Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Атырауда маса мен бытықананың көбейіп кетуіне байланысты тұрғындардың шағымы күн сайын артып келеді. Облыстық Telegram-чаты тұрғындардың наразылық пікірлеріне толы.
«Әкімдік улау жұмыстары кестеге сай жүргізіліп жатыр дейді. Бірақ біз тұратын Лесхоз ықшамауданында бірде-бір рет улау жүргізілген жоқ», – дейді тұрғындардың бірі.
Ал Геолог ықшамауданының тұрғыны Бибігүл Сарғалиева:
- Геологта неге дезинфекция жасалмайды? Далаға шығу мүмкін емес. Бытықана мен маса қаптап кетті. Балаларды түнімен шағып тастайды, денелері қышып, ұйықтай алмайды, – деп жазған.
Тұрғындардың тағы бірі бюджеттен маса мен бытықананы улауға қаржы бөлінген-бөлінбегенін сұрайды.
Самал ықшамауданының тұрғыны Шынар да мәселенің әлі шешілмегенін айтады:
«Самалда жағдай өзгермеді. Маса мен бытықана қашан уланады? Далаға шығу мүмкін емес. Мұнайлы Атыраудың қарапайым масаны жоятын мүмкіндігі жоқ па?», – дейді ол.
Осы мәселеге байланысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі масаға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат таратты. Алайда хабарламада бытықана мәселесі туралы да, бюджет жайлы да ештеңе айтылмаған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, соңғы күндері жауын-шашынның жиілеуі және теңіз жақтан соққан жел масаның жаппай көбеюіне әсер еткен. Осыған байланысты дезинсекциялық жұмыстар күшейтілген.
Қаладағы өңдеу жұмыстарын «AG Disinfection Services» ЖШС жүргізуде. Мекеме мәліметінше, дезинсекция күн сайын сағат 22:00-ден 02:00-ге дейін өткізіледі. Қазір жұмыстар күшейтілген режимде тәулігіне 3–4 рейспен атқарылуда.
Компания өкілдерінің айтуынша, масамен күрес үш кезең бойынша жүргізіледі. Өңдеу кезінде «Агран», «Мистраль», «Фаскон», «Сольфак» және «Циперметрин» препараттары қолданылады.
Сондай-ақ Ерік көпірі мен Атырау мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқан «Сасықсай» аумағында дрондардың көмегімен өңдеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар масалардың көбею қарқынына қарай аптасына 1–2 рет ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістері, су айдындары мен батпақты аумақтар да өңделуде. Дезинсекциялық жұмыстар жаз бойы жалғасады.
Алайда, кей тұрғындар әзірге жұмыстардың әсерін аса байқамайтынын айтады. Енді бірі мүлде пайдасын көрмей отырмыз дейді.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 00:58