Дәстүрлі өнер академиясы қажет

30.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

– Абдулхамит Ысқақұлы, академик Ә.Марғұлан күй тарихын бес кезеңге бөліп қарастыра келе, дәулескер күйшілердің қазақ музыкасының ұлттық тілін біржолата орнықтырып, жалпы адамзаттық мәні бар рухани феномен деңгейіне көтергенін айтады. Қазіргі кезде күйшілік өнерді қаншалықты дәріптеп жүрміз, аймақтық ерекшеліктер қалай зерттеліп келеді?

– Ата-бабамыздан мұраға 10 мыңнан астам күй мен ән, эпикалық шығарма қалды. Бүгінде еліміздің әр аймағында күй өнерінің дәстүрлі мектептері қалыптасып, осы бағытта зерттеулер жалғасып келеді. Десе де, халық ком­позиторларының әлі де зерттелмеген қаншама күйлері бар. Дәулеткерей күй­лері әлі жабулы қазан күйінде жатыр. Байсерке, Сейтектің шығармалары толық ашылмады. Динаның күйлері енді-енді ғана қалпына түсіп, жан-жақты зерттеле бастады. Консерватория ұстазы, дарынды күйші Қуаныш Жұмағалиев қарақалпақ және түркімен күйлерін домбыраға лайықтап, бірнеше жинақ шығарды. Ендігі кезекте, қырғыз, тува, хақас, татар, башқұрт, ноғай мұрасын зерттеп, жарыққа шығарар болсақ, бұл түркітілдес халықтардың қазақ күйшілік өнеріне қосқан үлкен қазынасы болар еді. Байқап отырсақ, көрші өзбек халқы бізден бір қадам алға жылжып келеді екен. Олар дәстүрлі өнер институтын ашып, музыкасын зерттеп, орындап, дәріптеуді мақсат етіп отыр. Біздің елімізде де дәстүрлі өнер академиясы ашылса артық болмас еді. Көне мәдениетін, ою-өрнегін сақтап қалған қазақтай халық некен-саяқ. Дәстүрлі ән-күй өнеріміз нотасыз, ауыздан-ауызға таралып бүгінге жетті. Соның арқасында мыңдаған күйлер жойылмай, тыңдаушысын тамсандырып келеді. Бүгінгі күні ұлттық музыка ғана емес, әндер, жыршылық өнер, қолөнер, шежірешілер мұрасы  бір институт зерттеулеріне арқау болары анық.

– Ұзақ жыл Қазанғап шығарма­шылығын зерттеумен айналысып келесіз. Осы кезеңде ұлы күйшінің қандай беймәлім күйлері анықталды?

– Жақында «Күй төресі Қазанғап» атты еңбегім жарық көрді. Бұл – қырық жылғы еңбектің нәтижесі. Зерттеуге Қазанғаптың 79 күйін арқау еттім. Басылымға 1980 жылдан бастап экспедициялар барысынан жиналған еңбектер енді. Ақтөбе облысының Шалқар, Мұғалжар, Байғанин, Ойыл, Ырғыз, Қарабұтақ өңірлерінен, сонымен бірге Ақтөбе, Орынбор мұрағаттарынан, Қарақалпақстанның Нүкіс, Кегейлі, Мойнақ, Қоңырат ауданынан жиналған фольклорлық экспедиция нәтижесі бар. Онда Қазанғаптың күйшілік мектебінің ХІХ-ХХ ғасыр аралығында төрт ұрпақты қамтыған 73 шәкіртінің бұрын-соңды жарық көрмеген аса құнды үнтаспасы, бейнекөріністері QR-код арқылы беріліп отыр. Осы жылдардағы экспедицияда Қазанғап шәкірттерінің домбыраларын да жинастырдым. Жеке қорымда ғасырлық тарихы бар домбыралардың бірнешеуі бар. Солардың бірі –  соқыр Келбеттің домбырасы. Кішкентайынан Қазанғаптың күйлеріне елітіп өскен атақты күйші Келбет Тілеулин шешекпен ауырып, көзі­нен айырылғанда әкесі Әміржан деген шеберге домбыра жасатып береді. Осы домбыраны ұлттық аспап жасау шебері Жолаушы Тұрдығұлов қайта қалпына келтіріп берді. Жеке коллекциямдағы домбыралар Ақтөбе, Қарақалпақ, Доңызтау, Орталық Қазақстаннан жиналды. Ал жеке қордағы сыбызғының бірі Баян Өлгей аймағындағы атақты сыбызғышы Қалек Құмақайұлына тиесілі. Қазақтардың бірінші Дүниежүзілік құрылтайына Алматыға келген Кәлек ақсақал осы сыбызғымен қазақтың көне 117 күйін тартып берген еді. Ал тағы бір сыбызғы Мүйімсат Оңғаров ақсақалға тиесілі. Сыбызғышылық өнер жеті атасынан бері дарыған екен. Ол Құс жолына байланысты «Қызыл қан» сияқты көне аңыз-әңгімелерді айтып, күйлерін орындап берді. Бұл жәдігерлер халқымыздың тұнып тұрған мәдениетінің айғағы, теңдессіз мұра емес пе?

– Өнерлі отбасында туып-өстіңіз. Өз атаңыз Қазанғаптың көзін көріп, күй үйренген деседі...

– Райымберген атам жастайынан ән мен күйдің ортасында өсті. Домбыраға деген ықыласына әкесі Жөлеке себепкер болған. Қарабұтақ, Ырғыз өңіріндегі әнші, күйші, жыршылар Жөлеке шаңырағына бас сұқпай аттанбаған. Қазанғап жолай Қарабұтақтан өткенде Жөлеке үйінде бірнеше күн қонақ болады. Осы кезде атамның күйге деген ықыласы ауа-ды. Бертін келе атамыздың батасын алу үшін Жәлекеш Айпақов, Жүсіп Сейілов, Әлмұрат Өтеғұлов сынды басқа да әнші, күйшілер міндетті түрде сәлем беріп келіп тұратын. Әкем Ысқақ та күйшілік өнерді жете меңгеріп өскен. Ақтөбеде педагогикалық училищеде ұзақ жыл сабақ берді. «Ата көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демей ме халық даналығы? Бүгінде балаларым, немерелерім осы дәстүрді жалғастырып келеді. Қызым қазақ мифологиясынан диссертация қорғаса, ұлымның мамандығы заңгер болғанымен, Қазанғап бабасының күйлерін нақышына келтіріп тартып береді.

– Он шақты жыл бұрын жалпы білім беретін мектептерде домбыра үйрену әдістемесі қолданылды. Теледидарда «Домбыра үйренейік» бағдарламасы көпшіліктің көзайымына айналды. Бұл туралы не дейсіз?

– Қазақтың «Нар идірген», «Тепеңкөк», «Қос мүйізді Ескендір», «Жетім бала» сынды аңыз күйлерінен бастау алып, Ақан сері, Біржан сал, Құрманғазы, Тәттімет сынды халық композиторлары шығармашылығымен жалғасып, қазақ­тың тұрмыс-салт жырлары мен ою-өрнектерін пайдалана отырып, домбыра үйрену әдістемесін жасадым. 5-сыныпқа айтыс, 6-сыныпқа жыраулық өнерін енгіздік. Балаларға 11 буынды өлең шығару және жыраулардың ізімен өлең құрауды үйреттік. Түркі халықтарының мәдениетін, Шығыс музыкасын оқыттық. Осылайша, 30 жылдан астам уақытымды мектеп оқушыларына топпен нотасыз домбыра үйретудің әдістемесін жасауға жұмсадым. Кейіннен мұның барлығы жаңартылған бағдарламаны енгізген тұста қажетсіз болып қалды. Сол жылдарда республиканың кез келген мектебінен 300-400 бала оркестр болып өнер көрсететіндей жағдайға жетіп, 17 мың оқушы домбыра үйреніп шыққан болатын. Егер мектеп қабырғасына «Мұрагер» бағдарламасы қайта еніп әдістеме қайта жаңғыртылатын болса, мектеп бітірген балалардың халықтық өнер туындыларына сусындап өсері анық. Қазіргі кезде «Көкіл» мектебінде оқып жатқан үш жүз баланың бәрі домбыраны шебер меңгерген. Ұлттық аспапты, төлөнерді меңгерген баланың ұлтжанды болып өсері анық. Ал биылдан бастап «Күй және аңыз» бағдарламасын ютуб арнасынан көрсете бастадық. Бұл жобаны іске асырудағы мақсатымыз ғалымдар, зерттеушілер тарапынан ән-күйге жазылған құнды еңбектердің оқырманына, тыңдарманына уақтылы жетпейтіндігімен байланысты. Ұлттық мұрамызды, қаншама күйлер, аңыздар, ғажап туындыларымызды заманға сай ютуб арнасы арқылы жандандыруды ойластырдық. Оны іске асыру барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаландық. Бұл жұмысымызды жылдамдатып, аудиторияға тез жеткізуге ықпал етті. Мұнымен қоса қазіргі кезде «Қазақтың көне мифологиялық аңыз-күйлері» атты еңбек жазып жатырмын. Аңыз-күйлер қазақ музыка фольклорының ең көне үлгісіне жатады. Уақыт тезінде аңыз-күйлер қолданбалы функциясын жоғалтып, күй семантикасының өзгеруіне соқты. Көне аңыз-күйлердің ежелгі мазмұн-мағынасы ұмытылғандықтан, мағынасын дәстүрлі күйшілердің өзі түсіндіріп бере алмайтын болды. Көптеген сюжет өте қарапайым көрініп, музыка тілі қарабайыр болып кетті. Бұл еңбекке 30 шақты мифологиялық күйді енгізуді жоспарлап отырмыз. Әр күйге қатысты аңыздар, нотасы қатар берілген. Онда QR-код арқылы кез келген шығарманы тыңдауға болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью