Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Жыраулық өнер – уақытқа бағынбайтын, ұлттың жадын, рухын, болмысын арқалап өтетін киелі дәстүр. Сол дәстүрдің бүгінгі заманымыздағы еңселі өкілдерінің бірі, жыр әлемінің шын мәніндегі жанашыры – Алмас Алматов.
Жетпіс жыл – бір адамның ғұмыры ғана емес, бір дәуірдің рухани шежіресі. Осы мерейлі белесте Алмас бауырымыздың өнер жолына көз салсақ, онда жыраулықтың терең тамыры, орындаушылықтың биік мәдениеті, дәстүрге деген адалдық пен заманға лайық жаңашылдықтың үйлесімін көреміз.
Алмас Алматов – жырды жаттап айтушы емес, жырды тірілтуші, сөздің ішкі қуатын, әуеннің астарлы мағынасын тыңдаушы жүрегіне дәл жеткізе білетін сирек дарын. Оның орындауында жыр өткеннің көлеңкесі емес, бүгінмен тілдескен, ертеңге жол сілтеген рухани құбылысқа айналады. Бұл – жыраулықтың ең биік өлшемі. Өнер жолында талай шәкірт тәрбиелеп, жыраулық мектептің жалғастығына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Алмас бауырымыздың еңбегі – тек сахнамен шектелмейді. Ол – ұстаз, зерттеуші, насихатшы. Жырды тек айту емес, жырдың мәнін ұқтыру, дәстүрдің қадірін таныту – үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті ол абыроймен атқарып келеді.
Екеуімізді табыстырған сахна ғана емес, халқымыздың дәстүрлі өнері еді. Алмасты таныған жылдардан бері талай концерттерде, ғылыми-тәжірибелік жиындарда, жыр кештері мен шеберлік сабақтарында қатар жүрдік, ал 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазақ Ұлттық Өнер университетінде әріптес ретінде шәкірттер тәрбиелейміз. Осы уақыт аралығында мен Алмасты тек орындаушы ретінде емес, дәстүрдің жүгін арқалап келе жатқан азамат ретінде таныдым. Алмас Алматов – эпосты айту үшін сахнаға шықпайды. Ол сахнаға эпостың өзі болып шығады. Оның орындауында «Алпамыс» пен «Қобыланды» да, «Көрұғлы» да – жаттанды мәтін емес, жанды дүние, тыныс алып тұрған рух. Мұны жыршылықтың ішкі мәнін, асыл тінін білетін адам ғана сезе алады.
Алмастың жырау ретіндегі тағы бір ерекшелігі – жырды өзінше өңдеуге емес, саф қалпында жеткізуге ұмтылуы. Алдыңғы буын ұстаздарынан құймақұлақтықпен қалай жаттап алса, сол қалыбын бұзбай, дәлме-дәл күйінде шәкірттеріне үйретіп келе жатқан бірегей кәсіби маман. Бұл – бүгінгі заманда сирек кездесетін ұстаным. Ол жырды тек сахналық қойылым не заманы өткен мұражайлық жәдігер деп емес, бабадан жеткен қастерлі мұра деп таниды. Жырдың тынысын үзбей, оны тірі дәстүр ретінде сақтап келеді. Бабадан жеткен асыл мұра – дәстүрлі жырды жеңіл-желпі ермекке, даңғаза дүрмекке айналудан барын салып қорғап жүр.
Алмас – өзі бала күнінен жаттап, өмір бойы жырлап келе жатқан Сыр сүлейлерінің нақыл сөздерін толықтай болмысына сіңірген жырау.
«Көп сені керексіз деп кесіп тастар
Ұзарып көлеңкесіз көкке жетсең», деп келетін өзі жиі орындайтын сыр шайырларының жыр жолдарындағы сөздер – оның өмірлік ұстанымына айналғандай. Жыраулық жолда жыршы-орындаушы ретінде соқа басы зорайып көк тіреуді ол ешқашан мақсат тұтқан емес, керісінше, өнердің өрісін кеңейтіп, саялы алып бәйтеректей, айналасын шәкірттерімен толықтырып, дәстүрдің тамырын тереңдетуді мұрат етті. Осы ұстанымынан туған: «Өнер – мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлі сипатқа ие болады» деген сөздері бүгінде афоризмге де айналып барады.
Шәкірт тәрбиелеу – сахнадан да ауыр еңбек. Өйткені шәкіртке тек мақам-саз емес, дәстүрлі өнер – жырдың алдындағы үлкен жауапкершілік үйретіледі. Алмас осы жауапкершілікті жыраулықтың ең басты шарты деп біледі. Әріптес болған жылдар ішінде оның жыраулық өнерді: концерттік форматта да, ғылыми ортада да, халық арасындағы ордалы жиындарда да, шәкірттер мен жеткіншек жастар арасында да бірдей салмақпен алып жүргеніне талай рет куә болдым. Алмас Алматов – жырды сахнада ғана емес, ойда, бойда, сөзде, істе, мінезде сақтап жүрген жырау. Бұл – үлкен мектеп.
Жетпіс жыл – жырау үшін тоқтау емес. Жетпіс жас – жыраулықтың салмағы айқын сезілетін шақ. Алмас сол салмақты еңсесімен тік көтеріп келе жатыр. Әріптес аға ретінде айтарым: Алмас Алматов – жыр жолында ел сенімін толық ақтаған, дәстүр алдында ары таза, уақыт алдында еш жалтақтамаған бірегей тұлға. Жыр керуені әлі де алдағы ұзақ сапарларға бет түзеуден танбай келеді. Ал иесі бар керуеннің көші жолдан адаспайтыны анық.
Қайрат БАЙБОСЫНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,
Қазақстанның халық әртісі, ҚР Еңбек Ері,
Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры
Соңғы жаңалықтар
Көктемнің лебі сезіледі: Оңтүстікте 20 градусқа дейін күн жылынады
Ауа райы • Бүгін, 10:28
Шаңырақ күні: Бүгін елордада қандай іс-шаралар өтеді?
Наурызнама • Бүгін, 10:15
Ауа райы • Бүгін, 09:52
Ормұз бұғазы: Иран шарт қойды, әлем энергетикасы алаңдаулы
Саясат • Бүгін, 09:44
Қаржы • Бүгін, 09:40
Жанкүйерлер Ербол Хамитовты әуежайда салтанатты түрде қарсы алды
Спорт • Бүгін, 09:31
«Жасыл» энергия – жаһан үдерісі
Энергетика • Бүгін, 09:00
Баспана бәсекесі: бақ шаба ма, бап шаба ма?
Ипотека • Бүгін, 08:55
Наурызнама • Бүгін, 08:50
ОРК: Жаңа Конституцияны қолдағандар – 87,15 пайыз
Референдум • Бүгін, 08:48
Наурызнама • Бүгін, 08:45
Тәуелсіз байқаушылар: Елдік шара заңнама талабына сай
Референдум • Бүгін, 08:43
Қоғам • Бүгін, 08:40
Тарихи кезеңмен тұспа-тұс келген Наурыз
Мереке • Бүгін, 08:38
Спорт • Бүгін, 08:35