Дәулескерлер туралы тың ізденіс керек

09.04.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Құрманғазы шығармашылығын зерттеудегі жаңа ізденістер туралы сөз қозғағанда академик Ахмет Жұбановтың ерен еңбегін айтпасқа болмас. Себебі ол ғылыми-ізденушілік бағытын XIX ғасырда өмір сүрген ауызша кәсіби халық композиторы Құрманғазының шығармашылығын зерттеуден бастап, күйшілік өнерін жан-жақты саралап, ұлылығын бүкіл халыққа танытты. Бұл ретте ғалымның алғаш қазақ тілінде шығарған «Құрманғазы» (1936, 1960, 1961, 1978) еңбегінің орны ерекше.

Дегенмен  Құрманғазы туралы деректер, күйшінің шығармашылығы Ахмет Жұбановқа дейін де, одан кейін де баспа бетінде шықты. Мәселен, 1868 жылы «Уральские воисковые ведомо­­с­ти» газетінде Н.Ф.Савичев Құрманғазының күйшілігіне тамсанып, музыкалық қабілеті сирек ұшырасатын жан екенін айтып, егер де оның еуропалық білімі болған жағдайда, музыкалық әлемде алып жұлдыз болатындығы туралы пікір білдірген.

Құрманғазының мұрағатта сақталған материалдарына назар аударғанымызда да жаңа деректердің шыға беретіндігіне көз жеткіздік. Мәселен, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының мұрағатында Құрманғазының шығармашы­лығына қатысты қолжазбалар мен аудио­жазбалар табылды. Атап айтсақ, Гурьев облысы Шевченко ауданына экспедициядан әкелінген Әбіш Байбосыновтың қолжазбасы (1957); Тоқыш Қиланбеков деген кісінің қолжазбасы (1988); филология ғылымдарының докторы М.Тілеужанов 1954–1984 жылдар аралығында жазған қолжазбасы (1988); төте жазуда сақталған өлеңдер «Құрманғазының түрмеде айтқаны», «Құрманғазының Мақаштың алдында айтқан өлеңі» (1952); кирилл жазуында сақталған өлеңдер «Құрманғазының бір толғамы» (жылы көрсетілмеген); Т.Бекхожинаның 1965 жылы қараша-желтоқсан айларында барған Астрахан және Орынбор материал­дары (1965) қызығушылықты танытады. Бұл материалдар келешекте арнайы тари­хи-теориялық тұрғыдан зерттеуді талап етеді. Әсіресе текстологиялық және аксио­логиялық тараптардан нақтылау жұмыста­рын жүргізудің өзектілігін арттырып отыр.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мұрағаттық корында Құрманғазы туралы ауызша жазылған үнтаспалар да жетерлік. Бұл аудио жазбалар 2012–2014 жылдары «Шетел қазақтарының әдебиеті, фольклоры және өнері» атты жоба аясында атқарылған іссапар кезінде Астрахан, Самара, Саратов жерлерін мекендеген қазақ диаспорасынан жазылып алынған материалдардан іріктелді. Осы іссапарда институт ғалымдары Құрманғазы туралы әңгімелерді жазып алған.

Институт мұрағатында сақталған сирек үнтаспаларды зерттеу барысында қазақ күй өнерінің классигі Құрманғазының бұрын-соңды жарияланбаған күйлері мен олардың өзгеше нұсқалары анықталды. Бұл жазбалар ХХ ғасырдың ортасында жүргізілген ғылыми экспедициялар нәтижесінде таспаға түсірілген.

Мұрағат қорында сақталған жазбалар арасында күйші Ғафур Құсайынов орындаған «Кішкентай» күйінің екінші нұсқасы мен «Жас Науайы» күйі кездеседі. Ал Сапар Оразовтың орындауында жазылып алынған «Сырым сазы», «Қыз назым», «Көркем ханым», «Сарыарқа» сияқты күйлер оның Құрманғазы мұрасын өзіндік мәнерде жеткізгенін көрсетеді. Сондай-ақ Сапарғали Жұмағалиевтен жазылған «Қос алқа» күйінің алғашқы нұсқасы, Нұрбай Қыдырғалиев орындаған «Ескі бұлбұл», Мұқас Құсайынов жеткізген «Ақсақ құлан» сияқты туындылар күй мұрасының таралу аясын кеңейте түседі.

2020 жылы іске асырылған «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының 2-томына Құрманғазы Сағырбайұлы шығармашылығы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, таңдаулы күйлерінің ноталық жазбасы аудиоверсия­сымен сәйкестікте тұңғыш рет аймақтық жүйе аясында күйшілік дәстүрдің маңыз­ды бөлігін құрайтын рухани құндылық тұрғысынан ұсынылды.  Жаңа басылым зияткерлік өнім ретінде «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясы тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл әлемнің қай түк­пірінен болсын қолдануға қолайлы жасақталды. Кітап өнімі ретінде дайындалған антологияның екі томы QR-кодпен цифрлық форматта, СD үнтаспасымен жарыққа шыға­рылды. Әзірленген audiobook пен ebook басылымдары арнайы жасақталған онлайн платформаға жүктелді. Заманауи цифр­лық форматтағы басылымды томның мұқабасында көрсетілген QR код арқылы ашып, танысуға болады. Сондай-ақ 10 000 дана болып жарық көрген антологияның екеуі де еліміздің барлық аймақтарындағы оқу орындары мен кітапханаларына, жобаға қатысқан орындаушыларға тегін таратылды.

Құрманғазы Сағырбайұлының шығар­машылығын зерттеу мәселесіне келгенде академик Ахмет Жұбанов бастап кіріскеннен кейін айтылатын да, жазылатын да дүние қалмаған сияқты көрінеді. Дегенмен мұрағаттағы мұралар Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығын жаңа талаптарға сәйкес зерттеуді талап етеді. Оның ішінде туған және қайтыс болған жылына байланысты музыкалық қоғамның, яғни жұртшылықтың бір мәмілеге келе алмай жатқан мәселесі, тарихи тұрғыдан айтылмаған және ашылмаған қырларының дәлелденуі, қолжазбалар мәтінтану тарапы­нан салыстырылып саралануы, шедевр күйлерінің кәсіби шеберлікпен насихатталуы – әлемдік өредегі алып күйшінің тұл­ғасына лайықты деңгейде атқарылуға  тиіс.

Сол секілді Нұрғиса Тілендиевтің шы­ғар­машылығының зерттелу мәселесіне келетін болсақ, бұл бағыттағы еңбектердің молдығына қарамастан, композитор мұрасының толық әрі жан-жақты ғылыми жүйеленуі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Әрине, жарық көрген еңбектерге, қорғалған диссертацияларға, түсірілген бейнебаяндар мен деректі фильмдерге, олардың авторларына қарап, Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығының қыр-сыр­лары толық ашылғандай әсер қалдырады. Себебі барлығының көз алдында Нұрғиса­ның соңғы жылдарындағы бақытты бейнесі қалған. Осыған қарап, бұл бақытқа ол еш қиындықсыз жеткен сияқты көрінеді. Дегенмен 1930–1940 жылдардағы қуғын-сүргін заманында оның өмірі қалай өткені, сұрапыл соғыс жылдарында майданға аттанған кезі мен ауыр жарақаттанып, өлім аузынан қалай аман қалғаны, сондай-ақ соғыстан кейінгі репрессияның екінші толқыны тұсындағы кезеңі толық зерттеліп, ғылыми тұрғыдан сарапталған деуге келмейді. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрғиса Тілендиев шығармашылығын зерттеу тек музыкалық мұрасын талдаумен шектелмей, оның өмір жолын тарихи-әлеуметтік контексте қарастыруды, архивтік деректерді жүйелі түрде айналымға енгізуді, тұл­ғаның қалыптасуына ықпал еткен факторларды кешенді түрде зерделеуді талап етеді.

Академик С.Қирабаев «Ұлт рухын көтерген ұлы сазгер» атты мақаласында: «Нұрғисаны айту, шығармаларын насихаттау, зерттеу кейінгі ұрпақтың енші­сінде. Ол кейінгі ұрпақтың музыкалық шығармашылығының дамуына әсер етуі керек. Қазіргі біздің жас өркендеріміздің өлеңдерінің сөзі қазақша болғаныменен, ұйқасы, ырғағы, сарынында қазақылық жетпейді ғой. Бұларға Нұрғиса үлкен мектеп болады деп ойлаймын. Нұрғиса ешқашан өлмейді, оны зерттеу, бағалау – біздің алдымызда тұрған міндет»,  деп Нұрғисаның әндері туралы жазып, қазақи болмысты сақтап қалу мақсатында бүгінгі эстрада әншілеріне жол көрсетер бағыт ретінде Нұрғисаның әндеріне сүйену керектігін жазған. Осы жолдардан қазақ өнерінің даму, насихатталу, бағалану тұрғысынан Н.Тілендиевтің үлесін зерттеудің өзектілігі тереңдей түседі.

Айнұр  ҚАЗТУҒАНОВА,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі теңге бағамы қандай?

Қаржы • Бүгін, 09:13

Фарабитанудың елеулі белесі

Ғылым • Бүгін, 08:45

Атажұрттан Анадолыға дейін

Көрме • Бүгін, 08:43

Шағатай әдебиеті

Таным • Бүгін, 08:40

АҚШ-Иран: Уақытша мәміле бейбітшілікке бастаса игі

Әлем • Бүгін, 08:35

Дәулескерлер туралы тың ізденіс керек

Ғылым • Бүгін, 08:30

Оралда көпір құрылысы басталады

Құрылыс • Бүгін, 08:25

Димаш туралы деректі фильм

Өнер • Бүгін, 08:23

Ақылы жол: Тариф өсті, сапа қайда?

Мәселе • Бүгін, 08:20

Маңызды мүдделестік

Пікір • Бүгін, 08:15

Кіріс артып, инфляция төмендеді

Инфляция • Бүгін, 08:10

Оғыз өркениетін ұлықтаған көрме

Саясат • Бүгін, 08:08

Туристік маусымға әзірлік жайы талқыланды

Туризм • Бүгін, 08:05

Сенатор Моңғол елшісімен кездесті

Саясат • Бүгін, 08:02

Халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестік нығаяды

Саясат • Бүгін, 08:00

Барлық жаңалықтар

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью