Чехия және Словакия архивтерінен Әлихан Бөкейханға қатысты тың деректер табылды

05.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Іс-шара барысында Индржих Дворжак есімді чехословак легионерінің 1921 жылы Прагада чех тілінде шыққан «U kirgizů» кітабының жуырда қайта басылған нұсқасы таныстырылды. Бұл жолы аталған еңбек қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Атауы – «Қазақтар арасында» («Среди казахов»).

Фото: ЕҰУ баспасөз қызметі

Кітапты Чехия архивінен тапқан әрі қазақшаға аударған – жас зерттеуші Дінмұхаммед Байжұма. Ал орысшаға тәржімелеген оның әріптесі – Сұлтан Камалиден.

– Индржих Дворжак кітабында Әлихан Бөкейхан туралы естеліктер және жалпы Алашорда туралы мәліметтер жазған. Аталған екі тұлға 1918 жылы Омбыда кездескен. Сонда Алаш көсемі чехословак легионеріне былай айтыпты: «Мен қазақ халқының тәуелсіздігін аңсаймын. Сіздер, чехтер, тәуелсіздікті қалай алсаңыздар, біз де азаттыққа солай ұмтылуға дайынбыз». Әлиханның оған осылай дегенін автор кітабында естелік ретінде жазған, - дейді Дінмұхаммед Байжұма.

Фото: ЕҰУ баспасөз қызметі

Сондай-ақ ол басқа да чехословак легионерлерінің мақалаларынан деректер келтірді.

– Архивтен Франтишек Шип деген легионердің 1925 жылы жазған мақаласын таптық. Онда ол: «Әлихан Бөкейхан бізге екі мың жылқы жіберткізді» – деп жазады. Демек, Алашорда үкіметі чехословак корпусына большевиктерге қарсы күресте қолдау білдірген. Олардың арасында белгілі бір деңгейде одақтастық болған, - дейді жас зерттеуші.

Фото: ЕҰУ баспасөз қызметі

Сонымен бірге ол Чехия мен Словакия архивтерінен осы секілді 300-ге жуық дерек табылғанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Ә. Бөкейхан мұрасының зерттелу деңгейі жөнінде алаштанушымен сұхбат жариялағанбыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью