Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
«Бүгінде 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкерінің деректері цифрландырылды. Деректерді біріктіру және бақылауды күшейту нәтижесінде медициналық жүйеден 1,4 млн рецептіге байланысты пациенттердің ескірген 400 мың картасы алынып тасталды, бұл 31 млрд теңге көлеміндегі шығыстардың алдын алуға мүмкіндік берді. Медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға немесе шамамен 7 млрд теңгеге төмендеді. Бұл ретте қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есеге артты», - деді министр.
Президент тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылуда. Ол барлық шашыраңқы жекеменшік ақпараттық жүйелерді бір жүйеге біріктіріп, дәрігердің бірыңғай жұмыс құралына айналуы тиіс. Қазірдің өзінде Денсаулық сақтау министрлігінің 12 жүйесінің 7-еуі біріктірілді. Енді деректер бір рет енгізіліп, құжаттар автоматты түрде қалыптастырылады. Бұл дәрігердің ақпарат енгізуге жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.
Медициналық деректердің бірыңғай қоймасына 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, сондай-ақ түрлі реестрлер мен анықтамалықтардан ақпарат біріктіріліп, мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. Биылғы 1 шілдеден бастап 2012 жылдан бері жинақталған деректер автоматты форматты-логикалық бақылау негізінде медициналық көмекке ақы төлеу үшін пайдаланылуда.
Азаматтың бірыңғай цифрлық профилі қалыптастырылды, онда медициналық деректер тұрғылықты жері мен тіркелген жеріне қарамастан сақталады. Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап скринингтен өту туралы автоматты хабарламаларды іске қосу жоспарлануда. Мысалы, денсаулық сақтау жүйелері мен ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар анықталуда. Бүгінде шамамен 10 мың жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылды.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында препараттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің жұмыс істеуі туралы баяндалды. Бүгінде 1 млрд-тан астам қаптамаға таңбалау жүргізілді. Мониторинг 3 мың дәрілік зат атауын қамтиды. 1 595 препараттың (52%) бағасы тұрақты болып қалды. 800 дәрілік зат атауының (26%) бағасы төмендегені тіркелді. 42,5 млрд теңге көлемінде жиынтық экономикалық тиімділік қамтамасыз етілді. Ауқымын кеңейту аясында осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) таңбалау жүйесі енгізілді.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық контурын құру стратегиялық маңызға ие екенін және ол медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға тиіс екенін атап өтті.
«Президент бытыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тартып, денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық негізін құру бойынша нақты мақсат қойды. Бұл міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шешімдер мен технологиялардың бар екенін көріп отырмыз. Басталған жұмысты соңына дейін жеткізу маңызды. Барлық жүйелер біріктіріліп, деректер қолжетімді әрі өзекті болуға тиіс. Сондай-ақ тиімді ЖИ-шешімдерді бүкіл сала мен өңірлерге кеңінен таратқан жөн. Біз нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, яғни медициналық қызметтердің сапасын арттырып, шығындарды оңтайландыру және әкімшілік кедергілерді жою қажет. Жаппай цифрландыру жүйені жетілдіруге, сол арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыра түсуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.