Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Орталық референдум комиссиясы 15 наурызда алғаш болып дауыс берген азаматтарға сыйлық беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, дауыс беру - бұл әрбір адамның азаматтық борышы. Ал ол үшін сыйлық беру тек ынталандыру шарасы болып саналады.
"Ондай сыйлықтарды учаскелік комиссиялар өз бастамасымен табыстайды. Блокнот, шоколад болуы мүмкін. Сыйлықтар қымбат емес. Учаскелік комиссиялар өздері шешеді. Біз араласпаймыз. Әрине, дауыс беруге көбірек адам қатысса екен дейміз. Сондықтан қарсы емеспіз", - деді Сүйіндік комиссияның бүгінгі отырысында.
Осы орайда комиссия мүшелері дауыс беру кезінде сыйлық тарату шетелдік тәжірибеде бар екенін де ерекше атап өтті.
Айта кетері, бұған дейінгі референдумда алғаш рет дауыс берген және бірінші болып келген қазақстандықтарға сан алуан сыйлықтар таратылған болатын.