Cтуденттер неге жұмыс істейді?

16.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Сурет: inbusiness.kz

Студенттерді еңбек етуге мәжбүр ететін ең бірінші себеп – қаржылық тәуелсіздік пен оқу ақысының салмағы. Былайша айтқанда, білім алушы ата-анасына салмақ салмай, өз қолы өз аузына жеткенін қалайды. Бүгінде Алматы, Астана сынды мегаполистердегі білім ордаларының бағасы едәуір өскен. Жоғары оқу орындарындағы ақылы бөлімнің құны орта есеппен 1 млн 200 мың теңгеден басталады. Бұл соманы 9 айлық оқу мерзіміне бөлгеннің өзінде, әр айға 130 мың теңгеден келеді. Оның үстіне жатақхана немесе пәтер ақысын қосыңыз. Міне, осындай жағдайда жастар отбасылық бюджеттің жүгін жеңілдетіп, өз оқуын өзі қаржыландыруға ұмтылады.

«Мемлекеттік грантта оқитындарда уайым жоқ» десеңіз, қателесесіз. Бүгінде студенттердің стипендиясы 52 мың теңгені, ал жоғарылатылған түрі 60 мың теңгенің айналасында. Қазіргі нарықта бұл қаражат азық-түлік, жолақы мен кеңсе тауарларынан артылмайды. Ал жастардың киім-кешек, ойын-сауық сынды жеке қажеттіліктері, сондай-ақ өзін-өзі дамытуға арналған  курс­тары бар. Бұл шығындарды өтеу үшін қосымша табыс көзін іздеу заңдылыққа айналды.

Тұрмыстық жағдайдың өзгеруі де студенттерді ерте табыс табуға мәжбүр­лейді. Жатақхананың шуы мен қатаң тәртібінен гөрі, жеке пәтерде тұруды жөн көретіндер қатары көп. Оған Астана қаласында оқитын 3-курс студенті Асылжан Насиполланың тәжірибесі дәлел:

«Университетке түскен соң алғашқы екі жылда жатақханада тұрдым. Бірақ үшінші курста жеке пәтерге көшуді жөн көрдім. Өйткені сабақтан тыс уақытта жұмыс істеймін, ал жұмысым кеш аяқталғандықтан, жатақхананың бекітілген кестесіне үлгермей қалатынмын. Әрине, пәтерге ауысқан соң коммуналдық төлемдер, азық-түлік және күнделікті тұрмыстық шығындар пайда болды. Қазір осы қажеттіліктерімді өзім өтеу үшін еңбек етіп жүрмін»,  дейді Асылжан.

Қазіргі таңда бас қалада пәтер жалдау ақысы 150 мың теңгеден басталатындығын ескерсек, бұл – жастар үшін жұмыс істеуге үлкен себеп. Тіпті ата-анасымен бірге тұратын, тұрмыстық таршылық көрмейтін студенттердің өзі жұмыссыз қарап отырмайды. Олар саяхаттау, көлік алу немесе жеке бизнес бастау сынды үлкен армандары мен мақсаттарына өз күшімен қол жеткізгісі келеді.

Бүгінде студенттер арасында физи­калық күшті қажет ететін қызметтер кең таралған. Көбіне жастар курьер, даяшы, құрылысшы сияқты жұ­­мыс­­тарға ұмтылады. Алайда, мұндай ауыр жұмыс адамның ден­сау­лығына кері әсер етіп, ұйқы режімін бұза­­­­ды. Ал ұйқысы қанбаған студенттің сабаққа ын­тасы мен қызығушылығы төмендейтіні белгілі.

Сондықтан мамандар студенттерге күшті тек қара жұмысқа сарқымай, болашақ кәсіби дағдыға сеп болатын, шығармашылық бағыттағы 4–5 сағаттық онлайн немесе қашықтықтан жұмыс істеу түрлерін таңдауды ұсынады. Мәселен, қазіргі таңда менеджерлік, репетиторлық, SMM немесе мобилография қызметтері де өте өзекті.

Осы ретте ҰБТ-ға онлайн дайындау орта­лығында куратор болып жұмыс істей­тін Шахназ Есенгелді өз тәжірибесімен бөлісті:

«Бұл орталықта куратор болып жұмыс істеп жүргеніме бір жылдан асты. Студент ретінде маған бұл қызметті оқумен қатар алып жүру еш қиындық тудырмайды. Университеттегі дәрістерімнен кейін онлайн форматта оқушылармен байланысқа шығамын. Бұл жұмыс маған тұрақты табыс әкеліп қана қоймай, жаңа орта қалыптастыруыма, тұлғалық тұрғыдан өсуіме септігін тигізді. Болашақ түлектермен жұмыс істеу маған ерекше шабыт береді. Олардың өміріндегі маңызды белестен өтуіне көмектесе алатыныма қуанамын. Ең бастысы, бұл қызмет менің кәсіби дағдыларымды ерте шыңдауға зор мүмкіндік берді», дейді Шахназ.

Шахназдың сөзінен бүгінгі жастардың бойында тек ақша табу ғана емес, сонымен бірге білімімен бөлісу, кәсіби қабілетін арттырып, өз потенциалын ашуға деген талпыныс бар екенін аңғарамыз.

Бұдан шығатын ой – студенттің ең басты міндеті сапалы білім алу екенін ұмытпаған жөн. Егер оқудан тыс артық қуаты мен икемді кестесі болса, сабаққа кедергі келтір­­мейтін жұмыс істегені құба-құп. Ең бас­тысы – оқу мен жұмыс арасындағы алтын көпірді тауып, теңгерімді сақтай білу, төрт жылдық құнды білімді текке өткізіп алмау.

Зарина ТАЙЛАҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 2-курс студенті

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью