Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Бас директоры Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада Эбола індетінің өршуіне байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Оның үстіне өте сирек кездесетін Bundibugyo (Бундибугйо) штаммы жағдайды күрделендіріп отыр. Қазіргі уақытта әлемде бұл штаммға қарсы тіркелген вакцина да, арнайы ем де жоқ.
Бұл мәртебенің еліміз үшін қандай маңызы бар екенін Tengrinews.kz сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының (ҰҚДСО) баспасөз қызметі баяндап берді.
Қазақстандықтардың үрейленуіне негіз бар ма?Мамандардың түсіндіруінше, төтенше жағдай жариялау — ДДҰ-ның ең жоғары деңгейдегі ескертуі, бірақ бұл пандемия жариялау немесе үрейге бой алдыру деген сөз емес. Бұл — әлемдік қауымдастыққа індеттің Африка құрлығынан тыс аймақтарға таралу қаупі жоғары екенін білдіретін ресми белгі.
«Бұл індеттің Қазақстанға қазіргі уақытта тікелей қатысы жоқ. Еліміздің халқы үшін қауіп деңгейі төмен деп бағаланады. Эбола вирусы, мысалы, COVID-19-ға қарағанда әлдеқайда қиын жұғады — ауруды жұқтыру үшін науқас адамның қанымен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен тығыз байланыста болу керек», — деп мәлімдеді ҰҚДСО мамандары.
Дегенмен, халықаралық әуе қатынасының дамуына байланысты вирустың сырттан әкеліну қаупін толықтай жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан Қазақстан да ДДҰ-ға мүше басқа мемлекеттер сияқты дайындық шараларын күшейтуді бастады.
Қазақстан мен өзге елдер қандай шаралар қабылдайды?ДДҰ шекараларды жабуды немесе әуе рейстерін тоқтатуды ұсынбағанымен, Қазақстан және басқа да мемлекеттер мынадай міндетті шараларды қолға алуда:
Әуежайлар мен шекаралық өткелдерде ауру белгілері бар жолаушыларды анықтау үшін санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту;
Отандық дәрігерлерге Эбола белгілері мен инфекция күдігі туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмдері туралы ақпарат беру;
Зертханаларды вирусқа тест жүргізуге дайындау және ауру елге сырттан келген жағдайда қолданылатын шұғыл әрекет ету жоспарларын жаңарту.
Індеттің қазіргі ауқымы қандай?Бүгінгі таңда Конго Демократиялық Республикасында бұл індеттен көз жұмғандар саны 100-ден асты, сондай-ақ 500-ден астам күмәнді жағдай тіркелген. Сонымен қатар, вирус көршілес Уганданың астанасы Кампала қаласына да жетіп, Конгодан келген екі азаматтан ресми түрде анықталды.
Халықаралық төтенше жағдай мәртебесінің арқасында ДДҰ енді кеңейтілген өкілеттіктерге ие болады: ұйым қорғаныш костюмдері мен тесттердің жеткізілуін үйлестіре алады, індет ошақтарына халықаралық эпидемиологтар тобын жібереді, сондай-ақ жаңа қауіпті штаммға қарсы дәрі-дәрмектерді әзірлеу жұмыстарын жеделдетеді.
Бүгін, 15:25