Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Медициналық көмек кепілдіктері мен денсаулық сақтау жүйесінің дамуы
Қазақстан медицинасы мінсіз деп ешкім де айтпайды. Қызмет көрсету сапасына, кезектерге және инфрақұрылымға қатысты мәселелер әлі де бар. Дегенмен нақты көрсеткіштер айтарлықтай ілгерілеуді көрсетеді. Соңғы бес жылда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен халықтың 90 пайыздан астамы қамтылып, саланы қаржыландыру 2,5 есеге артты. Электронды еңбекке жарамсыздық парағы мен анықтамалар енгізіліп, көлеңкелі айналым азайды, ашықтық артты. Еуропада медицинаны цифрландыруға ондаған жыл қажет болса, Қазақстанда бұл процесс небәрі бірнеше жыл ішінде жүзеге асырылды.
2026 жылы денсаулық сақтауға жұмсалатын шығын шамамен 2,7 трлн теңгені (5 млрд доллар) құрайды. Бұл ірі еуропалық елдердің бюджетімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Соған қарамастан, елде халықтың басым бөлігі медициналық сақтандырумен қамтылып, телемедицина іске қосылды және әлеуметтік тұрғыдан осал миллиондаған азамат үшін медициналық көмекке қолжетімділік кеңейтілді. Жүйеде қызмет сапасын одан әрі арттыру қажеттілігі сақталғанымен, жаңғырту қарқыны, цифрландыру деңгейі және қолжетімділіктің кеңеюі бойынша Қазақстан шектеулі ресурстарға қарамастан тұрақты ілгерілеу көрсетіп отыр.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шорановтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, азаматтар үшін әлеуметтік кепілдіктерді нығайта түскен институционалдық реформалардың маңызды кезеңінен өтті. Аталған өзгерістердің негізгі кезеңдерінің бірі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі болды. Оның қабылдануымен елімізде алғаш рет халық денсаулығына мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың ортақ жауапкершілік қағидаты бекітілді.
- Бұл қағидат жұмыс істейтін халық пен жұмыс берушілердің МӘМС жүйесіне қатысуы арқылы жүзеге асады. Ал мемлекет азаматтардың 15 санаты үшін жарналарды төлеп, мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелер аясында бүкіл халыққа медициналық көмек көрсетуді қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Мұндай ынтымақты қаржыландыру моделі өмір сүру ұзақтығы ең жоғары Германия, Жапония және Оңтүстік Корея сынды елдерде кеңінен қолданылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік жауапкершілік пен қоғамдық ынтымақтастықтың үйлесуі ғана тұрақты денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп санайды Марат Шоранов.
Бұл ретте ол медицина саласындағы мемлекеттік кепілдіктердің құқықтық маңызына да баса мән береді. Жаңа Конституция жобасының Преамбуласында және 1-бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені нақты бекітілген. Бұл азаматтардың медициналық көмек алу құқығы сақталып, мемлекет тарапынан кепілдендірілетінін білдіреді. Сонымен қатар «тегін медициналық көмек» ұғымының құқықтық мәнін де дұрыс түсіну қажет.
- Заңдық тұрғыдан бұл медициналық қызметтердің мүлде құны жоқ дегенді білдірмейді. Сөз азаматтың медициналық көмекті өз қалтасынан қаражат шығармай алатындығы жайында болып отыр. Өйткені, ол мемлекет пен қоғамдық ынтымақтастық тетіктер арқылы қаржыландырылады, – деп атап өтеді ректор.
Қазақстан жыл сайын бюджет қаражатының шамамен 40 пайызын денсаулық сақтау жүйесін қоса алғанда әлеуметтік салаға жұмсайды. Шын мәнінде медициналық қызметтер ешқашан «тегін» болған емес. Олар әрдайым мемлекеттік бюджет пен қоғамдық қорлар есебінен қаржыландырылып келеді.
— Осылайша әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға және медициналық көмек алуға құқығын бекітетін конституциялық нормалар әлеуметтік кепілдіктерді күшейтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басымдығын растайды, – деді Марат Шоранов.
Медицинаны дамытудағы цифрландыру рөлі
Сарапшының пайымынша, цифрлық трансформация денсаулық сақтаудың барлық жүйесін жаңғыртудың және медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың негізгі факторларының біріне айналып отыр. Мемлекет медицинаның заманауи цифрлық инфрақұрылымын жүйелі түрде қалыптастырып отыр.
Ректордың айтуынша, 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы да кездейсоқ емес.
— Бұл денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық білім беруге заманауи шешімдерді енгізуге қосымша серпін береді. Бүгінде Қазақстан технологиялар, ғылым және медициналық білім бірлесе жұмыс істейтін заманауи цифрлық денсаулық сақтау экожүйесін қалыптастырып жатыр. Негізгі мақсат – әрбір азамат үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, осынау трасформацияның маңызды элементтерінің бірі – электронды денсаулық паспорттары мен электронды медициналық карталардың енгізілуі. Осы құралдардың арқасында медициналық ақпарат үздіксіз сақталып, пациент қай жерде ем алса да дәрігерлер үшін қолжетімді болады. Яғни деректер пациентпен бірге «жүріп», емдеудің сабақтастығын қамтамасыз етеді және медициналық шешімдердің сапасын арттырады.
— Цифрлық шешімдер денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын айтарлықтай жақсартады. Олар медициналық көмектің қолжетімділігін нақты уақыт режимінде бақылауға, көрсетілетін қызметтердің мониторингін жүргізуге, медициналық ұйымдардың тиімділігін талдауға және үлкен деректер негізінде жүйенің қажеттіліктерін болжауға мүмкіндік береді. Әсіресе медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда цифрландырудың маңызы зор, – дейді Марат Шоранов.
Телемедицина технологиялары, электронды жазылу сервистері, қашықтан кеңес беру және цифрлық платформалар әкімшілік кедергілерді азайтып, пациенттердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Дегенмен сарапшы кез келген цифрлық өзгерістің негізінде адам тұратынын атап өтеді. Технология дәрігерді алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндіктерін кеңейтеді.
— Сондықтан цифрлық медицинаның негізгі буыны деректермен сауатты жұмыс істей алатын, аналитикалық құралдарды қолданатын және дәлелді медицина негізінде клиникалық шешім қабылдай алатын білікті маман болып қала береді. Медициналық университеттерде бұл өзгерістер білім беру ортасының бір бөлігіне айналып келеді. ҚазҰМУ-де симуляциялық оқыту инфрақұрылымы, цифрлық зертханалар және медициналық деректермен жұмыс жүйелері дамып жатыр. Бұл студенттер мен жас дәрігерлерге жаңа технологияларды оқу кезеңінде-ақ меңгеруге мүмкіндік береді, – дейді университет басшысы.
Қазақстан медицинасының халықаралық деңгейде мойындалуы
Ректордың айтуынша, медициналық ғылымның дамуы мен цифрлық технологиялардың енгізілуі Қазақстанның халықаралық аренадағы жаңа бейнесін қалыптастырып келеді. Денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық ғылымның даму деңгейі мемлекеттің толысқандығы мен оның ғылыми-технологиялық әлеуетінің маңызды көрсеткіштерінің біріне айналып келеді.
— Халықаралық зерттеу жобалары, академиялық ұтқырлық, қазақстандық ғалымдардың жаһандық медициналық бастамаларға қатысуы, жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық медициналық платформаларды дамыту Қазақстанға әлемдік ғылыми және медициналық кеңістіктегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен халықаралық бедел мәлімдемелермен емес, нақты нәтижелермен қалыптасатындығын атап өту аса маңызды, – дейді ректор.
Әлеуметтік реформалар – халықаралық имидж факторы
Сарапшының пайымынша, бүгінде мемлекеттің әлеуметтік саясаты оның халықаралық беделіне тікелей әсер етеді. Өйткені, медициналық көмектің сапасы, білімнің қолжетімділігі, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, ғылыми әлеует пен адами капиталдың дамуы елдің тұрақты, жауапты және заманауи мемлекет ретінде қабылдануын қалыптастырады.
— Халықаралық тәжірибеде бұрыннан қалыптасқан қағида бар: «күшті денсаулық сақтау жүйесі – күшті мемлекеттің негізі». Сондықтан медицина саласындағы реформалар, ғылымды дамыту және заманауи технологияларды енгізу тек ішкі жаңғырту міндеті ғана емес, сонымен қатар елдің халықаралық деңгейдегі стратегиялық позициясының маңызды элементі саналады, – дейді Марат Шоранов.
Конституциялық өзгерістер және әлеуметтік саясат болашағы
Ректордың пайымынша, конституциялық нормалар әлеуметтік саясат пен медицина саласының одан әрі дамуының құқықтық негізін қалыптастырады. Олар әлеуметтік әділеттілік, мемлекет пен азаматтар арасындағы жауапкершілік және ұлттық дамудың негізгі ресурсы ретінде адами капиталдың басымдығы қағидаларын бекітеді.
— Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сараптамалық пікірталастардың бірін аша келе, конституциялық реформа жаһандық бәсекелестік жағдайында ел дамуының маңызды кезеңін көрсететінін атап өткен еді. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы адами капитал, мәдениет, білім, ғылым және инновациялар мемлекеттің негізгі құндылықтары болатын дәуір алмасуын бекітеді. Осы тұрғыда жастарды қолдау күшейтіліп, жас ғалымдардың дамуына қосымша мүмкіндіктер жасалып, заманауи білім беру технологиялары мен ғылыми зерттеулерді енгізу кеңейтіледі, – деп атап өтті спикер.
Ол медицина саласы үшін мұның ерекше маңызы бар екеніне сенімді. Себебі ғылымның, медициналық технологиялардың және білім беру ортасының дамуы болашақ дәрігерлердің даярлық сапасына және бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Конституция құқықтық кепілдіктер береді. Ал оларды кәсіби мазмұнмен толықтыру – біздің міндетіміз.
Осыған дейін елімізде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге арналған кешенді шаралар қабылданатыны туралы жаздық.