Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Жетісу облысында теміржол бойындағы жазық далада төрт жасар бала жалғыз қалған. Жүк пойызының машинисі қозғалыс кезінде баланы байқап қалып, құрамды тоқтатып, оны кабинаға мінгізіп алды. Оқиға видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz КТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бала станцияға қарай бет алған
Оқиға 20 қыркүйек күні сағат 12:30 шамасында Сарыөзек – Үштөбе теміржол учаскесінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған.
Жүк пойызының машинисі теміржол маңында, Айнабұлақ станциясына қарай айдалада жалғыз кетіп бара жатқан төрт жасар баланы байқаған.
Пойыз сағатына 38 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Машинист қызметтік тежеуді қолданып, құрамды тоқтатып, баланы локомотив кабинасына алған.
Ол болған жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған. Пойыз тоқтағаннан кейін бала Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырылған. Қызметкер баланың ата-анасымен байланысқа шықты.
Төрт жасар баланың теміржол маңындағы жазық далада қалайша жалғыз қалғаны туралы мәлімет хабарламада нақтыланбаған.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу