7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Chevron компаниясы алдағы жылдары Қазақстан экономикасына қосымша 130 млн доллар инвестиция бағыттауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Астанада өткен «Kazneftegazservice-2026» конференциясында Chevron Direct Investment Fund басшысы Джон Дорфельд мәлімдеді.
Оның айтуынша, қор бастапқыда 250 млн доллар көлемінде құрылған. Қазіргі таңда оның 115 млн доллары игерілген. Енді қалған қаражат кезең-кезеңімен нарыққа енгізілмек. Атап айтқанда, биыл 75 млн доллар, ал келесі жылы 60 млн доллар инвестиция салу көзделіп отыр.
Дорфельдтің сөзінше, қордың негізгі бағыты – жұмыс істеп тұрған және кеңеюге дайын бизнесті қолдау. Яғни, инвестициялар стартаптар мен идеяларға емес, нақты өндірістік әлеуеті бар компанияларға бағытталады.
Сондай-ақ қаржыландыру үлгісі қарапайым: қор компанияларға үлестік қатысу (equity) арқылы инвестиция салады. Бұл ретте Chevron бизнесті толық бақылауға алуды көздемейді. Әдетте серіктестік 3-7 жыл аралығында жүзеге асып, кейін қор жобадан шығады.
Инвестициялардың басым бөлігі өндіріс, құрылыс және өнеркәсіптік жобаларға бағытталуы мүмкін.
Бұдан бөлек, компания өңірлік басымдықтарды да айқындап отыр. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан өңіріне, әсіресе Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы жобаларға басымдық берілмек.
Айта кетейік, биылғы «Kazneftegazservice-2026» конференциясы KazService одағының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған.