Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Жоғарғы аудиторлық палата әшкерелегендей, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге 33 мемлекеттік орган бір жылда 345 млрд теңге шығындапты. Кейбірі тіпті іске қосылмай жатып жабылған. Сондықтан бұл салаға толық инвентаризация жүргізілмек. Реформа аясында қандай жаңалықтар мен өзгерістер күтіледі?
Цифрландыру ма, қаржы игеру ме?
Жоғары аудиторлық палатаның талдау қорытындысында айтылғандай, 2007 жылдан 2024 жыл аралығында 177 ақпараттық жүйе жасалыпты, соның 25-і іске қосылмаған. «Ақпараттандыру туралы» заңның нормаларына сәйкес бір жыл ішінде бұл жүйелер қолданысқа берілуге тиіс еді. Алайда бұған дейін депутаттар да мәселе көтергендей, әр министрлік пен мемлекеттік ұйым бұл бағытта өз бетінше және білгендерінше әрекет жасап келді. Ортақ саясат болмаған көрінеді. Салдарынан мемлекеттік аудиторлар ел бюджетінің миллиардтаған қаржысы зая кетіп, сайда саны, құмда ізі қалмағанын анықтады.
Сарапшылардың сынына жүгінсек, қазір кез келген мекеме цифрландыруды алға тартып, әр бастамаға бола жеке портал, қосымша, сервис, тіпті тұтас ақпараттық жүйе құрып не сатып алатын болды. Бұл құралдар қарапайым халық пен бизнеске, тұтас мемлекетке зор игілік әкелсе, құба-құп. Бірақ үлкен бөлігі көпшілік пайдаланбағандықтан қараусыз, дамусыз қалады немесе қаржы игерілген соң жабылып, келесі платформа қолға алынады.
Сондай-ақ бюджеттен тиісті қаржысы бөлінгенімен, іске асырылуы кейінге шегеріле беретіні де жетерлік. Бір мысал: Мемлекет басшысының елде балық шаруашылығын қарқынды дамыту тапсырмасына орай соңғы VIII шақырылымдағы қос палаталы Парламент «Аквашаруашылық туралы» заңын бір жыл пысықтап, ақыры 2025 жылғы 12 маусымда қабылдады. Заң былтыр күшіне енді. Одан бұрын 2024 жылғы 20 қарашада өткен Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин балық шаруашылығын жедел қарқынмен дүрілдете дамыту үшін енді жеке ақпараттық ресурс құратындарын жариялады.
– Бірінші кезекте ақпараттық жүйені дамытамыз. Акваөсірудің мониторингі мен талдауын енгізу қажет. Осы мақсатта акваөсіру өнімдерін қадағалайтын аквашаруашылығы субъектілерінің тізілімі енгізіледі. Бұл саланы толық цифрландырамыз. Бұл жемқорлыққа тосқауыл қойып, бақылау орнатудың бір әдісі болады. Республикалық бюджеттен мұндай ақпараттық жүйені құру қолдау тапты: 2026–2027 жылдарға 1 млрд 230 миллион теңге бөлінді. Бұл жүйе «Кеден», eGov порталы, ветеринариялық қызмет, EDIS субсидиялау жүйесі және меморгандардың басқа да ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады, – деп уәде етті АШМ басшысының орынбасары.
Содан бері 1,5 жылдан астам уақыт өтті. Уәде орындалды ма? Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені енгізу 2027 жылға қалдырылғанын жариялап отыр. Ведомство балық шаруашылығы саласын цифрландыруды кезең-кезеңімен жүзеге асыратынын білдірді. Былтыр балық және балық өнімдерінің қадағалануын қамтамасыз ететін E-Fish ақпараттық жүйесі іске қосылыпты. Ол балық пен балық өнімдерінің шығу тегін растайтын құжаттарды беруге қатысатын меморгандардың ақпараттық қорларын өзара байланыстырады. Негізгі мақсаты – заңсыз өнім айналымының алдын алу көрінеді. Жүйе енгізілгелі балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы 2 мың тоннаға қысқарғаны мәлімделді. Сонша зор жетістік деуге келмейді.
«Бүгінгі күні E-Fish жүйесінде балық шаруашылығы және аквамәдениет саласындағы 1 196 субъект тіркелген. Бұл олардың жалпы санының 95%-дан астамын құрайды. «Аквамәдениет туралы» заңын іске асыру аясында 2027 жылдан аквамәдениетті дамытуға арналған ақпараттық жүйені енгізу көзделген. Оны қолданыстағы E-Fish жүйесінің негізінде «Аквамәдениет» атты жеке бөлім құру арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жеткізушіге тәуелді мемлекеттің тәуекелі
Белгілі заңгер және экономист Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, елімізде мемлекеттік басқаруды цифрландыру және электронды Үкіметті дамыту саясаты белсенді жүргізіліп жатыр. Дегенмен ол қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерге жүргізілген талдау бұл салада құзырлы органдардың ерекше назарын талап ететін «жүйелі құқықтық, ұйымдастырушылық және технологиялық проблемалардың барын» көрсеткеніне назар аудартты.
– Елімізде көп жағдайда осы қаптаған ақпараттық жүйе, платформа, ведомстволық деректер қорларын басқарудың біртұтас және ашық моделі жоқ. Яғни меншік иесі, операторы, баланс ұстаушысы, әкімшісі және бағдарламалық қамтылымның авторлық құқығының иесі көбінесе әртүрлі субъекті болып шығады. Салдарынан қателік пен жемқорлық үшін жауапкершілік төмендеп, маңызды цифрлық инфрақұрылымға тиімді бақылау жүргізілмейді. Дербес деректер, тергеу материалдары, салықтық және қаржылық ақпарат өңделетін жүйелердегі жағдай ерекше алаңдаушылық туғызады. Мұндай жүйелердің айтарлықтай бөлігі үзік-үзік, фрагментті, әртүрлі технологиялық платформаларда және әртүрлі мердігерлермен жасалған, – деді Н.Байтілесов.
Сарапшының түсіндіруінше, бұл сондай-ақ деректердің қайталануына, жүйелердің үйлесімсіздігіне, оларды сүйемелдеу мен модернизациялау шығындарының өсуіне, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерінің артуына әкеп соқтырды. Бұдан бөлек, әлі күнге дейін мемлекеттік ақпараттық жүйелерді есепке алудың, оларды балансқа қоюдың, цифрлық активтерді инвентаризациялаудың, бастапқы код пен техникалық құжаттаманы мемлекетке берудің бірыңғай тәсілі жоқ екен.
«Соның кесірінен жекелеген жағдайда мемлекеттік органдар жеткізушілердің шектеулі тобына технологиялық тұрғыдан тәуелді болып қалады. Олардың қатысуынсыз жүйелерді сүйемелдеу және модернизациялау қиындайды, тіпті мүмкін болмай қалады. Ұлттық экономика министрлігінің ақпараттық жүйесі – «Кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне» қатысты жағдай бұған айқын мысал бола алады. Онда жеткізушімен өзара іс-қимыл тоқтатыла сала, әкімшілендіруді, рұқсаттарды, кілттерді бақылап, сүйемелдеуде қиындықтар туындады. Бұл мемлекеттің өз ақпараттық жүйелеріне толық бақылауын жоғалту тәуекелі барын паш етті», – деді заңгер.
Әңгіме дербес деректерді, қаржылық және қызметтік ақпаратты өңдейтін жүйелер туралы болып отырғанын ескерсек, аталған олқылықтар тек басқарушылық сипатта ғана емес, сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік пен ұлттық тұрақтылық мәселелеріне нұқсан келтіретін шетін, төтенше сипатқа ие болады. Осыған байланысты маманның пайымдауынша, бұл проблема Үкіметтен жүйелі түрде әрекет етуді талап етеді. Мұның сыртында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді (МАЖ) есепке алудың, меншікке алудың және қатаң бақылаудың бірыңғай моделін құру керек. Ол үшін жауапкершілікті нақты айқындап алу қажет. Бұдан бөлек, МАЖ-ға толық түгендеу жүргізу ұсынылды: мердігерлерге технологиялық тәуелділікте тұрған жүйелерді анықтап, ондай кіріптарлықтан арылу шешімдері қабылдануға тиіс.
Үкімет бақылауды қалай қайтарады?
Сарапшылардың бұл дабылына Үкіметте осы салаға жауапты тұлға, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жауап берді. Ол Президенттің «Қазақстандағы цифрландырудың кейбір мәселелері туралы» 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №1117 Жарлығына сәйкес, жуырда меморгандардың қолданыстағы ақпараттық жүйелеріне кешенді талдау жүргізілгенін хабарлады. Соның негізінде оларды «Электронды Үкіметтің» QazTech атты жаңа ақпараттық-коммуникациялық платформасына кезең-кезеңмен көшіру жоспары түзіліпті.
– Міне, осы QazTech платформасына көшіру мемлекеттік органдардың жекелеген жеткізушілер мен технологияларға тәуелділігін төмендетуге, сәулеттік және технологиялық тәсілдерді біріздендіруге, МАЖ-ды сүйемелдеудің ашықтығын арттыруға бағытталған. Талдау нәтижесінде мемлекеттік органдардың қолданыстағы 196 ақпараттық жүйесінің тізбесі қалыптастырылды. Соның ішінен QazTech платформасында орналастыру үшін 176 ақпараттық жүйе таңдап алынды. Қалған 20 жүйе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерінің болуына байланысты оқшауланған контурда жұмыс істеуі қажет. Сондықтан олардың бір бөлігі пайдаланудан кезең-кезеңмен шығарылады, басқасы көшіру жоспарынан шығарылды, – деді вице-премьер Жаслан Мәдиев.
Ол «кейбір мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тізгіні жекенің уысына түсіп кеткен» деген дабылға да жауап берді. ЖИ министрінің айтуынша, бөгденің ақпараттық жүйелерге қол жеткізуі, бастапқы кодтарды мемлекет иелігінде сақтау, техникалық құжаттаманың болуы және ақпараттық жүйелердің талаптарын орындау мәселелері бойынша бақылау іс-шаралары тұрақты негізде жүргізілетінін жеткізді.
Бірақ осы мақсатта 2022-2025 жылдар кезеңінде жоспардан тыс небәрі 12 тексеру ғана жүргізіліпті. Оның нәтижелері бойынша 2 заңды тұлға, 9 лауазымды тұлға және бір жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, яғни айыппұлмен құтылған.
– «Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі» ақпараттық жүйесі ақпараттандырудың сервистік моделі тетігімен сатып алынған еді. Ол бойынша мемлекеттік орган дайын бағдарламалық қамтылымды не сервисті пайдалана алады. Сервистік модель шеңберінде өнім беруші өз қаражатына бағдарламалық қамтылымды әзірлейді, оны техникалық сүйемелдейді және меморганға тиісті функционалға қолжетімділікті ұсынады. Бұл ретте меморган деректерді иелену және басқару құқығын сақтайды. Қажет болған жағдайда ғана меморган мүліктік құқықтарды, бастапқы кодтарды және техникалық құжаттаманы кейіннен мемлекетке бере отырып, бағдарламалық қамтылымды сатып алуға бастамашылық жасауға құқылы, – деді Жаслан Мәдиев.
Демек, бұл тұрғыда мемлекеттің жекеге тәуелді болып қалуының қауіп-қатері сақталғаны байқалады. ЖИ министрінің мәліметіне сенсек, сарапшылар мен депутаттар жария еткен проблемаға байланысты Үкімет пен министрлік ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру тәсілдерін қайта қарап жатыр. Сондай-ақ қазіргі уақытта дауға нысан болған «Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі» цифрлық жүйесіне мүліктік құқықтарды жеткізушіден мемлекет меншігіне беру, оның ары қарайғы дамуын қамтамасыз ету үшін жүйені «Электронды қаржы орталығы» АҚ-ына бекітіп беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны мәлім болды.
Қалай болғанда, Үкімет бұл цифрлық активтерді басқарудың ашықтығын арттыруға, жеткізушілерге технологиялық тәуелділікті төмендетуге, мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған шаралар қабылдауға бар күшін салса ғана цифрландыру ел игілігіне айналмақ.
Айхан ШӘРІП