Депутат Ләззат Жылқыбаева азаматтардың жеке деректерінің қорғалуын тексеруді талап етті

14.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ләззат Жылқыбаева азаматтардың дербес деректерінің қорғалуына және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселені көтерді. Ол аталған мәселелер бойынша Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сауал жолдады. Депутат жауапты органдардан дербес деректердің заңдылығын, оларды сақтау мен өңдеу тәртібін тексеруді сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, цифрлық дәуірде азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауы мен дербес деректерінің қорғалуы ерекше маңызға ие. Депутат елдегі жаңа Конституцияда әр адамның жеке және отбасы құпиясын қорғауға, сондай-ақ дербес деректерінің заңсыз жиналуы мен пайдаланылуынан қорғалу құқығы заңмен кепілдендірілгенін еске салды.

«Бұл – адамның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық норма. Цифрлық дәуірде бұл кепілдіктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті», – деді депутат.

Сондай-ақ депутат 11 қазанда қазақстандықтардың «Яндекс» компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмағанын да атап өтті. Компания бұл жағдайды шетелдегі инфрақұрылымдағы ақау деп түсіндірді. Ал министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, сервистің кейбір компоненттері Қазақстаннан тыс жерде екенін растаған.

«Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», – деді Ләззат Жылқыбаева.

Депутат дербес деректердің ашық жариялануына қатысты фактілерге де тоқталды. Оның мәліметінше, Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің жеке мәліметтерін мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған. Ал Семей қаласында қызметкерлермен бірге 344 кәмелетке толмаған баланың деректері де ашық қолжетімді болған.

«Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған», – деп атап өтті депутат.

Ләззат Жылқыбаева әсіресе балалардың жеке мәліметтерін қорғауға назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, баланың тұрғылықты жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған байланысты депутат бірнеше ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілуінің заңдылығын тексеруді, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың деректерді жинау тәртібіне құқықтық баға беруді ұсынды. Сондай-ақ жалпыға қолжетімді дереккөзде жариялауға жатпайтын жеке деректерді бүркемелеу талаптарының сақталуын тексеру қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, депутат осы сала мамандарының біліктілігін арттыруды, жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме әзірлеуді және жеке деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді ұсынды.

«Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады», – деді Ләззат Жылқыбаева.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью