті. Онда Ли Чжэ Мён генерал туралы еске алды:

- Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз.

Ли Чжэ Мён. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Тоқаев генералдың тарихын жақсы білетінін айтты.

- Бұл оқиғаға жүз жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, корей халқы өз генералын ұмытпағаны таңғаларлық жайт. Батырды есте қалдыру үшін оның сүйегін отанына қайтарып, азаматтық парызымызды орындады, - деді ол.

Келіссөздер екі кезеңде өтті: алдымен шағын құрамда, кейін делегациялармен жалғасты. Басты саяси нәтиже ауқымды тұжырымға сыйды. Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынас "болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік" деңгейіне көтерілді. Сыртқы істер министрлері ноталармен алмасты.

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Экономикалық нәтижені Тоқаев нақты цифрмен көрсетті: сапар барысында 19 миллиард доллардың коммерциялық келісімдеріне қол қойылды. Ли Чжэ Мён Қазақстанды экономикалық қауіпсіздіктегі маңызды серіктес деп атады: елдің ресурстары мен жоғары технологиялар саласында әлеуеті зор.

Alatau City жобасы осы келіссөздерде де талқыланды. Тоқаев қала мәртебесі Конституцияда бекітілгенін, ал корей компанияларына ол жерде барлық құқықтық кепілдіктер берілетінін еске салды. Тараптар Алатауда KAIST филиалын ашу туралы келісімге қол қойды.

Мемлекет басшылары жалпы саны он екі құжаттың алмасуына куә болды: олар мұнай, атом энергетикасы (бірден екі меморандум), еңбек көші-қоны, қала құрылысы, аэроұтқырлық және мәдениет салаларын қамтиды.

Тоқаев Қызылордада Хон Бом До есімімен көше аталып, мемориалдық кешен ашылғанын да айтып өтті.

Тарих тарихқа куә болды

Рәсімге бірнеше минут қалғанда, президенттер әлі келіссөз жүргізіп жатқанда, корей журналистері телефондары мен камераларынан бас көтерді. Бірнеше адам қабырғадағы алып суретке жақындап келді.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Бұл - суретші Ким Хак Судың туындысы, Чосон дәуіріндегі деректі суреттің реконструкциясы. Онда XVIII ғасырдың соңындағы корольдік шеру бейнеленген: жүздеген адамдар, тулар, салт аттылар, шенеуніктер. Суретшілер мұндай рәсімдерді тарихта сақтау үшін осылай бейнелеген.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов

Бірнеше минуттан соң журналистер камераларына оралды. Залға Қазақстан мен Корея президенттері кіріп, келесі бір рәсім басталды. Президенттер суретке қарай бет түзесе, журналистер жаңа тарихты таспаға басып жатты.

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

Авторы: Айсұлтан Құлшыманов

Аударған: Дина Шәріпхан

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ

Тоқаевтың Сеулге сапары қалай басталды?

Бауырластық байланыс орнады. Лаос президенті Қазақстанға не үшін келді?

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью