Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 4 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай үкіметтен инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарды бақылау шараларын күшейтуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлтайға Астана қаласынан және басқа да өңірлерден "шығыс медицинасы", "қытай медицинасы", "иглотерапия", "мануалды терапия" сияқты қызмет көрсететін орталықтарға қатысты шағымдар түсіп жатыр.
"Шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, инвазивті рәсімдердің санитарлық талаптарды сақтамай жүргізілуі, тіркелмеген препараттардың қолданылуы, сондай-ақ ауыр диагноздарды "емдеуге" уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетіледі. Кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекен жайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады", - деді Әлтай мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді.
"Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, "аңқау елге арамза емші" дегендей қалтасын қампайтып алып кетіп қалатындар да кездеседі", - деді депутат.
Қазақстанда "дәстүрлі қытай медицинасы" атауымен ұсынылатын қызметтердің бір бөлігі медициналық қызметке жатады және лицензияны, тиісті біліктілікті әрі нақты талаптарды сақтауға міндетті. Алайда көптеген нысандарда бұл талаптар іс жүзінде орындалмайды. Атап айтқанда, санитарлық ережелер сақталмайды, медициналық қалдықтар дұрыс жойылмайды. Ал инвазивті рәсімдер қауіпсіздік хаттамаларынсыз жүргізіледі. Оған қоса, "препарат/дәрумен/қоспа" ретінде ұсынылатын өнімдердің тіркелуі мен таңбалануы күмән тудырады.
Әлтай денсаулық сақтау министріне депутаттық сауал жолдап, инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарды, сондай-ақ, тіркелмеген препараттарды бақылау шараларын күшейтуді сұрады.