Цифрлық теңге арқылы табыс табуды ұсынғандарға сенбеңіз Ұлттық банк

30.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Ведомствоның хабарлауынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «цифрлық теңге мемлекеттік инвестициялық жобасы» туралы жалған жарнамалар белсенді таралып жатыр.

– Алаяқтар азаматтарды қысқа мерзім ішінде жоғары табыс табуға болатынына сендіріп, мемлекет пен Ұлттық Банк атынан кепілдік берілетінін алға тартады. Осы арқылы олар пайдаланушыларды фишингтік сайттарға бағыттайды, – деп хабарлады Ұлттық Банк.

Аталған схемаларда «шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген желеумен адамдарды жалған жобаларға ақша салуға итермелейді. Сонымен қатар жалған платформаларда «өсіп жатқан пайда» көрсетілетін жеке кабинеттер жасалып, азаматтарды қайта инвестиция жасауға көндіреді.

Ұлттық банк цифрлық теңге ұлттық валютаның цифрлық нысаны және заңды төлем құралы екенін атап өтті.

– Цифрлық теңге инвестициялық құрал болып табылмайды және табыс табуға арналмаған, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты азаматтарға интернеттегі күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сақ болу ұсынылды. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру қажет екені ескертілді.

Сондай-ақ Ұлттық банк дербес деректерді жария етпеуге, SMS-кодтар мен банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге және үшінші тұлғаларға ақша аудармауға шақырды.

Ведомство өкілдері Ұлттық банк қызметкерлері аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін және инвестициялық ұсыныстар жасамайтынын атап өтті.

Алаяқтық фактілеріне тап болған жағдайда азаматтарға құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Қосымша ақпарат алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі де жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертті.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью