Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Әлеуметтік желілерде Shoqansuits ерлер киімі брендіне қатысты қызу пікірталас басталды. Бұған бірнеше ай бұрын жарияланған, Бораттың бейнесі пайдаланылған видео себеп болды. Ролик ақпанда түсірілгеніне қарамастан, кейінгі күндері желіде қайта тарап, сын толқынын тудырды, - деп хабарлайды Tengri Life.
Бәрі қалай басталды?
Әлеуметтік желілерде қолданушылар брендтің мұндай видеоны не үшін түсіргеніне таңданыс білдірген көптеген жазбасы пайда бола бастады.
Скриншот: Threads
Желі қолданушыларының көбі бұл бейнені қолдануға қарсылық білдіріп, "Борат" фильмі ел мен халықты кемсітетін стереотиптер туралы екенін жазды.
Борат Сагдиев - актер Саша Барон Коэн ойнаған және ойдан шығарылған кейіпкер. Фильм сюжеті бойынша Борат - шетелге сапарлары кезінде елді жағымсыз қырынан көрсететін қазақстандық тележурналист.
Талқылау аясында бренд роликті өшіріп тастады, ал компания негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов қателігін мойындап және компанияның ұстанымын түсіндіріп, бірнеше мәлімдеме жасады.
Қателік пе әлде саналы есеп пе?Пікір қалдырушылардың көбі мұндай даулы роликтің кездейсоқ екеніне күмән келтірді. Кейбір қолданушылардың пікірінше, компания мұндай бейнені пайдалану жағымсыз реакция тудыратынын түсінуі керек еді.
"Менде бір сұрақ бар, Ұлықбек пен Shoqansuits бәрібір хейт болатынын алдын ала білді ғой. Мұны болжамау мүмкін емес. Олар мұны не үшін істейді? Хайп па? Осылайша бренд айналасында шу шығарғысы келді ме?", - деп сауал тастады желі қолданушыларының бірі.
Пікірлерде көбі мұндай контент мақұлдаудың бірнеше кезеңінен өтетінін, сондықтан бұл жарияланымды кездейсоқтық деп санамайтынын жазды.
"Қандай қателік? Қателік деген - сүрініп кеткенің немесе байқаусызда репост жасағаның. Ал мұнда: идея, талдау, түсірілім, монтаж, пост, таргет. Адам қателесті деп ойлайсың ба?", - дейді пікір қалдырушылардың бірі.
Желі қолданушыларының бір бөлігі тек роликтің өзін емес, оқиғадан кейінгі брендтің коммуникациясын да сынға алды.
"Ұлттық құрметті қаралым мен трендке айырбастауға болмайды", "Егер адам қателігін шынымен мойындаса, неге видео жазбады?", "Оларда пиармен кім айналысатынын білмеймін, бірақ бір айтарым: пиар мамандары әлсіз. Мұндай қызметкерлермен жаудың да керегі жоқ, жылдар бойы құрылған дүниені өздері-ақ батырады", - деп жазды пікір білдірушілер.
Дегенмен әлеуметтік желідегі реакция әртүрлі болды. Кейбір желі қолданушылары кез келген адам қателесетінін еске салды.
"Әзілден қателесіпті, кімнің басынан өтпейді, ешкім мінсіз емес, қателесті, түсінді және кешірім сұрады. Түймедейді түйедей қылып қажеті не?", - деп жазды қолданушылар.
Басқалары бір жарияланым үшін компанияның көпжылдық еңбегін сызып тастауға болмайтынын атап өтті.
"Бір қателік үшін жылдар бойы құрылған адамды және оның бизнесін құнсыздандыру - жай ғана ақымақтық", - деді желі қолданушыларының бірі.
Жауапкершілік іс-әрекетке сай болуы керек деген де пікірлер айтылды.
"Неліктен бір маркетологтың қателігі үшін бизнес иесі мен бүкіл ұжым жауап беруі керек?", - деді пікір қалдырушылар.
Кейбір қолданушылар сын айтуға болатынын, бірақ жаппай қудалауға жол берілмеуі тиіс екенін қадап айтты.
Бренд негізін қалаушы не деді?Талқылау басталғаннан кейін Shoqansuits негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов үндеу жариялады. Ол даулы роликтің өшірілгенін, ал компанияның Борат бейнесін хайп үшін пайдалану немесе Қазақстанға құрметсіздік көрсету мақсаты болмағанын мәлімдеді.
"Аталған видеоны алып тастадық. Біздің мақсатымыз Бораттың бейнесін хайп үшін пайдалану немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетімізге не мемлекеттік тілімізге құрметсіздік көрсету болған жоқ. Бірақ егер қоғам оны дәл солай қабылдаса, демек, біз бұдан міндетті түрде сабақ алуымыз керек", - деп жазды ол.
Кәсіпкердің айтуынша, компания қолданушылар пікірін мұқият зерттеген.
"Біз барлық пікірді мұқият оқып шықтық және оларды міндетті түрде ескереміз. Біз үшін Қазақстанға, қазақ тіліне және ұлттық құндылықтарға деген құрмет - жай ғана сөз емес", - деді Шәріпов.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Кейінірек кәсіпкер жағдайдың қалай өрбігенін егжей-тегжейлі баяндаған тағы бір мәлімдеме жариялады. Оның айтуынша, ролик ақпанда жарияланған екен.
"Иә, бұл видео қателік болды. Біз оны мойындадық, роликті өшірдік және қорытынды шығардық", - деді ол.
Шәріпов Instagram-дағы жарияланымды алғаш көргенде оны өшіруді тапсырғанын, бірақ видео TikTok-та қалып қойғанын айтты.
"Бұл ролик ақпанда жарияланған болатын. Мен оны алғаш рет Instagram-нан көргенде, бірден өшіру туралы тапсырма бердім. TikTok-та бейнежазбаның қалып қойғанынан хабарсыз болдым", - деп жазды кәсіпкер.
Сондай-ақ ол бірнеше ай өткен соң кореялық әртіске қатысты талқылаулар фонында ролик қайтадан таралып, содан кейін Threads әлеуметтік желісінде белсенді түрде талқылана бастағанын айтты.
Сонымен қатар, кәсіпкер сынды қабылдауға дайын екенін, бірақ қудалауды орынсыз деп санайтынын жеткізді.
"Сынды қабылдаймын. Қателік үшін жауап беремін. Бірақ сын мен қудалау - екі бөлек нәрсе", - деді ол.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Кәсіпкердің жазбаларының астында да қызу пікірталас басталды. Пайдаланушылардың бір бөлігі оның ұстанымын қолдады.
"Қателіктер болып тұрады, ең бастысы - оны мойындап, түзей білу", "Кез келген мықты бренд бір күні сын толқынынан өтеді", - деп жазды пікір қалдырушылар.
Ал басқалары, керісінше, кешірім сұрау жеткіліксіз болды деп есептейді.
"Қанша ақталсаңыз да, ол видео - жай ғана қателік емес", "Жарнама компания ішінде көптеген мақұлдаудан өтеді. Демек, ондағылардың бәрі дәл осы жарнаманы құптаған. Бұл кездейсоқтық немесе жаңсақтық емес, көптеген нұсқаның ішінен бүкіл басшылық бекіткен таңдау" - деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетсек, Борат тақырыбы Қазақстанда бірнеше рет қоғамдық резонанс тудырған болатын.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу