Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
«Цифрландырудың нәтижесі нақты болуы керек. Өндірістің өсуі, шығындардың төмендеуі, кәсіпорындар кірісінің артуы және экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюі үшін нақты жобалар қажет. Алдағы тыңдауда осы мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға тырысамыз», – деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, тыңдаудың басты мақсаты – цифрландыру деңгейін бағалаумен шектелмей, экономиканың нақты секторларындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін технологиялар мен тиімді тетіктерді айқындау.
Осы бағытта бизнес өкілдері, ғалымдар, IT-мамандар және салалық сарапшылардан құралған жұмыс топтары құрылып, әр саладағы өзекті мәселелерді зерделейді.
Сонымен қатар кәсіпорындардың өз күшімен іске асыра алатын жобалары, мемлекеттік қолдауды қажет ететін бағыттар және заңнамаға өзгерістер енгізуді талап ететін мәселелер сараланады. Тиісті салада тәжірибесі бар шетелдегі отандастар да бұл жұмысқа қатыса алады.
Құрылтай тыңдауларына дайындық аясында 5-10 қазан аралығында азаматтар мен сарапшылар өз жобалары мен ұсыныстарын Құрылтайдың ресми quryltai.kz сайты арқылы жолдай алады. Ол үшін сайттың басты бетіндегі тиісті баннерді басып, қажетті бағыт бойынша жұмыс тобын таңдау қажет. 11 қазаннан бастап келіп түскен ұсыныстар жұмыс топтарының қатысуымен қаралып, тиісті бағыттар бойынша жүйеленеді.
Тыңдау Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында өткізіледі. Биыл Мемлекет басшысы 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan цифрландыруды ауқымды түрде жүзеге асыру және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекітті. Құжат жасанды интеллектіні экономика салаларына енгізуге, өндіріс пен басқа да негізгі секторларды жаңғыртуға бағытталған.
Құрылтай тыңдауы осы стратегиялық міндеттерді экономиканың нақты секторларындағы жобалар мен практикалық ұсыныстарға айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елімізде «Жасанды интеллект туралы» алғашқы заңның күшіне енуі бұл бастамалардың заңнамалық негізін нығайтып, технологияларды қауіпсіз әрі тиімді қолдануға тың серпін бермек.