Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Шымкентте «Coca-Cola» брендімен қолдан жасалған контрафактілік өнімдерді анықталды.
Әділет департаментінің хабарлауынша, қала базарларында жоспардан тыс тексеру жүргізуге құқық иеленуші – «The Coca-Cola Company» компаниясының ресми өтініші негіз болды. Компания өздерінің айрықша құқықтарының бұзылғаны және қала сөрелерінде шығу тегі күмәнді өнімдердің пайда болғаны туралы мәлімдеген.
Тексеру барысында контрафактілік салқындатқыш сусындардың ірі партиясын сату дерегі расталды. Өнімдерде қолдан жасау белгілері, таңбалау стандарттарының бұзылуы және құқық иеленушінің тиісті рұқсат құжаттарының болмағаны анықталды.
Анықталған деректер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы ("Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін соларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану") бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Іс материалдары сотқа жолданды.
Ведомство атап өткендей, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау – басым міндет. Контрафактілік өнім құқық иеленушілерге экономикалық нұқсан келтіріп қана қоймай, сонымен қатар санитариялық нормаларды сақтамай өндірілетіндіктен, тұтынушылардың денсаулығына да қауіп төндіретінін ескертеді.
Шымкент қаласының Әділет департаменті кәсіпкерлерге контрафактілік тауарларды сатқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертеді және мұндай тексеру іс-шаралары жүйелі түрде жалғасатынын хабарлайды.