Даттық азамат терраса үшін шұңқыр қазып жатып, 18,5 килограмм күміс тауып алды

31.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Данияның Ребильд қаласының тұрғыны ауласына терраса салу үшін жер қазбақ болған, алайда әдеттегі жер жұмыстарының орнына салмағы 18,5 келі болатын көне күміс қазына тауып алған, - деп хабарлайды Tengri Life.

Ауласын қазып жатып, қазына тапты

Данияның солтүстігіндегі шағын Ребильд қаласында жергілікті тұрғын сирек кездесетін артефакт тапты. Politiken басылымы мәліметінше, ол терраса үшін шұңқыр қаза бастағанда күтпеген жерден көне заттарды тауып алған.

Оқиға орнына археологтар барды. Қазба жұмыстары нәтижесінде олар жер астынан 18,5 келі күміс тапқан. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, бұл Данияда осы уақытқа дейін табылған викингтер дәуіріндегі ең ірі күміс қазына болуы мүмкін.

"Викингтер қазынасында" не болды?

Nordjyske Museer мамандарының бағалауы бойынша, жәдігерлер X ғасырда қыш ыдысқа жасырылған.

Археологтар барлығы 700-ге жуық зат пен олардың сынықтарын тапты. Олардың ішінде:

күміс құймалар мен білезіктер; 47 бүтін тиын мен олардың сынықтары; Тор балғасы бейнесіндегі кішкентай бойтұмар; күміс сынықтары мен басқа да көне әшекейлер бар.

Жалпы салмағы 6,4 келі болатын 320-ға жуық зат қыш ыдыстың ішінде жақсы сақталған. Қалған артефактілер оның айналасындағы жерге шашылып қалған.

Археолог әрі Nordjyske Museer мәдени мұра бөлімінің басшысы Торбен Сараув бұл олжаны викингтер дәуірін зерттеу үшін өте маңызды деп атады. Оның айтуынша, бұл қазынаны сол замандағы банктік сейфпен салыстыруға болады.

"Бұл Даниядағы викингтер дәуірін түсінуіміз үшін аса маңызды олжа. Тек көлеміне байланысты емес, сонымен қатар бұл қазына сол кезде күмістің байлық өлшемі мен төлем құралы ретінде қалай қызмет еткенін айқын көрсетеді", - деді Торбен Сараув.

Табылған заттардың арасында араб және ағылшын тиындары болған. Торбен Сараувтың айтуынша, олар сол кездегі скандинавиялықтардың байланыстары қаншалықты кең болғанын жақсырақ түсінуге көмектеседі.

"Күміс Ребильдте жасырылғанымен, ол әлдеқайда үлкен әлеммен байланысты көрсетеді. Тиындар шығыстағы ислам әлемі және батыстағы Англиямен байланыстар болғанын дәлелдейді", - деді ол.

Instagram-дағы бұл жазбаны көру

A post shared by Nordjyske Museer (@nordjyskemuseer)

Қазынаның тағдыры не болады?

Енді табылған барлық артефакті Данияның Ұлттық мұражайына егжей-тегжейлі зерттеуге жіберіледі.

Сараптама аяқталғаннан кейін қазынаны "Фюркат" викингтер музейінің тұрақты экспозициясына беру жоспарланған. Оны биыл сәуірде табылған тағы бір ірі олжа - алты алтын білезіктің жанына қою көзделіп отыр.

Тағы оқыңыз: Номиналынан 750 есе қымбат: Ақтөбе тұрғыны үйінен “қазына“ тапты

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью