Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Атырау облысында ауыл балалары үшін иен далада мектеп салынды. Жаңа ғимараттың елді мекеннен қашықтығы сондай, оқушылар сабаққа бару үшін ұзақ қашықтыққа жүгіруге мәжбүр. Ал қалыпты жолдың жоқтығынан автобус бөлу мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында жаңа мектеп құрылысына жауапты болғандардың нені көздегенін айту қиын. Бірақ қазіргі көрініс мынадай: оқушыларға арналған жаңа, жайлы әрі әдемі ғимарат құла дүздің ортасында бой көтерген, делінген сюжетте.
"Өте алыс, арақашықтығы 3 шақырым 450 метрді құрайды. Бала жаяу жете алмайды. Тіпті жаяу жүргеннің өзінде жолға бір жарым сағаттан астам уақыт кетеді. Оның үстіне бала қауіпсіз асфальт жолмен жүрмейді!" – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Бұл тағы бір назар аударарлық жайт. Мектептің алыстығы аздай, оған баратын жол – қара жол. Үлкендер балалардың өміріне алаңдаулы, өйткені жол бойында жарық жоқ, ал ауыл сыртында қаңғыбас иттерден бөлек, жабайы аңдар да кездесуі мүмкін, деп атап өтілген материалда.
"Тұман болады, неше түрлі жағдайлар бар. Баланың өміріне қауіп төніп тұр. Жарық жоқ, ештеңе жасалмаған. Барлық жағдай жасалмайынша, мектептің ашылуына жол бермеуіміз керек еді, бұл біздің қателігіміз болды. Балалар теміржол бойындағы ескі мектепте оқи беруі керек еді. Қазір балаларымыздың өміріне қауіп төніп тұр деп есептейміз", – деп түсіндірді тағы бір тұрғын.
Күзгі ұзақ жаңбыр мен қыс басталғанда жағдайдың не боларын жұрт елестетуден қорқады. Үлкендердің өзіне мектепке жету оңай емес, балаларға тіпті қиын. Жергілікті халық биліктен автобус бөлуді сұраған, бірақ "жол талапқа сай емес" деген желеумен бас тартылған. Жергілікті білім бөліміндегілер бұл жағдайда өз беттерінше ештеңе істей алмайтындарын мойындады.
"Осы мәселелердің барлығы, ата-аналардың қашықтыққа байланысты балаларының мектепке бара алмай жатқандығы туралы шағымдары хатталып, тиісті органдарға жолданады. Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімінде бұл мәселені өз күшімен шешу тетігі жоқ. Сондықтан біз облыстық білім басқармасына бұл мәселе бойынша тағы да ұсыныс дайындап жатырмыз", – деді Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы Жігер Жанқанов.
Ауыл тұрғындары балаларының білімге барар жолының неге кедергілер алаңына айналғанын анықтауды талап еткен. Олар ата-аналар балаларының өміріне алаңдамай сабаққа жіберуі үшін жол, жарық және тасымал мәселесін шешуді сұрайды.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу