Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Сенатор Қазақстан мемлекеттік саясаттың басым бағыты – адам және адами капиталды дамытуға қатысты жаңа даму кезеңіне кіргенін атап өтті.
Оның пікірінше, осыған байланысты Әлеуметтік кодексті, ең алдымен зейнетақымен қамсыздандыру бөлігіндегі ережелерді жаңарған конституциялық қадамдарға және еңбек нарығының қазіргі жағдайына сәйкес келтіру қажет.
Депутат адам жасына байланысты зейнетақыны тағайындау үлгісінен еңбек өтіліне негізделген жүйеге кезең-кезеңімен көшуді қарастыруды орынды деп санайды. Бұл ретте азаматтарға осы шешім үшін экономикалық жауапкершілікті өзіне ала отырып, қажет еңбек өтіліне жеткеннен кейін зейнетке шығу сәтін дербес айқындау құқығы берілуі мүмкін.
- Бұл реформаны іске асырудағы күтілетін нәтиже – жұмыссыздық деңгейін төмендету, масылдық көзқарасты қысқарту мен енжарлықты ынталандырмау және мерзімінен бұрын экономикалық белсенділіктен негізсіз шығуды болдырмау мен азаматтардың еңбекке жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ауыртпалықты азайту есебінен зейнетақы жүйесінде ауқымды қаржы теңгерімділігін қамтамасыз ету болады», - деді Амангелді Нұғманов Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор зейнетақы заңнамасындағы олқылыққа – мүгедектік белгіленбей денсаулық жағдайы бойынша мерзімінен бұрын зейнетке шығу тетігінің болмауына ерекше назар аударады.
Оның айтуынша, қазіргі жүйе үстірт түрде мүгедектікті тануға бағытталған және созылмалы, кәсіптік және өршіп бара жатқан ауруы бар азаматтар ауқымын қамтымайды, бұл олардың еңбекке қабілеттілігін іс жүзінде шектейді.
Осыған байланысты Әлеуметтік кодексте денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін аурулар тізбесі негізінде медициналық көрсеткіштер бойынша зейнетақы тағайындау құқығын бекіту ұсынылды. Бұл ретте, еңбекке қабілеттілік қалпына келген жағдайда, еңбек ету құқығы қайта басталуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесі жаңартылып, енді жәрдемақы мен зейнетақыны есептеуде жасанды интеллект қолданылмақ.