Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Депутаттың айтуынша, аймақ еліміздің экономикасында елеулі рөл атқарады және электр энергиясы, алюминий, ферроқорытпа, көмір мен отынның едәуір бөлігін қамтамасыз етіп келеді.
Алайда, өнеркәсіптің тым көп шоғырлануы 300 млн тоннадан астам күл мен қож қалдығының жиналуына әкелді және жыл сайын 700 мың тоннадан астам лас заттар шығарылатын болды.
Өнеркәсіпті өңір топырағында көп мөлшерде ауыр металдар тіркелді, сондай-ақ Ертіс экожүйесіне түсетін ауыртпалық күшейіп барады.
Сенатор бұл жай статистика емес, адамдардың денсаулығына нақты қауіп төндіретінін атап көрсетті. Қоршаған ортаның ластануы аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер етіп отыр.
— Оның үстіне статистикалық деректерге сәйкес, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тыныс алу органдары мен онкологиялық аурулар бойынша көш бастап тұр, — деді Алтынбек Нухұлы.
Сонымен қатар депутат алдағы жылдары өнеркәсіп ауыртпалығы тек өсе беретінін атап өтті.
Екібастұзда жаңа энергия блоктарын іске қосу, ГРЭС-3 салу және деректерді өңдеу орталықтары үшін инфрақұрылым салу жоспарланған. Сенатор экология мәселелері енді конституциялық деңгейде бекітілгенін, онда мемлекет қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге міндетті екенін, ал азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлерді жасыру жауапкершілікке тартылатынын атап көрсетті.
— Әр азаматтың конституциялық құқығы мен қоршаған ортаны қорғау — біздің ортақ міндетіміз. Сондықтан экологиялық мәселелерін шешу — өңірлік саясаттың ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндеттің бірі болуы тиіс. Осыған байланысты көмір энергетикасын экологиялық тұрғыдан терең модернизациялау қажет және 300 млн тоннадан астам күл мен қож қалдықтарын қайта өңдеу бойынша арнайы бағдарлама қажет. Ертіс өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту және өнеркәсіптік ағынды суларды тазарту жүйесін күшейту, шығарындылардың ашық мониторинг жүйесін енгізу, тәуелсіз экологиялық аудит жүргізу маңызды, — деді депутат.
Айта кетейіа, жақында Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде зиянды шығарындылар нормасын асырған жылу компаниясына айыппұл салынды.