Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 10 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов қарапайым сұраққа жауап бере алмаған басшыға ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметтің бүгінгі отырысында тұрғын үй құрылысы саласын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. "Бәйтерек" ұлттық холдингі төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов үлескерлік қатысу келісімшарттары тіркелетін Qazreestr.kz жайында айтты.
Оның айтуынша, бүгінде порталда 200 мың келісімшарт, 170 құрылыс компаниясы мен 17 әкімдік тіркелген. Осы орайда премьер тіркелмей жатқан үш әкімдікті атауды сұрады.
"17 өңір қосылды дейсіз, қалған үшеуі қайда? Кім қосылған жоқ? 17 әкімдік қосылды, қалған үшеуі қайда?", - деді Бектенов.
Айдапкелов баяндамасын тағы бір қарап, ондай ақпаратты таба алмады.
"Бұл ақпаратты қосымша берсек бола ма? Бүгін алмаған едім…", - деп өтінді.
Оған үкімет басшысы: "Дайындалу керек дұрыстап… Отырыңыз",-деп қысқа ғана қайырды.