Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі ыстық шай ішуге әуес азаматтарға ескерту жасады.
Министрлікте хабарлағандай, тым ыстық шай мен кофе өңеш обырының даму қаупін арттыруы мүмкін.
"Оксфорд университетінің ғалымдары ыстық сусындардың температурасы мен оларды тұтыну жиілігінің өңеш обырының даму қаупімен байланысын зерттеді. Зерттеу барысында 1 миллионға жуық адамның деректері талданған", - деп жазылған хабарламада.
Нәтижелер көрсеткендей, ішілген сусынның мөлшері ғана емес, оның температурасы да маңызды.
Өте ыстық сусындарды ұнататын адамдарда өңештің жалпақ жасушалы обырының даму қаупі жылы сусын ішетіндермен салыстырғанда 3 еседен астам жоғары болған.
"Күніне алты немесе одан да көп кесе ыстық сусын ішу обырдың осы түрінің даму қаупінің 71%-ға артуымен байланысты болған. Сонымен қатар шай мен кофені тұтынудың арасында айтарлықтай айырмашылық анықталмаған. Ғалымдардың пайымдауынша, негізгі рөлді сұйықтықтың жоғары температурасы атқаруы мүмкін. Өйткені ол өңештің шырышты қабығын зақымдауы ықтимал", - дейді мамандар.
Министрлікте ескерткендей, сүйікті ыстық сусыннан бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы — оның сәл салқындауын күтіп, ауыз күйдіретіндей ыстық күйінде ішпеу керек.