Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Оның сөзінше, ауылдағы мәдениет үйінде 20 жыл еңбек еткен адам 200 мың теңге көлемінде айлық алады. Ал қаладағы мәдениет үйі қызметкерлерінің жалақысы тіптен аз. Себебі оларға ауылға қосылатын 25% үстеме қосылмайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз» деп шегелеп айтқан еді. Сондықтан ұлы мұраны ұлтпен ұйыстырған салаға серпін керек. Мәдениет саласының майталмандары мәселені мәдениетті жеткізуге тырысқанымен, қолда бар хаттарға қарасақ, ашынғандары анық байқалады, – деді депутат.
Сонымен бірге Н. Сәрсенғалиев мәселені шешудің нақты жолдарын ұсынды.
Оның айтуынша, ауылдық және аудандық мәдениет ұйымдарына күрделі жөндеу жасап, материалдық базасын жаңарту қажет. Сонымен қатар мәдениет саласы қызметкерлеріне мереке және демалыс күндері атқарған жұмысы үшін заңнамаға сәйкес қосымша ақы төлеуді қатаң бақылап, олардың жұмыс уақыты мен еңбек жүктемесі нақты регламенттелуі тиіс.
– Мәдениет саласындағы мамандарды қолдау мақсатында олардың көтермеақы, санитарлық-курорттық демалыс, тұрғын үй секілді әлеуметтік пакетке қол жеткізуі үшін жұмыс өтілі, белсенділігі, жетістігі ескерілетін нақты критерийлер енгізіп қолдау керек. Сондай-ақ мәдениет саласы қызметкерлерінің қоғам дамуындағы айрықша еңбегін ескеріп, олардың табысын тұрақты түрде арттыру тетігін қарастыру қажет, – деді депутат.
Бұдан бөлек, ол мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесін жетілдіріп, шетелдегі үздік мәдени ұйымдармен тәжірибе алмасу мүмкіндігін бекіту қажет екенін мәлімдеді.
Айта кетейік бұған дейін Қырғызстанда мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 100%-ға өсетінін жазғанбыз.