Денсаулық сақтау minистрлігі Қазақстандағы барлық перзентханаларды тексереді. Инспекторлар не іздейді

27.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Қазақстанда босандыру қызметін көрсететін барлық 69 ұйым тексеріледі. Инспекторлар инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады. Тексеру жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталуы тиіс, - деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Перзентханаларда не тексеріледі?

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, тексеруді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жүргізеді.

"Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс", - деді хабарламада денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Перзентханаларда не өзгеруі керек?

Министр мыналарды тапсырды:

инфекция жағдайларын тергеудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау; санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын профилактикаға басымдық бере отырып өзектендіру; еліміздегі инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін әрбір жағдайдың (ауруханаішілік инфекцияның - ред. ескертпесі) туындау себептеріне объективті баға беру.

Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары мыналарды орындауы тиіс:

медициналық ұйымдарды дезинфекциялау мен стерилизациялауға қажетті барлық құралмен қамтамасыз ету; жеке қорғаныс құралдарымен жабдықтау; заманауи жабдықтармен және бір реттік шығын материалдарымен қамту; медицина қызметкерлері үшін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі оқытуды ұйымдастыру.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 354 085 бала дүниеге келген.

Бұл ретте босанғаннан кейін медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияның 85 жағдайы тіркелген:

эндометриттер (60 жағдай), ота жасалған жердегі іріңді-септикалық инфекциялар (12 жағдай); сепсис (4 жағдай); іріңді-септикалық инфекциялардың басқа түрлері (4 жағдай); босанғаннан кейінгі жара орнындағы іріңді-септикалық инфекциялар (3 жағдай); перитонит (2 жағдай).

Анықтама: Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялар (бұрын оларды ауруханаішілік деп атайтын) - бұл пациентте медициналық көмек алу кезінде немесе одан кейін пайда болатын инфекциялар (егер медициналық ұйымға жүгінген сәтте инфекция белгілері болмаса). Ең көп тараған инфекцияларға босанғаннан кейінгі эндометрит (жатырдың шырышты қабығының қабынуы), отадан кейінгі тігіс инфекциялары, зәр шығару жолдарының инфекциялары, мастит, ал ауыр жағдайларда сепсис жатады.

Инфекциялардың туындау себептері:

• асептика және антисептика ережелерін сақтамау - 16 жағдай;
• медицина қызметкерлерінің қолды өңдеу ережелерін бұзуы - 13 жағдай;
• дезинфекциялық және стерилизациялық режимді бұзу - 12 жағдай;
• басқа да себептер - 44 жағдай.

Тексеру неге дәл қазір басталды?

Денсаулық сақтау министрлігі тексерудің неге дәл қазір басталғанын нақтыламады. Ведомство тек "медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала беретінін" атап өтті.

Кейінгі апталарда Алматы облысында мерзімінен бұрын босанудан кейін үш нәресте шетінеп кеткен қайғылы оқиғадан соң босандыру саласындағы қауіпсіздік тақырыбы басты назарға алынды. Сәбилерінен айырылған ананың туыстарының айтуынша, дәрігерлер медициналық көмек көрсету кезінде қателік жіберуі мүмкін.

Қарасай аудандық ауруханасы пациенттің жүктіліктің 25-аптасында түскенін хабарлады. Оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмаған.

"Жүктіліктің 25-аптасында үшем босану - шұғыл медициналық көмекті қажет ететін өте ауыр жағдай. Әйел ауруханаға жатқызылды. Таңғы сағат 7-де дене салмағы өте төмен үш бала дүниеге келді. Мұндай мерзімде өмірлік маңызды мүшелер, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі әлі толық қалыптасып үлгермейді. Қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмек сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады аурухана.

Оқиғадан кейін туыстары құқық қорғау органдарына жүгінген.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Денсаулық

Денсаулық сақтау министрлігі

ана мен бала

босану

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью