Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 16 маусым - Sputnik. Ақмола облысының арнайы прокурорлары "Центр плова Loft" кафесіндегі өрт фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.
Дәмхананы жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізуді жүзеге асырған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.
"Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігімен (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) және 306-бабының 3-бөлігімен (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды", - деп жазылған хабарламада.
Арнайы прокурорлар қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мен орын алған ауыр зардаптардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланысты анықтады.
Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 26 ақпанында газ баллонының жарылуы және одан кейін өрт шығу оқиғасы орын алған болатын. Нәтижесінде 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Сондай-ақ ғимарат иесіне аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді.