Цифрландыру және ЖИ жылы: Қазақстан технологиялық серпіліске дайын ба

26.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Қазақстанның цифрлық бетбұрысы

Қазақстан соңғы жылдары цифрландыру мен жасанды интеллектіні ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітті. Бұл үрдіс тек технологиялық жаңғыртумен шектелмей, мемлекеттік басқару жүйесіне, экономиканың құрылымына және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасына жүйелі өзгеріс әкелді. Цифрлық шешімдер бүгінде барлық салаға еніп, елдің ұзақмерзімді дамуына тікелей ықпал ете бастады.

Аталған бағыттағы нақты бетбұрыс 2025 жылы жүзеге асты. Жасанды интеллект пен цифрлық дамуды бір орталықтан үйлестіру үшін арнайы министрлік құрылып, бұл сала дербес мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді. Соның нәтижесінде жасанды интеллектіні экономика мен басқару жүйесіне жоспарлы түрде енгізудің институционалдық негізі қалыптасты.

Осы кезеңде Қазақстан Орталық Азияда алғаш болып «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдады. Құжатта жасанды интеллект адамның орнын алмастырмайтыны, тек оның мүмкіндігін кеңейтетін көмекші құрал екені нақты айқындалды. Сонымен қатар технологияны қолданудағы жауапкершілік пен құқықтық реттеу тетіктері белгіленді.

Бұл қадамдардың заңды жалғасы ретінде 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Президент Жолдауында цифрлық трансформация ел дамуының негізгі тіректерінің бірі ретінде атап өтіліп, ЖИ ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыратын стратегиялық құрал ретінде айқындалды. Осылайша Қазақстан цифрлық технологияларды уақытша үрдіс емес, ел болашағын айқындайтын ұзақмерзімді таңдау деп қарастырып отыр.

Фото: Kazinform Қазақстан – Орталық Азиядағы цифрлық көшбасшы

Oxford Insights халықаралық талдау орталығының Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан 195 мемлекет арасынан 60-орынға көтеріліп, бір жыл ішінде 16 сатыға алға шықты. Бұған дейін ел 76-орында тұрған еді.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан жасанды интеллектіні енгізу мен басқару деңгейі бойынша көш бастап, «аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі» мәртебесін нығайтты. Елде жасанды интеллект мемлекеттік басқаруда, экономика мен қоғамдық қызметтерде белсенді қолданылады. Сонымен қатар, электрондық үкімет арқасында қызмет көрсету сапасы айтарлықтай артты. Public Sector Adoption көрсеткіші бойынша Қазақстан 73,59 балл жинап, мемлекеттік қызметтердің цифрлық шешімдерге өту деңгейін көрсетті. Бұл азаматтар мен бизнеске қызмет көрсетуді жеңілдетіп, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Қазақстандағы жасанды интеллект тек сынақтық жобалар деңгейінде қалмай, мемлекеттік басқару мен азаматтарға қызмет көрсету жүйесіне толық енгізіліп отыр. Ел цифрлық трансформацияны жүйелі түрде жүзеге асыра отырып, Орталық Азияда жетекші орын иеленді.

Сандар сапаға айналып келеді

Қазақстанда жасанды интеллект тек тәжірибе деңгейінде қалмай, нақты өмірде тиімді қолданыла бастады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматқа көшті. eGov AI виртуалды ассистенті мен интеллектуалды іздеу жүйесі азаматтарға қызмет алуды жеңілдетіп, операторлардың жұмысын азайтты. 2025 жылы 51,5 миллион онлайн-қызмет көрсетілгені – халық пен мемлекет үшін уақыт пен ресурсты үнемдеудің нақты дәлелі.

Инфографика: Kazinform

Әлеуметтік салада «Әлеуметтік әмиян» жобасы 6,7 мың мектепте 49 миллион тамақты ұйымдастырып, өңірлердің шығындарын 15–30%-ға қысқартты. Дәріханалардағы электронды рецепттер жүйесі 13 миллион рецептті өңдеп, ашықтықты арттырды және заңсыздыққа жол бермеді. Жер және мүлік қатынастары саласында Біртұтас мемлекеттік кадастр қызмет көрсету уақытын қысқартып, даулы жағдайларды азайтты. Киберқауіпсіздік пен алаяқтыққа қарсы жүйелер шабуылдар мен шығындарды төмендетуге мүмкіндік берді.

Экономикалық секторда, әсіресе қаржы қызметтері, логистика, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларында ЖИ процестерді автоматтандыруға, өнімділікті арттыруға және клиент деректерін тиімді талдауға көмектеседі. 2025 жылы Қазақстанның IT-қызметтерінің экспорты 1 миллиард доллардан асты, бұл жасанды интеллектінің экономикалық әсерін нақты көрсетеді.

Министрліктің ресми мәліметі бойынша, жасанды интеллект тек жаңа технология емес, мемлекеттік қызмет сапасын арттыратын, экономикалық тиімділікті күшейтетін және азаматтарға нақты пайда әкелетін жүйелі құралға айналды.

Қазақстан жасанды интеллект жылына дайын ба?

2026 жыл Қазақстан үшін «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғанын жоғарыда атап өттік. Бұл – ЖИ-ны тек сынақ емес, мемлекеттік басқару, экономика және қызмет көрсету жүйесінде толық енгізу жолындағы нақты қадам. Ел цифрлық трансформацияны уақытша тренд емес, стратегиялық таңдау деп қарастырып отыр.

Ел алдында бірнеше міндет тұр. Біріншіден, жасанды интеллект барлық мемлекеттік органдар мен экономикалық салаларда толық енгізілуі керек. Екіншіден, технология қауіпсіз және сенімді болуы тиіс – осы үшін «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, деректерді қорғау, алгоритмдердің ашықтығы және адамның шешім қабылдаудағы рөлі нақты бекітілді. Үшіншіден, цифрлық теңдік сақталуы маңызды, сондықтан ЖИ қалаларда да, шалғай өңірлерде де бірдей қызмет көрсетуі керек. Төртіншіден, кадрларды даярлау – басты басымдық, осы себепті мемлекеттік қызметшілер, бизнес және азаматтар ЖИ мүмкіндіктерін түсініп, оны тиімді пайдалана білуі тиіс. Соңғысы – технологиялық тәуелсіздік, яғни өз платформалар мен есептеу қуатын дамыту арқылы сыртқы тәуелділікті азайту қажет.

Инфографика: Kazinform

Нәтижесінде ЖИ адамдардың орнын алмастыра қоймайды, керісінше күнделікті жұмысты автоматтандырып, жоғары білікті мамандарға сұранысты арттырады. Цифрландыру мен ЖИ мемлекеттік басқаруды тиімді етіп, экономиканы дамытып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартады.

Қазақстан цифрлық трансформацияны стратегиялық даму драйвері ретінде қабылдап, 2026 жылды тиімді басқару, қауіпсіз деректер және тең қызмет көрсетуге бағытталған кезең ретінде белгілеп отыр.

Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді: не өзгереді?

Қазақстанда 18 қаңтарда «Жасанды интеллект туралы» заң ресми түрде күшіне енді. Бұл заң мемлекеттің технологиялық саясатына жаңа кезеңнің бастамасы болып отыр. Осы арқылы Қазақстан жасанды интеллект саласын заңмен реттеген алғашқы елдердің қатарында болды.

Заңның басты ұстанымы айқын: жасанды интеллект адамды алмастырмайды, оған қызмет етеді. Сондықтан құжатта адам құқықтарын қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігі және алгоритмдердің ашықтығы басты қағидалар ретінде бекітілген. Азаматтар өз деректерінің ЖИ арқылы өңделетінін білуге және қажет болған жағдайда оған қарсылық танытуға құқылы.

Сонымен қатар, заң адам санасына ықпал етуге, кемсітуге және осал топтарды пайдалануға қатаң тыйым салады. ЖИ көмегімен жасалған контент міндетті түрде таңбалануы тиіс, ал өнім тек адамның шығармашылық үлесі болса ғана авторлық құқықпен қорғалады. Заң ЖИ жұмысының нәтижесі үшін жауапкершілікті нақтылап, оның иелері мен пайдаланушыларын тікелей жауапты етеді.

Digital Rights Center Qazaqstan директоры, Мақсұт Нәрікбаев атындағы Университеттің профессоры Дана Өтеген заңның жаңалығын былай түсіндіреді:

— Заң тәуекелге негізделген тәсілге сүйенеді. Мемлекет ЖИ-ді шектемейді, бірақ адамның құқықтарына әсер ететін әрекеттерді нақты бөліп көрсетеді. Бұл ЖИ-ді тек тәуекел көзі емес, стратегиялық ресурс ретінде қарауға мүмкіндік береді, — дейді сарапшы.

Фото: Д. Өтегеннің жеке мұрағатынан

Оның пікірінше, заң тек шектеу қойып қана қоймай, ұлттық ЖИ платформасын құру арқылы инфрақұрылымдық негізін қалыптастырады, жасанды интеллект арқылы жасалған контентті міндетті түрде таңбалауды қамтамасыз етеді және азаматтардың құқықтары мен деректер қауіпсіздігін қорғайды.

— Азаматтар өз құқықтарына әсер ететін шешімдерде ЖИ қолданылғанын білуі тиіс. Бұл, әсіресе, мемлекеттік басқару, медицина, қаржы және білім саласында маңызды, өйткені автоматтандырылған шешімдер адамның өміріне тікелей әсер етуі мүмкін, — дейді Дана Өтеген.

Қазақстанның жаңа «Жасанды интеллект туралы» заңы азаматтар мен мемлекет үшін нақты қауіпсіздік кепілін береді. Заң тек декларация емес, тәуекелге бағытталған тәсіл арқылы ЖИ-ді нақты өмірде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

Заңгер Әлішер Қадырбековтің айтуынша, 2026 жыл заңның тәжірибеде қаншалықты жұмыс істейтінін тексеретін кезең болады.

— Қазақстанның тәжірибесі тек ТМД және посткеңестік елдерге ғана емес, басқа халықаралық серіктестерге де пайдалы болады. Қазіргі заманғы мемлекеттер жасанды интеллектіні реттеуде теңгерімді тәсіл іздейді. Адам құқықтарын шектемей, мемлекеттің және экономиканың мүдделерін ескере отырып, технологиялық дамудан артта қалмау қажет, — дейді сарапшы.

ЖИ - аймақ елдерін біріктіретін құрал

Астанадағы Alem.ai халықаралық ЖИ орталығы мен суперкомпьютерлер (Alem.Cloud, Al-Farabium) ұлттық инфрақұрылымды қолдап, деректерді шетелге бермей, экономикалық шешімдер мен мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Аймақтық рөлге келсек, Қазақстан ЕАЭО төрағалығы кезінде жасанды интеллектіні аймақ елдерін біріктіретін құрал ретінде ұсынды. QazTech альянсының ақпараттық қауіпсіздік комитетінің теңтөрағасы Евгений Питолиннің айтуынша, Қазақстан орталықтандырылған стратегиялық жоспарлауды үлгі етіп отыр.

- ЖИ инфрақұрылыммен, заңдармен және кең ауқымды сервистермен қамтамасыз етілген. Бұл цифрлық шешімдер мен стандарттарды ТМД мен Орталық Азия елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді, — дейді сарапшы.

Фото: Евгений Питолиннің жеке мұрағатынан   Көршілес елдердің тәжірибесі 

Қазақстан: ЖИ министрлігі құрылып, 2029 жылға дейін $5 млрд экспорттық мақсат қойылған. Астанада суперкомпьютер іске қосылып, Alem.ai халықаралық ЖИ орталығы дамып жатыр. Негізгі міндет – желіні жаңғыртып, үлкен деректерді өңдеуді жеңілдету.

Ресей: Елде технологиялық тәуелсіздікке басымдық беріліп отыр. 2030 жылға қарай Ресейдегі ЖИ үлесі 11 трлн рубльге жетуі тиіс. Ел өз тілдік модельдерін стратегиялық актив ретінде дамытуды жоспарлап отыр.

Беларусь: «Цифрлық Беларусь» бағдарламасы (2026–2030) арқылы цифрлық мемлекет пен қауіпсіздікті күшейту мақсаты қойылып отыр. Елде 60 мың камерамен қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйесі ЖИ алгоритмдері арқылы басқарылады.

Өзбекстан: 2030 жылға дейінгі стратегиясында ел ЖИ-ға дайындық бойынша топ-50 елдің ішіне кіруге тиіс, бағдарламалық қамтамасыз етуге $1,5 млрд жұмсалады. Өзбекстанда 20-дан астам ЖИ жобасы іске асқан: PalmPay, MyID, FaceID, LexAI (құқықтық платформа).

Қырғызстан: Ұлттық ЖИ кеңесі құрылып, ЕАЭО аймағында аймақтық хаб ретінде дамып келеді.

Тәжікстан: 10 мектепте пилоттық ЖИ сабақтары өткізіліп жатыр.

Фото: publicdomainpictures.net

Сарапшылар атап өткендей, жасанды интеллект адамдарды алмастырмайды, керісінше олардың рөлін өзгертеді. Күнделікті жұмыстар автоматтандырылып, жоғары білікті мамандарға сұраныс артады. Қазақстанда ЖИ саласындағы оқыту 900 мыңнан астам адамды қамтып, білім беру мен мемлекеттік қызмет жаңа нарық талаптарына бейімделуде.

Қорытындылай келе, Қазақстан жасанды интеллектіні жүйелі және стратегиялық түрде қолдануға толық дайын деуге негіз бар. Бұл тек инновация емес, мемлекеттік басқаруды тиімді етіп, экономиканы дамытып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған нақты құрал. Ел цифрлық трансформацияны уақытша үрдіс емес, ұзақмерзімді дамудың негізгі драйвері ретінде қабылдап отыр.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью