Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Медициналық қателіктер тіпті әлемнің үздік клиникаларында ең танымал дәрігерлердің де тәжірибесінде болып тұрады. Бірақ пациенттердің қауіпсіздігі нақты бір маманның біліктілігіне ғана емес, жүйенің олқылықтарды ашық мойындап, олардың себептерін талдауға және мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін жұмыс барысын өзгерту қабілеттілігіне байланысты. Медициналық көмек сапасы жөніндегі сарапшы Айнұр Айыпханова Tengri Health авторлық бағанында қателіктерді жасыру медицинаға деген сенімді қалай тежейтінін түсіндіреді.
Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күні: ол не үшін қажет?
17 қыркүйек – Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күні. Оны 2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мемлекеттер, медициналық ұйымдар, медицина мамандары, пациенттер мен олардың отбасыларының назарын денсаулық сақтау саласындағы алдын алуға болатын зиянның профилактикасына аудару үшін бекіткен.
2026 жылғы Дүниежүзілік пациенттер қауіпсіздігі күнінің тақырыбы – "Инфекциялық емес аурулар кезіндегі қауіпсіз көмек". Оның мақсаты – өмір бойы қауіпсіз медициналық көмек көрсетуді ілгерілету.
Бұл әсіресе адам денсаулық сақтау жүйесімен жылдар бойы байланыста болатын онкология, жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет және басқа да жағдайлар үшін аса өзекті.
Бұл жол неғұрлым ұзақ әрі күрделі болған сайын, ақпарат жоғалуы, диагноз кешігуі, дәрі-дәрмек қате немесе кешіктіріліп тағайындалуы мүмкін тұстар да көбейе түседі, салдарынан пациент қажетті көмексіз қалуы ықтимал.
Қателіктер қалай медицинаға деген сенімсіздікті тудырады?Қазақстанның кез келген қаласындағы қалалық аурухананың немесе емхананың әдеттегі таңын елестетіп көріңізші. Дәліздер адамға толы. Дәрігерлер бір уақытта компьютердегі жазбаларды қарап, тексеру жүргізіп немесе палаталарды аралап жүр. Мейірбике ісі мамандары телефон қоңырауларына жауап бере отырып, бір-біріне жұмыс ақпаратын жеткізіп жатыр.
Әр пациенттің өз тарихы, жағдайы және медициналық көмекке деген өзіндік мұқтаждығы бар. Маманның алдында ондаған міндет тұр және олардың әрқайсы адам өміріне қатысты.
Мұндай жағдайда біз қорқатын нәрсе болуы мүмкін: бірдеңені байқамай қалу немесе мүлт кету. Бұл – кушеткада пациент ретінде, өз диагнозын немесе медициналық процедураны күтіп отұрған адамның қорқынышы.
Медициналық көмек көрсету кезінде қателіктер шынымен де болып тұрады.
Адам бірнеше ай бойы дәрігерлерге шағымданып, тексерулерден өтіп, ем алады, бірақ аурудың маңызды белгісі назардан тыс қалады. Ақыры диагноз қойылғанда, оның қатерлі ісік екені, бірақ аурудың қазірдің өзінде төртінші сатыға өткені анықталады.
Әлемде нені медициналық қателік деп санайды және олардың қандай түрлері болады?Жалпы, не медициналық қателік деп есептеледі?
АҚШ Медицина институты оны жоспарланған әрекеттің ойластырылғандай орындалмауы немесе мақсатқа жету үшін қате іс-қимыл жоспарын пайдалану деп анықтайды.
Басқаша айтқанда, қателік тиісті әрекетті жасамаудан немесе қажетсіз әрекетті жасаудан туындауы мүмкін.
Мынаны түсіну маңызды: медициналық қателіктер туралы әңгіме – бұл "жаман дәрігерлер" туралы сөз емес. Дамыған елдердің медицинасында мұндай анықтама бұдан былай қолданылмайды.
"Қателік" деген таңбаның орнына "қолайсыз оқиға" (adverse event) термині қолданылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қолайсыз оқиғаны пациентке зиян келтірілген немесе зиян келуі мүмкін болған инцидент деп анықтайды.
Фото: © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Жиі кездесетін инциденттердің арасында мыналар белгілі:
дәрі-дәрмек тағайындау мен қабылдаудағы қателіктер, хирургиялық қателіктер, пациентке ауруханаішілік инфекция жұқтыру, диагностикалық қателіктер (қате немесе уақтылы қойылмаған диагноз), медициналық мекеме қабырғасындағы пациенттердің құлауы мен жарақат алуы, пациентті дұрыс сәйкестендірмеу ("науқастарды шатастырып алу"), қауіпті қан құю (қан препаратын сапасыз тексеру салдарынан инфекция жұқтыру). Мәселенің ауқымы қалыптасқан түсініктен әлдеқайда кеңДДСҰ мәліметтері бойынша, медициналық көмек көрсету кезінде әрбір оныншы пациентке зиян келеді, сонымен қатар бұл зиянның жартысына жуығының алдын алуға болады деп есептеледі. Және бұл тек Қазақстанның немесе ресурстары шектеулі елдердің ғана мәселесі емес.
Осы тақырып бойынша АҚШ-та 35 жыл бұрын жүргізілген ең танымал зерттеулердің бірінде ауруханаға жатқызу жағдайларының 3,7 пайызында жағымсыз оқиғалар анықталған, ал жұмыс авторлары бұл оқиғалардың шамамен 28 пайызын медициналық немқұрайдылықпен байланыстырған.
Содан бері медицина айтарлықтай өзгерді. Электрон медициналық карталар, заманауи технологиялар, клиникалық хаттамалар, аккредиттеу және тәуекелдерді басқару жүйелері пайда болды.
Бірақ бір нәрсе өзгеріссіз қалды: медицина – әлі де адамдар жұмыс істейтін күрделі жүйе. Бізде, адамдарда, күйзеліске толы күндер, ұйқымыз қанбаған сәттер, әріптес дәрігерлердің бірі жұмысқа шықпай қалып, ауысымда аз болып, екі жаққа "жүгіретін" жағдайлар болады.
Бұл жағдайлар күн сайын, әр ауысымда өзгеруі мүмкін және қателік ықтималдығы бірде (қауіп факторларына байланысты) артып, бірде (жүйелі қорғаныс шараларының арқасында) төмендеп отырады.
Қателіктер әлемнің ең үздік ауруханаларында да, керемет мансабы мен беделі бар танымал хирургтарда да болып тұрады. Медициналық ұйымдар қателіктерден сабақ алу үшін оларды ашық анықтауы тиіс.
Айнұр Айыпханова
Медициналық көмек сапасы және пациенттер қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы
Дамыған медициналық ұйымның артта қалған ұйымнан ең басты айырмашылығы - ұжымдағы ахуал және медициналық қателікке деген көзқарас: ол жазалаушы ма, әлде жоқ па.
АҚШ-та қателіктер қалай талданады және авиацияның бұған қандай қатысы бар?Мұнда мынаны ашық айту маңызды: ешкім таңертең жұмысқа барып, медициналық қателік жасау үшін оянбайды. Олар, әдетте, қасақана жасалмайды.
Оның үстіне, қателік міндетті түрде зиян келтіре бермейді. Кейде ол уақытында байқалып жатады.
Мысалы, мейіргер тағайындау парағында қате доза көрсетілгенін көріп, дәрігерден нақтылайды, ал дәрігер оны препаратты енгізгенге дейін түзетеді. Бұл да - инцидент, тіпті оның алдын алған күннің өзінде, ол зиян келтірілген жағдай сияқты маңызды талдау мен іс-қимылды қажет етеді.
АҚШ денсаулық сақтау жүйесінде медициналық инциденттерге осындай көзқарас қалыптасқан. Бұл тәжірибе авиациядан алынған, өйткені жалпы әлемдік әуекомпаниялары авиация қауіпсіздігінде орасан зор ілгерілеушілікке қол жеткізді.
Мақсат - болмаған қателіктерден ("сәл қалған қателіктерден") де, болған қателіктерден де байыпты сабақ алу, олар туралы бір-біріне хабарлау, талдау жүргізу және алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдау. Яғни, қорытынды жасап, алдағы уақытта мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін тәжірибелерді енгізу.
Дәл осындай қағида әуе апаттарынан кейін қолданылады: сарапшылар ұшқыштардың қате әрекеттерін жасырмай, не болғанын ашық әрі шынайы талдайды. Қорытынды жасап, ұсыныстар береді, содан кейін олар бүкіл әлем бойынша авиацияда қолданылады.
Қателіктерден қашу мүмкін емес, бірақ оларды барынша азайтуға боладыЗаманауи денсаулық сақтау жүйесінің міндеті - адамдар ешқашан қателеспейтін қиял-ғажайып әлем құру емес, бұл мүмкін де емес.
Жұмысты қателіктердың болу ықтималдығы аз болатындай етіп ұйымдастыру маңызды, ал егер қателік кетсе, ол зиян келтіргенге дейін оны байқап үлгеру немесе тым болмаса зардабын азайту керек.
Сондықтан денсаулық сақтау саласында жеке сала (мамандану) – медициналық көмек сапасы және пациенттер қауіпсіздігі бар. Бұл - медициналық көмекті қалайша болжамды түрде сенімді және барынша қауіпсіз ету туралы ғылым мен тәжірибе.
Ол жүйелі тәсілге негізделген: операциялық үстелде кім тұрғаны маңызды емес, қателік қаупі минималды болуы үшін жүйе мен процестер реттелуі тиіс.
Пациент қалай сәйкестендіріледі? Ол туралы ақпарат әртүрлі командалар арасында қалай беріледі? Талдаулардың маңызды нәтижелерін кім және қалай алады? Дәрі-дәрмектер қалай тағайындалады? Операцияға дайындық қалай тексеріледі? Пациентті ауруханадан шығаруға қалай дайындайды? Осы сияқты 1200-дей талап кешенді түрде және тұрақты орындалуы керек.
Маған елімізде осы сала бойынша алғашқы сарапшылардың бірі болу бақыты бұйырды және әріптестер тобымен бірге әлемдік озық тәжірибені Қазақстанның клиникалары мен басқа да ТМД елдеріне енгізу мүмкіндігі туды.
Бүгінде ДДСҰ қателік қаупін азайтуға көмектесетін жиырмаға жуық нақты тәсілді ұсынады және басымдықтарды таңдаудың маңыздылығын атап өтеді.
Алдымен - базалық инфрақұрылым, санитария және гигиена, медициналық кадрларды сапалы оқыту, содан кейін ғана қатаң сапа стандарттары бойынша тәуелсіз аккредиттеу сияқты күрделі жүйелер келеді.
Медицина қызметкері – қателіктің екінші құрбаныҚателіктердің сирек айтылатын тағы бір қыры бар: медициналық оқиғадан кейін тек пациент қана емес, сонымен бірге дәрігер немесе медбике де болған жағдайды іштей ауыр қабылдап, зардап шегеді.
Халықаралық тәжірибеде бұл ұғым "екінші құрбан" – second victim деп аталады. Бұл термин қолайсыз оқиғадан кейін болған жағдайға байланысты күшті эмоционалдық және психологиялық реакцияны бастан өткеретін медицина қызметкеріне қатысты қолданылады.
Дəрігер: "Егер мен былай істегенімде ше?", "Неге байқамадым?", "Басқаша не істей алар едім?" деген сұрақтарды санасында қайта-қайта айналдыра береді.
Ең жиі кездесетін симптомдардың қатарында үрей, мазалайтын естеліктер, өкініш, өзіне деген іштей ашу-ыза, эмоционалдық дистресс, болашақта қателік жіберуден қорқу, кінә сезімі және ұйқының бұзылуы бар.
Медицина кадрларын қолдау шаралары болмаған жағдайда олардың өзіне деген сенімі төмендеп, эмоционалдық қажу пайда болады, ал кейде кәсіби күйзеліс дамиды. Бұл өз кезегінде пациенттер үшін жаңа қауіпке айналады: шаршаған, қорыққан және эмоционалдық тұрғыдан қажыған медицина қызметкерінің жұмыс қауіпсіздігі төмендейді.
Сондықтан кемел ұйым күрделі оқиғадан кейін тек "Пациентті қалай қорғаймыз және қателіктің алдын қалай аламыз?" деген емес, сонымен бірге "Осы оқиғаның қатысушысы болған қызметкерге қалай қолдау көрсетеміз?" деген сұрақты да қоюы тиіс.
Бұл қателікті ақтау дегенді білдірмейді. Маманға қолдау көрсету мен болған жағдай үшін жауапкершілік арқалау - бірін-бірі жоққа шығаратын ұғымдар емес.
Пациенттер қауіпсіздігі жөніндегі заманауи мамандар "Кінәлі кім?" деген сұрақпен ғана шектелмейді.
Дұрыс сұрақ: "Жүйе неліктен іркіліс берді және жүйені қалай түзеуге болады?" Осылайша тек нақты бір жағдайды ғана емес, болашақтағы барлық жағдайға әсер ететін процесті түзетуге мүмкіндік туады.
Екінші пікір және дәрігерге қойылатын сұрақтар: пациент емдеу процесіне белсенді қатысуы тиісБірақ біздің әңгімеміздегі басты тұлға - пациент. Ол өз емінің белсенді қатысушысы болуға құқылы және болуы тиіс.
Егер сізге диагноз қойылса, оның нақты нені білдіретінін сұраңыз. Оны қандай тексерулер растайды? Емдеудің қандай нұсқалары бар? Неліктен дәл осы нұсқа ұсынылып отыр? Күте тұрса не болады? Қандай дәрілерді ішіп жүрсіз және не үшін? Келесі бақылау талдауы қашан болады? Тағы қандай нәтижелер күтілуде?
Бұл дәрігерге сенімсіздік таныту емес. Бұл - пациенттің өз денсаулығына қатысты қалыпты сұрақтар, бұл медициналық көмектің қауіпсіздігін арттырады.
Сондай-ақ, адам тәуелсіз екінші медициналық пікір алуға құқылы. Әсіресе, әңгіме күрделі диагноз, ауыр ота, онкологиялық ауру немесе өмірді айтарлықтай өзгертетін ем туралы болғанда бұл өте маңызды.
Ол міндетті түрде бірінші дәрігер қателесті дегенді білдірмейді. Кейде бұл пациентке жағдайды тереңірек түсінуге және саналы шешім қабылдауға көмектеседі.
Емдеу барысын және өз денсаулығыңызды бақылап отыру өте маңызды.
ДДСҰ пациенттерге симптомдар, тексерулер, дәрі-дәрмектер мен дәрігерге бару туралы ақпаратты сақтауды, емдеу нәтижелерін өз бетінше нақтылауды және дәрігермен бірге шешім қабылдауға белсенді қатысуды ұсынады (тек ұсынылғанның бәріне енжар түрде сене бермей).
Үнсіздік медицинаны қауіпсіз етпейді: қателіктер туралы айту неге маңызды?Медициналық қателіктер туралы сөйлесу - ыңғайсыз әрі жағымсыз. Пациентке өзінде бірдеңенің дұрыс болмағанын, күтпеген жағдай болғанын білу қорқынышты. Дәрігерге қателігін мойындау, ал аурухана басшысына ұйымның атына әлеуметтік желілерде айтылатын ашу-ыза мен шағымдарды елестету қиын.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі жасырылады және Қазақстан да бұдан тыс қалмай отыр. Медицина, клиника және дәрігер қорғаныс реакциясының маскасын киіп алады, нәтижесінде пациенттердің сенімі жоғалады. Бұл медициналық инциденттерге жазалаушы көзқарас мұра болып қалған ТМД-ның басқа елдеріне де қатысты.
АҚШ-та аурухананың директорлар кеңесі клиникаға болған жағдай туралы хабарлауды тапсырады, және осы сәтте көбіне кәсіби жауапкершілікті сақтандырудың алып механизмі - медиктер мен пациенттерді қорғау жүйесі іске қосылады.
Сақтандыру жағдайы көбінесе сотқа дейінгі тәртіппен реттеледі, өтемақы төленеді немесе сот процесі басталады (тек әкімшілік салада, ешқашан қылмыстық салада емес).
Дегенмен, америкалық медицинаның айырмашылығы - дәрігердің пациентке шынайы әрі жылы шыраймен мойындауға батылының жетуі. Дәрігердің мәселені пациентке немесе оның отбасына қандай үнмен, қандай жанашырлықпен және көзқараспен жеткізуі - жағдайды қабылдауды және айқай-шусыз алдағы іс-қимылды сындарлы талқылауға тезірек көшуді анықтайды.
Үнсіздік медицинаны қауіпсіз етпейді. Қауіпсіздік мәселені өз атымен атап, себептерін іздеп және келесі пациент мұндай жағдайды бастан кешірмеуі үшін процесті өзгерте алғанда ғана келеді.
Медициналық ұйым белгілі бір процестің нашар істегенін мойындаудан қорықпауы керек. Басшы жағымсыз жағдайды нақты жақсартуға айналдыра білуі тиіс.
Қателіктер туралы ашық айту - бұл дәрігерлерге қарсы шығу емес, әрбір келесі пациент қауіпсізірек медициналық көмек алуы үшін денсаулық сақтау жүйесінің игілігіне бағытталған диалог. Қазақстандағы клиникалардың басым бөлігі де осы түсінікке келеді деп сенемін.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін
Аударған: Дина Шәріпхан
Сарапшы туралы: Айнұр Айыпханова - қоғамдық денсаулық сақтау докторы (DrPH), медициналық көмек сапасы мен пациенттер қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры қызметтерін атқарған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) денсаулықты әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселелері бойынша кеңес берді. Қазақстан мен өзге де елдердің клиникаларында Joint Commission International стандарттарын енгізумен айналысты. Қазіргі уақытта АҚШ-тағы психикалық денсаулықты сақтау саласындағы ұйымда клиникалық қызметтер жөніндегі директор лауазымын атқарады.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу