Демалыстан айырылуыңыз мүмкін Тайландта шетелдіктер үшін ережелер өзгерді

28.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

28 тамыздан бастап Таиландта шетелдіктерді депортациялаудың жаңа ережелері күшіне енді. Онда адамды елден шығаруға негіз болатын жағдайлар мен мұндай шешімнен кейінгі іс-қимыл егжей-тегжейлі сипатталған, деп хабарлайды Tengri Travel The Thaiger-ге сілтеме жасап.

Қандай жағдайда елден шығаруы мүмкін?

Жаңа ережелер Таиланд заңдарын бұзған немесе іс-әрекеттері қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін шетелдіктерге қатысты. Атап айтқанда, мынадай жағдайларда депортациялау қаупі туындауы мүмкін:

елге заңсыз кірген немесе рұқсат етілген мерзім аяқталғаннан кейін қалып қойғандар; рұқсатсыз жұмыс істейтіндер; кәсіпкерлікпен заңсыз айналысатындар; құжаттарды қолдан жасайтындар немесе жалған құжаттарды пайдаланатындар; бес жыл немесе одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыс жасағандар.

Сондай-ақ мұндай заңбұзушылықтарды жасауға көмектескен, итермелеген немесе оған қатысқан адамдар жаңа ереженің қолданыс аясына ілігуі мүмкін.

Шетелдік осындай қылмыстардың бірі үшін сотталған жағдайлар бөлек қарастырылған. Үкім заңды күшіне еніп, адам түрмеден босап шыққаннан кейін, оны депортациялау туралы шешім қабылдануы мүмкін.

Депортация қалай жүзеге асырылады?

Енді мұндай жағдайлар үшін нақты іс-қимыл тәртібі белгіленді.

Егер шетелдік түрмеде отырса және оның ісі жаңа ережеге сәйкес келсе, мекеме қызметкерлері ол туралы ақпаратты Ішкі істер министрлігіне алдын ала тапсыруы тиіс. Бұл оны босатуға дейін кемінде 15 күн бұрын жасалуы керек.

Бұл ретте депортациялау туралы шешім Таиландқа белгілі бір мерзімге қайта кіруге тыйым салуды қамтуы мүмкін.

Егер сот адамға айыппұл салса немесе жазаны кейінге қалдырса, бұл туралы ақпарат та әрі қарай қарастыру үшін Ішкі істер министрлігіне жедел түрде берілуі тиіс.

Шетелдік қайда жіберіледі?

Депортацияланғаннан кейін адам әдетте өзі азаматы болып саналатын елге қайтарылады.

Егер азаматтығын анықтау мүмкін болмаса, оны Таиландқа келер алдында тұрған еліне жіберуі мүмкін.

Бұл ретте депортациялау алдында Таиланд заңдары, үкімет шешімдері және елдің халықаралық міндеттемелері ескерілуі тиіс.

Сондай-ақ адам қайтарылғаннан кейін оған азаптау немесе қатыгездік көрсету қаупі төнсе, бұл үшін де бөлек ереже қарастырылған.

Мұндай жағдайда басқа мемлекет немесе халықаралық ұйым дипломатиялық арналар арқылы адамды депортацияланатын жеріне емес, басқа елге жіберуді сұрай алады. Мұндай тасымалдауға депортация туралы шешім қабылданған сәттен бастап жеті күн беріледі.

Адамның өзі мұндай нұсқаға жазбаша келісім беруі керек, ал шығынды өтініш білдірген тарап өз мойнына алуы тиіс.

Басқа елге ауыстыруға 30 күн уақыт беріледі. Қажет болған жағдайда бұл мерзім әр жолы 30 күннен аспайтындай етіп екі рет ұзартылуы мүмкін.

Бұл туристер үшін нені білдіреді?

Қарапайым саяхатшылар үшін Таиландқа бару ережелері өзгермейді. Ең бастысы - болу мерзімін сақтау, рұқсатсыз жұмыс істемеу және жергілікті заңдарды бұзбау.

Жаңа нормалар ең алдымен шетелдік ауыр құқықбұзушылықтар жасады деп күдіктелген немесе кінәлі деп танылған жағдайлардағы нақты іс-қимыл тәртібін белгілейді.

Әуежайларда да ереже өзгереді

Қазақстандық туристер ескеруі тиіс тағы бір жаңалық бар. 2026 жылғы 16 қазаннан бастап Таиланд әуежайларының қызметкерлері тексеру кезінде ішінде ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін күдікті немесе тыйым салынған затты байқаса, чемоданды иесі болмаса да аша алады.

Тағы оқыңыз: Таиландта 1 қазаннан бастап туристер үшін кіру ережесі өзгереді

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью