Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
– Қазіргі балалар кітапханаға қаншалықты жиі келеді? Олардың кітапқа деген қызығушылығы қалай?
– Кітапханаға келіп кітап оқитын оқырмандарымыз баршылық. Әр оқырманың кітапқа деген қызығушылықтары, талғамдары әр түрлі. Барлық жұмыс оқырманның сұранысына бағытталады және жаңа кітаптар тұрақты түрде насихатталып келеді.
– Бүгінгі балалар көбіне қандай жанрларды таңдайды?
– Балалар көбіне фэнтези, комикс және жастарға арналған романдарды таңдайды. Сонымен қатар ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптарға да сұраныс көп.
– Смартфон мен әлеуметтік желі дәуірінде кітапқа деген қызығушылықты қалай сақтап қалуға болады?
Әуелі кітапхана қорына сатып алынатын кітаптарды дұрыс таңдау керек. Сондай-ақ кітап клубтарын ұйымдастыру арқылы, мәселен қызығушылықтары бір оқырмандар клубтары, достармен кітап оқу, пікір алмасу клубтары дегендей. Түрлі тақырыпта челендждер мен акциялар ұйымдастыру да тиімді. Мысалы «он кітап оқу» немесе «отыз күнде отыз бет оқу» деген сияқты акциялар тұрақты өтіп тұрады. Технологияны пайдалану яғни, электронды кітаптар мен аудио кітаптарды ұсыну, интерактифті көрмелер, фестивальдар немесе ғылыми-танымдық кітаптардың авторларымен, ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастыру да өз нәтижесін береді.
Фото: ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасы– Соңғы жылдары сізді таңқалдырған оқырман немесе оқиға болды ма?
– Әрине, бізді таңқалдыратын оқырман да, қызықты оқиғалар да көп. Менің әріптестерімді, оқу залында қызмет етқаратын қызметкерлерді таң қалдырған бір оқырман туралы айта кетейін. Басында кітапханаға үндемей келіп, тек ертегі кітаптар оқитын. Уақыт өте келе күрделі кітаптарға қызығып, ақырындап өз ойын айтып бөлісе бастады. Үндемей жүретін бала кітапханашылармен тілдесіп, ойын еркін, ашық жеткізуге тырысатын болды. Жаз соңында өткізген іс-шаралардың біріне тартқанқа сол бала көпшілік алдында сенімді сөйлеп, оқыған кітабы туралы пікірін жатық тілмен жеткізді. Бұл оқиға кітаптың баланың ойын жетілдіріп, сөздік қоры молайып, өзіне деген сенімін арттыра отырып, баланың жақсы жаққа өзгертіп, тұлға ретінде қалыптасуына кәдімгідей ықпалы бар екенін көрсетті.
– Кітапхана Жасанды интеллект жылында қандай жаңа жобалар немесе іс шаралар өткізуді жоспарлап отыр?
– Балаларға отырып, үңіліп кітап оқыта алмай жатқан мына технология дамыған заманымызда кітапханаға жасанды интелектті етене енгізіп жіберу тиімсіз. Алайда насихаттау, жарнамалау бағытында кітапхана қызметкерлері шығарма желісімен мәтінді жасанды интеллект арқылы кітап кейіпкерлерін жандандыру және дауысты аудиоға айналдыруға кірісіп кетті. Жаңа цифрлық ресурстарды ілгерілету, интерактивті кітап оқу платформаларын және жаңашыл оқу жобаларын енгізуді көздеп отырмыз. Әлеуметтік желідегі парақшалар, онлайн курстар және вебинарлар арқылы балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында жасанды интелекпен жұмыс жүргізіп отырған өлкетану орталығының қызметкерлерін, көпшілік іс-шараларды іске асыратын орталықты, оқырмандарға қызмет көрсету орталығын, кітапхана жұмыстарын автоматтандыру орталығын атап өтуге болады.
Фото: ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасы– Егер балаларға бір ғана кітап оқуға кеңес беру керек болса, қайсысын ұсынар едіңіз?
– Жалпы, кітапханамызда кітап қоры мол. Бір кітаппен шектелуге келмес. Оқырмандардың жас ерекшеліктеріне қарай балаларға танымдық, ертегі кітаптарды және «Ата мұра», «Өнегелі ертегілер», Т. Бейсембектің «Зерек бала», Ж. Шағатайдың «Бірінші сыныптың баласы» кітаптарын ұсынуға болады. Орта буын оқырмандарға С. Досжанның «Біртуар» шығармасын, «Ауылдан шықан миллионер» хикаятын, І. Есенберлинің «Қаһар» романын, Т. Әбдіктің «Парасат майданы» шығармаларын оқуға кеңес берер едім. Жоғарғы сынып оқушыларына және жасөспірімдерге Қаныш Сәтбаевтын «Ғылыми майдан», Д. Исабековтын «Қарғын», «Сынықшы», Қ. Жұмаділовтің «Тағдыр», А. Орақпаевтің «Мүмкіндік», «Сенің қамқор ағаң» кітаптарын ұсынамын.
– Сіздің ойыңызша, кітап адамды қалай өзгертеді?
– Кітаптың берері көп қой. «Артық білім кітапта» деп бекер айтылмаған. Ең бастысы, оқырманың білімі ұшталады, шығармашылық қабілеті дамиды, мәдениеті, адами қасиеттері артады. Сондай-ақ сөздік қоры кеңейіп, ең соңында тұлға болып қалыптасыуына зор ықпал ететіні ғылыми тұрғыда да дәлелденген.
Фото: ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасы– Ұлттық кітап күніне орай, оқырмандарға және кітап сүйер қауымға айтар тілегініз?
– Кітап – білімнің бастауы, рухани байлықтың қазынасы. Әрбір оқылған кітап — жаңа әлемге ашылған есік, жаңа ой мен жаңа мүмкіндік. Осы мерекеде оқырмандарға оқуға деген қызығушылықтарыңыз арта берсін, кітаппен дос болудан жалықпаңыздар, әр беттен шабыт пен пайдалы білім таба беріңіздер деп тілеймін. Кітап сіздердің сенімді серіктеріңізге айналып, өмір жолдарыңызға жарық нұр сыйласын!
Еске салсақ, осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлттық кітап күнімен құттықтағаны хабарланған.