Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Соғыстан кейінгі шарттар
Тарихшының айтуынша, отырықшы мемлекеттерде соғыс көбіне нақты шарттармен аяқталған.
– Көшпелілердің дипломатиясының отырықшы елдердің дипломатиясынан айырмашылығы көп болады. Отырықшы елдер арасындағы соғыс әрекетінен кейін бітім шарты жасалады. Шартқа сай жеңген жақ жеңілген жаққа контрибуция – соғыс шығынының өтемақысын өндіріп алады, салық төлетеді. Аннексия – жаулап алған жердің бір бөлігін жеңген жақтың өзіне қосып алуы, - дейді Еділ Ноянов.
Көшпенділердің соғыс тактикасы
Ал көшпелі қоғамда мұндай тәжірибе болмаған. Себебі олардың өмір салты өзгеше еді. Көшпенділер тұрақты қалалар мен бекіністерге тәуелді болмағандықтан, соғыста ерекше тәсіл қолданған.
– Көшпелілердің өмір сүру салтына байланысты оларда отырықшы халықтардай елді мекендері – қала, қоныстар болмады. Сол себепті көшпелілер күші, саны басым жаулап алушыларды елдің ішкері жағына дейін шегіну арқылы кіргізіп алып, артынан қарымта соққы беру арқылы өз жерінен қайта қуып шығып отырған, - дейді тарихшы.
Оның сөзінше, мұндай тәсіл тарихта бірнеше рет қолданылған.
Фото: Еділ Нояновтың жеке мұрағатынан– Мұндай жағдай парсы патшасы І Дарийдің скифтерге жорығы, Кир патшаның Томирис патшайымы басқарған сақ-масагеттермен қақтығысында, Қытайдағы Хан әулеті негізін салушы Гаоди императордың Ғұн билеушісі Мөде тәңірқұт әскерімен қақтығысында орын алғаны тарихтан мәлім, - деп нақтылайды ол.
Аманат дәстүрі
Көшпенділер дипломатиясының басты ерекшеліктерінің бірі – аманат беру дәстүрі болған.
– Көшпелілер өзара қақтығыстары мен соғыстары нәтижесінде жеңілген жақтың билеушісі жағдайды мойындап, қарымта соққы жасамауға уәде беріп, жеңген жаққа билеушінің өзінің ең жақын адамын, көп жағдайда ұлдарын аманатқа беру арқылы келісімге келген, - дейді Еділ Ноянов.
Бұл тәсілдің мақсаты – болашақта қайта соғысудың алдын алу.
– Бұл жағдай жеңілген жақтың уақыт өте келе күш жинап, өзінен басым түскен жауына қарымта соққы бермес үшін жасалған, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты.
Еділ Нояновтың айтуына қарағанда, тарихта мұндай шарттардың ерте кезеңдерден-ақ кездеседі.
– Мұндай шарттың тарихта алғаш кездесуі жайлы қытай тарихшысы Сыма Цяннің «Шицзи (Тарихи жазбалар)» атты шығармасында жазылған. Б.з.б. ІІІ ғасырдың басында Ғұн билеушісі Тоумынның Юечжи тайпасынан жеңіліп, өзінің үлкен ұлы Мөдені аманатқа бергені белгілі, - дейді ассистент-профессор.
«Масқара бітім»
Аманат беру дәстүрі кейінгі ғасырларда да жалғасын тапқан.
– Келесі бір осындай бітім шарты 1957 жылы Сығанақ қаласы түбінде «Көшпелі өзбектер мемлекеті» билеушісі Әбілқайыр ханның қалмақ билеушісі Үз Темір тайшыдан жеңіліс тауып, өзінің үш жасар немересі Мақмұдты аманатқа беруімен байланысты. Бұл тарихта «Масқара бітім» атымен қалған, - дейді ол.
Қазақ хандығы және сыртқы саясаттағы айла
Көшпенділер дипломатиясын өзге мемлекеттер де жақсы түсінген.
– Көшпенділер дипломатиясын сырттай жақсы білетін Москва мемлекетінің билеушісі Борис Годунов қазақ ханы Тәуекелдің інісі Ораз Мұхамедті алдап қолға түсіріп, екі ел арасында байланыс орнатпақ болған. Сұлтанның статусы аманат жағдайында болған, - дейді Еділ Ноянов.
Тәуекел хан оны қайтаруға тырысқан.
– 1594 жылы Тәуекел хан Құл-Мұхаммед бастаған елші жіберіп, інісін елге қайтаруға әрекет жасаған, - дейді ол.
Тарихшы аманатқа берілгендердің тағдыры әртүрлі болғанын айтады.
– Аманатқа берілген хан ұрпақтарының барлығының тағдыры бірдей жақсы аяқтала бермеген. Тәуке ханның Жоңғар мемлекетіне аманатқа берілген бір ұлын жоңғарлар Будда дінін қабылдатып, «тағдырына балта шапқан», - дейді ол.
Сонымен қатар Ресей империясы да осы тәсілді қолданған.
Коллаж: Kazinform/ Nano banana– 1731 жылы Ресей бодандығын мойындаған Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың сертінде тұруын қадағалау үшін орыс патшайымы Анна Иоанновна ханның бір баласын аманатқа беру шартын қойған, - деп түсіндірді тарихшы.
Төле би және бейбіт дипломатия
Қиын кезеңдерде бұл тәсіл бейбітшілікті сақтаудың құралына айналған.
– «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Ұлы Жүздің төбе биі Төле би Жоңғар мемлекетіне баласын аманатқа беріп, екі ел арасындағы бейбітшілікті сақтауды жолға қоя білген, - дейді Еділ Ноянов.
Оның айтуынша, мұндай аманаттардың кейбірі кейін елге қызмет еткен.
– Тәуке ханның аманатта болған баласы Жолан бірнеше тілді меңгеріп, елге оралғаннан кейін елші қызметін атқарып, Қазақ хандығы мен Жоңғар мемлекеті арасындағы бейбітшіліктің сақталуына үлкен үлес қосқан, - дейді ол.
Тарихшы Жолан Төлеұлының тұлғасына да тоқталды. Сондай-ақ, оның есімі тарихи деңгейде жаңғырып келеді.
– Жолан Төлеұлы – қазақ тарихындағы көрнекті батыр, Төле бидің ұлы, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен тарихи тұлға. Оның ұрпақтары бүгінге дейін жеке ру ретінде сақталған. 2025 жылы Жолан батырдың 350 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп, оның аты қазақ тарихында жаңаша танылды, – дейді Еділ Ноянов.
Еске салайық, бұған дейін қазақтардың қаза мен қайғыны қалай еңсергені туралы жазғанбыз.