Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Мұражай афишасы
ҚР Ұлттық мұражайында «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты көрме өтеді. Экспозицияда XVIII–XIX ғасырлар мен XX ғасырдың басына жататын қазақтың дәстүрлі тұрмыс мәдениеті, батырлық дәстүрі және зергерлік өнерін бейнелейтін 60-қа жуық жәдігер қойылған. Ағаш, тері, сүйек, мүйіз және металдан жасалған тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, батырлардың қару-жарақтары мен ат әбзелдері көрермен назарына ұсынылған. Сонымен қатар «Талды-2» қорғанынан (б.з.д. VII–VI ғасырлар) табылған ат әбзелдерінің реконструкциясы да көпшілікке көрсетіледі. Экспозицияның негізін қолөнер шебері әрі реставратор Ерғазы Исатаевтың жеке коллекциясы мен музей қорындағы құнды жәдігерлер құрайды.
Фото: ҚР Ұлттық музейінің ресми сайтынанОдан бөлек, Теллуриялық ырғақтар мен тоғысқан естеліктер атты көрмеде суретші әрі композитор Хван Сонджонның туындылары қойылған. Суреттер адам, табиғат және технология арасындағы өзара байланысты көрсетеді. Автор туындыларында тірі мен жансыздың, көрінетін мен көрінбейтіннің арасындағы шекараны зерттеген. Экспозиция мультисенсорлық кеңістік ретінде ұсынылып, бейне, дыбыс, қозғалыс пен визуалды образдарды біріктіреді. Суретші табиғат ырғақтарын сезінуге мүмкіндік беріп, көрерменді планеталық экожүйедегі байланыстар туралы ойлануға шақырады.
Фото: ҚР Ұлттық музейінің ресми сайтынан«Äiel Tizginde» көрмесінде экспозициялар заманауи қоғамдағы әйел рөлін көркемдік тұрғыдан көрсетеді. Көрме заманауи өнер тілі арқылы әйел болмысына қатысты қалыптасқан көзқарастарды қайта қарап, көшбасшылық, жауапкершілік, таңдау еркіндігі және ішкі тұрақтылық тақырыптарын ашады. Экспозиция кескіндеме, фотография, мультимедиялық және интерактивті көркем шешімдерді біріктіреді.
Фото: ҚР Ұлттық музейінің ресми сайтынанБалалар әлемі
Қуыршақтар театрында «Арыстан патша» қойылымы өтеді. Онда ұлы Арыстан патша Муфасының ұрпағы Симба дүниеге келеді. Ағасы Шрам билікті армандап, кішкентай Симбаға қорлық көрсетеді. Симба қиындықтарды бастан өткеріп, адал достар тауып, сүйіктісімен кездеседі. Қатал тағдыр мен сынақтарды жеңе отырып, ол өз орнын табады және нағыз патша қандай болу керектігін түсінеді.
Фото: видеодан скринОпера және балет
Астана опера театрында өтетін қойылым кейіпкері өмірдің тәлкегіне ұшыраған Риголетто — бірегей ақылға ие, алайда сарайда қорлыққа толы рөл атқарады. Ол мейірімді әке, бірақ қызы Джильданың тазалығы мен қоғамның моральдық азғындығы арасындағы қайшылықты көрсетеді. Джильданы қорлаған Герцогқа кек алу әрекеті Риголеттоны трагедиялық тағдырға жетелейді. Музыкалық драматургияда Мантуя герцогы мен Риголетто қарама-қарсы бейнелер ретінде айқын көрінеді. Спектакль режиссері Арно Бернар Герцогты батыл, ақылды, мәдениетті әрі Қайта өрлеу дәуірінің рухына сай адам ретінде көрсетеді. Герцог қанағатсыз, шыдамсыз, тапқыр және қызыққұмар кейіпкер ретінде сипатталады.
Фото: Астана операның ресми сайтынанМузыкалық жас көрермен театрі «Шәмші» мюзиклі әйгілі қазақ композиторының өмірі мен шығармашылығын көрсетеді. Композитордың өмірдегі қиындықтармен күресі, адам мен қоғамға деген философиясы және ішкі сезімдерін әнге айналдыруы спектакльдің басты құндылығын құрайды. Әрбір Шәмші әні автордың ойы мен өміріндегі оқиғаларды бейнелейді. Бұл әндер көрерменнің жүрегіне әсер етіп, мейірім, махаббат және адамгершілік қасиеттерін оятады.
Фото: Музыкалық жас көрермен театрының ресми сайтынанҚалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Шолпанның күнәсі атты қойылымның премьерасы өтеді. Ер мен әйел — екеуі екі кеңістік. Екі ғалам. Кейде тағдыр желі сол екі ғаламды түйістіріп, бір-біріне жақындатады. Бірақ түйісу — толық бір болу емес. Әр адам — жалғыз. Сол жалғыздығы — оның өзіне ғана тән ғарышы, құпияға толы ішкі әлемі. Бірінің жарығы — күңгірт, бірінің шырағы — алау. Бірақ әркімнің аспаны өзінікі. Адам баласы үшін шын мәні бар дүние өзінен қалған ізі, іштегі жарықтың өзге жүректе жалғасуында…
Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Мұқағали Мақатаевты еске алу кеші өтеді.
«Жастар» театры «Ғашықтар» қойылымы көрсетіледі.
Драма кіршіксіз махаббатты ардақтау мен одан да жоғары тұратын ұлы күш — ар тазалығы туралы сыр шертеді. Көрерменді ой орманына алып барып, онда махаббат пен ғашықтықтың басқа салар ауыр тағдырын суреттейді. Ғашықтық ғаламатына душар болған адамның жан күйзелісі мен тән күйзелісін қатар сипаттайды.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Баян Сұлу– Қозы Көрпеш қойылымы көрсетіледі.
Фото: Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрыСондай-ақ Музыкалық жас көрермен театрында Қоштасқым келмейді қойылымының премьерасы өтеді.
Көрнекті драматург А. М. Володиннің классикалық туындысы ерлі-зайыптылардың өмірі мен күрделі қарым-қатынасын баяндайды. Пьеса әлеуметтік мәртебе мен көзқарасы әртүрлі сегіз отбасы туралы. Олар ажырасуға бел буып, сотқа жүгінеді. Ал сот төрағасы некелерін бұзбау үшін барын салады. Өйткені ерлі-зайыптылардың менмендігі мен өзімшілдігі бірін-бірі түсінуге кедергі болған. Пьеса кейіпкерлер арасындағы қақтығыстар арқылы әр түрлі мінез-құлық ерекшеліктерін көрсетеді. Әр адам жеке әлемімен бірге, Отбасы деген ұлы құндылыққа қосатын махаббат пен ынтымақты паш етеді.
Фото: Музыкалық жас көрермен театрының ресми сайтынанСондай-ақ елордада Шөмішбай Сариев — 80 жыл: «Атамекен-ай» концерті өтеді.
Шөмішбай Сариевтің жырлары халықтың рухани әлеміне кеңінен таралды. Оның шығармалары ән ретінде орындалып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген. Концертте автордың классикаға айналған таңдаулы туындылары — «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Домбыра туралы баллада», «Сағындым сағым жылдар», «Аяулым», «Сен мұңыңды бер маған», «Еркеледің сен», «Өкінбе сен» және басқа да шығармалары тыңдаушыға ұсынылады.
Ал аптаның кино премьералары жайлы Kazinform агенттігінің сенбі күні жарияланатын тұрақты айдарынан оқи аласыз.