Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Өткен аптадан бері Қазақстанның барлық өңірінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен «Дала дәмі» ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өткен аптада жәрмеңкеде ел бойынша 2 мың тоннадан астам тауар саудаланған. Ал осы демалыс күндері өтетін «Дала дәмі» жәрмеңкесіне шығарылған отандық ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 2 есе артып, 3 жарым мың тоннаға жуық өнім саудалануда.
Астана қаласында өтіп жатқан «Дала дәмі» жәрмеңкесіне осы демалыста Абай, Маңғыстау және Алматы облыстарының шаруалары қатысып, өнімдерін ұсынуда. Ал Алматы қаласында бір мезетте 4 нүктеде ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелерде 600 тонна ауылшаруашылық өнімі сатылып жатыр. Елдегі ең үлкен жәрмеңкелердің бірі Шымкент қаласында өтіп жатыр. Онда фермерлер 500 тоннадан астам өнім әкелген.
«Дала дәмі» жәрмеңкелерінде етке сұраныс жоғары. Сондықтан шаруалар сиыр, жылқы, қой және құс етінің кең ассортиментін ұсынуда. Мәселен Қарағанды облысындағы жәрмеңкеге 52 тонна сиыр еті сатылуда. Астана қаласында тұрғындар Абай облысының шаруалары әкелген сиыр және жылқы етінің келісін 3500 теңгеден сатып алуда. Өзге өңірлердегі «Дала дәмі» жәрмеңкесіндегі ірі қара мал етінің бағасы да осындай. Мәселен Қостанайдағы жәрмеңкеде сиыр етінің келісі 3200-3500 теңгеден, жылқы мен қой етінің келісі 3000 теңгеден бастап сатылуда.
«Дала дәмі» жәрмеңкелері өткен аптадан бастап еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырыла бастады. Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – шаруалар ауылшаруашылығы өнімін делдалсыз тікелей сатады. Одан бөлек жәрмеңкеге бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары шығарылады. Жәрмеңкедегі орындар шаруаларға тегін беріледі. Баға нарықтағы бағадан кемінде 20 пайызға дейін төмен.
Жәрмеңкелер қазақстандықтардың тағатсыздана күтетін сауда форматына айналған. Биылғы қыркүйектен бастап елдегі жәрмеңкелер «Дала дәмі» деген ортақ атаумен ұйымдастырылуда.
«Жәрмеңке халық үшін сауданың жақсы орталығы болып тұр. Демалыс күндері келеміз. Бағасы төмен. 5-10 мың теңге болса да үнемдейміз. Сонда халық қаншама қаржысын үнемдеп жатыр», - деді Ақтау қаласының тұрғыны Сәбит Сапарғұл.