Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сурет ЖИ көмегімен жасалған
Депутаттың айтуынша биыл еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 215 мыңнан астамы мектеппен қоштасты. Дегенмен соңғы жылдары мектеп бітіру рәсімдері тәрбиелік маңызынан алыстап, қымбат көліктер шеруі, сән-салтанат жарысы және әлеуметтік желідегі дарақылық көріністерімен ерекшеленіп келеді.
«Мектеп бітіру – әр азаматтың өміріндегі маңызды белес. Бұл күн ең алдымен білімге құрметтің, ұстаз еңбегін бағалаудың және жаңа өмірге қадам басудың символы болуы тиіс еді. Алайда соңғы жылдары мектеп бітіру рәсімі тәрбиелік мазмұнынан алыстап, әлеуметтік бәсекенің, дарақылықтың және орынсыз даңғазалықтың көрінісіне айналып бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр», деді депутат.
Оның айтуынша, биылғы соңғы қоңырау кезінде еліміздің бірнеше өңірінде қымбат автокөліктерден құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережелері бұзылған. Алматыда мұндай фактілерге байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылған.
«Мәселе тек автокортеждермен шектелмейді. Биыл мектеп бітірушілерге арналған алып гүл шоқтары, қымбат сыйлықтар мен сән-салтанатты рәсімдер қоғамда кеңінен талқыланды. Кейбір ата-аналар баласының қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға немесе бөліп төлеуге мәжбүр болғанын айтып жатыр. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына психологиялық қысым түсіретіні анық», деді Жарқынбек Амантайұлы.
Бір айдан соң мектеп бітіру кеші өтеді: Қымбат кеш − мәртебе ме, ысырап па?
Депутат мұндай үрдістер жас ұрпақ арасында білім мен еңбектің емес, материалдық құндылықтардың басымдығын қалыптастыруы мүмкін екенін атап өтті.
«Біз балаларға білім мен еңбектің құндылығын емес, қымбат көлік пен қымбат гүл арқылы мәртебе көрсетуді насихаттап жатқан жоқпыз ба? Мемлекет басшысы бірнеше рет Заң мен тәртіпті, адал еңбек пен қарапайымдылық мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтты. Сондықтан мектеп қабырғасындағы мұндай көріністерге бейжай қарауға болмайды», деді депутат.
Осыған байланысты халық қалаулысы Үкіметке мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді, автокортеждер мен қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттердің алдын алу тетіктерін енгізуді, сондай-ақ білім беру ұйымдарында рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігіне мектеп бітіру мәдениетін қалыптастыру жөніндегі ұлттық тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу қажеттігін жеткізді.
Бұған дейін аталған мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, еліміздегі көптеген мерекенің әлдеқашан «даңғойлық жәрмеңкесіне» айналып кеткенін айтқан болатын. Депутат кейбір отбасылардың бітіру кешіне 300 мыңнан бастап, бір миллион теңгеге дейін сұралатынына шағымданатынын айтты.
Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірқатар маңызды заң жобалары қаралып жатыр.