Цифрлық кеңістіктің көрінбейтін кескіні

04.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Сарапшылардың пікірінше, кезінде кө­ліктер қоғам үшін қауіпті жаңалық ретінде қабылданған. Бірақ уақыт өте келе адамдар жол ережелерін, жаяу жүргіншілер өткел­де­рін және қауіпсіздік стандарттарын енгізіп, жаңа технологияға бейімделді. Сол сияқты қазіргі күні адамдар үшін жасанды интел­лект технологиялары да бір қауіптің бастауы секілді қабылдануы заңдылық саналады. 

Жаһандық жаппай цифрландыру үдері­сінен Қазақстан да шет қалып жатқан жоқ. Биылғы Цифрландыру және жасанды ин­теллект жылы аясында қоғамның барлық сала­сына дерлік жаңа бастамалар енгізіліп, ау­қымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мә­селен, білім жүйесінде қолданыла бас­та­ған AI-SANA бастамасы мен MIT универ­си­тетімен бірлескен Day of AI Qazaqstan бағ­дарламасын айтар болсақ, бұл жоба­лардың мақсаты – оқушыларды жасанды интеллектіні тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету, олардың цифрлық құ­зыреттерін қалыптастыру. Сала мамандары­ның пікірінше, жаңа білім беру моделі оқушылардың дайын ақпаратты жаттауынан гөрі талдау, зерттеу және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға басымдық береді. AI күрделі физикалық процестерді визуа­ли­зациялауға, химиялық тәжірибелерді мо­дель­деуге, математикалық есептердің бір­не­ше шешу жолын көрсетуге мүмкіндік береді.

Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, кез келген технология секілді жасанды интел­лектінің де көлеңкелі тұстары бар. Бү­гінде мектеп оқушысы интернетке тек са­бақ оқу үшін кірмейді. Оның күнделікті өмі­рінің едәуір бөлігі әлеуметтік желілер­мен, бейнеплатформалармен және мессенд­жерлермен тығыз байланысты. Мысалы, «Касперский зертханасы» атты халықаралық компания жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, елімізде балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Олардың 28%-ы барлық бос уақытын гаджеттерге үңілумен өткізеді. Жасөспірімдердің 74%-ы TikTok желісін, 59%-ы YouTube-ты, 57%-ы Instagram-ды бел­сенді қолданады. Сонымен қатар ата-ана­лардың 62%-ы балалардың экран уақы­тын бақылауға арналған арнайы бағдарла­маларды пайдаланбайды. Ал 4-6 жас ара­лығындағы балалардың 17%-ы интернет арқылы сауда-саттық жасайды. Сондай-ақ егер оқу үдерісі де толық цифрланса, бала­лар­дың экран алдында өткізетін уақыты бұ­рынғыдан да көбейетіні белгілі. Сон­дық­тан алдымен баланың құқығы, оның амандығы мен қауіпсіздігін бәрінен жоғары қою маңызды.

– БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ ұйымы Қазақстанның мектептерге жасанды интел­лектіні асықпай, кезең-кезеңімен енгізуін құптайды. Бұл жаңа технологиялар баланың сабақ оқуына, ой-өрісін дамытуға және за­манауи болашаққа дайындалуына көмек­тесуі керек. Бірақ ең бастысы – баланың құқығы, оның амандығы мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруға тиіс.

Бүгінде «цифрлық сауаттылық» дегені­м­із – жай ғана компьютерді қосу немесе интернетке кіру емес. Балалар бұл ақылды бағдарламалардың қалай жұмыс істейтінін, оның қандай пайдасы мен зияны барын түсінуі керек. Олар өздері туралы мәлімет­тер­ді қайда жазып жатқанын, интернеттегі ақпараттың өтірік-шынын қалай ажыратуды және бұл технологияны сабақта қалай дұрыс пайдалануды үйренуі тиіс. ЮНИСЕФ жасанды интеллект мектепте тек балаға нақты пайда әкелетін болса және қауіпсіз болса ғана қолданылуы керек деген ұста­нымды қолдайды. Сондықтан бұл жаңа­шыл­дықпен бірге баланың жеке деректерін қорғау, интернетте бірін-бірі қорлаудан (ки­бербуллинг) сақтау және өтірік ақ­па­ратқа сеніп қалмауды үйрету шаралары қатар жүруі қажет, – дейді БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілінің орынбасары м.а Раушан Ибрашева.

Себебі цифрлық кеңістіктегі қатерлер күн өткен сайын күрделеніп келеді. Ки­бербуллинг, онлайн алаяқтық, жеке дерек­тердің таралуы, интернет-тәуелділік, он­лайн груминг, тіпті жасанды интеллект кө­мегімен жасалатын жалған бейнелер мен да­уыстар – мұның бәрі баланың психо­логиялық және ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. 

Инфрақұрылым фильтрлеуге дайын, бірақ...

Соңғы жылдары халықаралық сарап­шылар балаларға төнетін ең үлкен интернет­тегі қауіптер қатарына онлайн грумингті қосып жүр. Мамандардың айтуынша, гру­минг термині психологияда бұрыннан бар. Яғни адамның сеніміне кіріп, оған мани­пу­ляция жасау процесі груминг деп аталады. Ал онлайн-груминг – осы құбы­лыстың ин­тернет арқылы жүзеге асатын түрі, яғни әлеу­меттік желілер мен мессенд­жер­лерде ба­ламен байланыс орнатып, біртіндеп пси­хологиялық ықпал ету және қысым жасау.

– Әдетте мұндай процесс бірден қауіпті сипатта басталмайды. Алдымен қарапайым таныстық, лайк басу, пікір жазу, жылы сөз айту сияқты әрекеттер болады. Уақыт өте келе әңгіме жеке сипатқа ауысады. Грумер ба­лаға жеке фотосуреттер немесе бейнежаз­балар жіберуді сұрауы мүмкін, сондай-ақ интимдік немесе жеке тақырыптарға көшуге де итермелеуі мүмкін. Кейін бұл әңгіменің «қалыпты» екенін айтып, оны ешкімге айтпауды талап етіп, қорқыту, қысым жасау әдістерін қолдануы мүмкін, – дейді  пси­холог маман Ғайни Ықылас.

Оның сөзінше, онлайн-грумер – кәме­летке толмаған баламен интернет арқылы әдейі байланыс орнатып, оның сеніміне кіріп, кейін зиян келтіруді мақсат ететін ересек адам. Бұрын мұндай әрекеттердің артында нақты адам тұрса, бүгінде жасанды интеллект олардың мүмкіндігін бірнеше есе арттырды. deepfake технологиялары адам­ның дауысын айнытпай көшіруге мүмкіндік берсе, AI көмегімен жасалған фотосуреттер мен бейнелерді қарапайым адам шынайы материалдан ажырата алмайтын жағдайлар көбейді. Автоматтандырылған чат-боттар тәулік бойы сөйлесіп, адамның мінез-құлқын зерттеп, сеніміне кіруге қабілетті. Бұл – цифрлық қауіпсіздік мәселесінің енді тек ақпараттық емес, психологиялық әрі құқықтық сипат алып отырғанын көрсетеді.

Қазір Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы норма қарастырылып жатыр. Жалпы, балаларды кибербуллингтен, интернет алаяқтарынан, онлайн грумингтен және зиянды контенттен қорғау үшін белгілі бір дәрежеде шектеулер енгізу әлемдік тәжірибеде бар. Мысалы, Аустралия 2025 жылдың желтоқсанында 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым енгізген. Қазір Ұлыбритания үкіметі де осыған ұқсас бастаманы қарас­тырып жатыр. Сондай-ақ Канада, Франция және Дания да осыған ұқсас бастамаларды әзірлеуге кіріскен. Ал Швеция мектептері iPad құрылғыларынан бас тартып, қайтадан қағаз оқулықтар мен қолмен жазуға көше бастаған. 

Шектеу туралы сөз болғанда, Раушан Ибрашеваның айтуынша, интернет сайт­тары мен бағдарлама иелерінің жауапкер­шілігі, баланың жасын тексерудің қауіпсіз жолдары, баланың жеке мәліметтерін қорғау және   құпиялылықтың түсінікті әрі автоматты түрде орнатылған параметрлері болуы керек.

– ЮНИСЕФ мұндай бастамаларды, ең алдымен, бала құқықтары тұрғысынан қа­растырады. Балаларды интернеттегі жаман нәрселерден, біреудің тиісуінен, алдап-арбаудан және сананы улайтын бағдарла­ма­лардан қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бірақ біздің айтарымыз: тек «болмайды» деп жасқа шектеу қою жеткіліксіз. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Мұндай шаралар балаларды зияннан қорғайтын, олардың жеке өмірге және қатысуға деген құқық­тарын құрметтейтін, сондай-ақ оларды реттелмейтін және қауіптірек цифрлық кеңістіктерге ысырып тастамайтын кеңірек жүйенің бір бөлігі болуы керек. Сонымен қатар ата-аналарға көмек беру және бала­лар­дың интернеттегі сауаттылығын арттыру маңызды, – деді маман. 

Дегенмен балаларды интернетте қор­ғаудың бүкіл әлемге ортақ бір ғана ережесі жоқ. Сарапшының сөзінше, Қазақстан үшін заңды қатайту, платформаларға жауапкер­шілік жүктеу ең тиімді жол саналады. Со­нымен қатар балалардың жас ерекшелігін растаудың тиімді жүйесін енгізу, оларға ұсынылатын контентті сүзгіден өткізу және қауіпті аккаунттарды жедел анықтау секілді халықаралық тәжірибелерге сүйену маңызды.

– Қазақстанға басқа елдің істегенін айнытпай көшіре салудың қажеті жоқ. Біз өзімізге ең тиімділерін таңдап, біріктіруіміз керек: мектепте балаларды интернетке баулу, олардың жеке мәліметтерін қорғау, платформаларға талап қою және осы ережелерді жасағанда балалардың өз пікірін де тыңдау маңызды, – деді Р. Ибрашева.

Ал қарсы пікірдегі сарапшылар әлеу­меттік желілерді толық шектеу техникалық жағынан да, әлеуметтік тұрғыдан да күрделі екенін айтады. Өйткені балалардың басым бөлігі жасын өзгертіп көрсету арқылы аккаунт аша алады. Оның үстіне, әлеуметтік желілер бүгінде білім алу, шығармашы­лықпен айна­лысу және қоғамдық өмірге араласудың маңызды алаңына айналған. Бұл тұрғыда көптеген маман мәселенің шешімі тыйым салуда емес, тиімді реттеуде екенін айтады. 

Елімізде балалардың әлеуметтік желі­лерге кіруін шектеу бастамасының техни­калық орындалу мүмкіндігін CyberX ком­паниясының бас директоры, ақпараттық қауіпсіздік маманы Батыржан Шақманов түсіндірді. Оның айтуынша, елімізде әлеу­мет­тік желілерді бұғаттауға қажетті барлық негізгі техникалық құрал бар.

«Техникалық тұрғыдан белгілі бір дең­гейде шектеу енгізу мүмкін. Қазақстанда IP және домен деңгейінде блоктау, трафикті баяулату (throttling), DPI сияқты құралдар бұрыннан қолданылады. Яғни «TikTok немесе YouTube-ты толық өшіру» – техника­лық жағынан орындалатын нәрсе», – дейді Батыржан Шақманов.

Алайда ол белгілі бір жас санатына ғана шектеу қою қиындық тудыратынын атап өтті.

«Бірақ  16 жасқа дейінгі балаларға ғана шектеу қою – өте күрделі механизм. Байланыс операторлары немесе интернет-провайдерлер трафик арқылы қолданушы­ның жасын көре алмайды. Ол үшін SIM-карта иесінің жасын есепке алып, балаларды бөлек санат ретінде фильтрлеу керек. Бұл – үлкен техникалық өзгерістер және қателік қаупі жоғары процесс», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, елдің инфрақұрылымы фильтрлеуге дайын болғанымен, нақтылық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету әлде­қайда қиын міндет. Сондықтан бүгінде бізге ең алдымен ақылды технология емес, сол технологияны саналы пайдаланатын ұрпақ қажет.

Тілекгүл Есдәулет

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью