Депутат: Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты мәселе көп

19.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Судың едәуір бөлігі Қазақстанға трансшекаралық өзендер арқылы келетіндігіне және көрші мемлекеттер жаңа су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстарды қарқынды түрде салуына байланысты суармалы жерлердің аумағын кеңейтуі де қосымша қауіп туғызады.

Сенатор Су ресурстары және ирригация министрлігінің 248,2 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты толық игерілгеніне қарамастан, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту қарқынына қатысты мәселелер сақталып отырғанын атап өтті. Мәселен, гидротехникалық құрылыстардың бір бөлігі осы уақытқа дейін техникалық кешенді бағалаудан өткен жоқ. Ал бірқатар жоба ел алдында тұрған сын-қатер ауқымынан сырт қалып отыр.

Депутаттың пікірінше, су ресурстары үшін бәсекелестіктің күшеюі жағдайында жаңа су қоймаларын салу, су үнемдеу технологиясын енгізу және трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселелері бойынша көрші мемлекеттермен тиімді өзара іс-қимыл жасау ерекше маңызға ие.  

«Министрлік су ресурстары көлемінің миллиардтаған текше метрге қысқаруы болжанып отырған жағдайда су қоймаларын салу, гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша қазіргі қарқыны жеткілікті деп есептей ме? Трансшекаралық өзендерде су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстарды салу бойынша қандай жобаларды бүгінде көрші мемлекеттер жүзеге асырып жатыр? Трансшекаралық өзендерді басқару бойынша көрші мемлекеттермен біздің саясатымыз қалай болмақ?», деп сұрады Арман Өтеғұлов.

Елдегі су қоймаларының жағдайы қандай?

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Сенат депутатының сауалына жауап беріп, қазіргі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы мен трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықтың дамуы туралы баяндады.

Бүгінгі күні елімізде су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау және 14,5 мың шақырым суару каналын жаңғырту көзделген.

«Бізде 2030 жылға дейінгі арнайы тұжырымдама және кешенді жоспар бар, онда индикаторлар бекітілген. Соңғы екі жылдың ішінде жалпы су саласына тартылған инвестицияның көлемі 700 млрд теңге болып отыр. Оның ішінде 2025 жылы 370 млрд теңге инвестиция тартылды. Осы жұмыстардың арқасында бүгінгі күні екі су қойманың жұмысы аяқталып отыр. Қазіргі таңда үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Түркістан облысында екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Тағы екі су қоймасын салуға арналған жобалық құжат әзірленді. Сонымен қатар 13 нысанның жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Ал жергілікті атқарушы органдар 22 су қоймасының құрылыс жобаларын әзірлеп жатыр», дейді министр Нұржан Нұржігітов.

Су қоймаларының құрылысы қалай жүріп жатыр?

Министрдің айтуынша, тағы 5 су қоймасын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Сегіз су қоймасын қайта жаңғыртуға арналған жобалық құжат толық дайындалды. Қазір тағы 18 нысан бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бір су қоймасын реконструкциялап, тағы 7 нысанда жұмыстарды жалғастыруда.

Бүгінге дейін 1,5 мың шақырым суару каналы жаңғыртылған. Биыл жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын каналдарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оның бір мың шақырымы аяқталады деп жоспарланған. 

«Су қоймаларын салу және реконструкциялау, суару каналдарын жаңғырту мен автоматтандыру, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында су үнемдеу технологияларын енгізу 2030 жылға қарай шамамен 10 млрд текше метр суды үнемдеуге және қосымша жинақтауға мүмкіндік береді», деді министр Нұржан Нұржігітов.

Елдегі су қоймалары тасқын суға дайын ба?

Жалпы елімізде 300-ден астам су қоймасы бар. Оның 83-і республикалық, 191-і коммуналдық және 35-і жеке меншікте. «Қазсушар» РМК қарауында 78 су қоймасы болса, қалған 5-і сенімгерлік басқаруда. Су мамандарының айтуынша, стратегиялық маңызы бар үлкен су қоймаларының барлығы мемлекет меншігінде. 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью