Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин "QazaqGaz" ұлттық компаниясының төрағасына бұрынғы уәдесін еске салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін төменгі палатада мұнай-газ саласы бойынша сатып алынатын отандық тауарлар мен қызметтерді арттыру мәселесі қаралды. Сол кезде "QazaqGaz" ұлттық компаниясының төрағасы Әлібек Жамауов қазақстандық өнім өндірушілерге жасалатын жеңілдіктер жайында айтты.
"Ішкі құндылықты дамыту компанияның негізгі басымдығы болып қала береді", - деді Жамауов.
Ал Еділ Жаңбыршин оған вице-министр болған кездегі уәдесін еске салды.
"2030-ға дейін сұйытылған мұнай-газды толық қамтамасыз етеміз деп парламентте уәде бергенсіз. Міне, "QazaqGaz"-ға бардыңыз. Енді сол мәселені дұрыстап қолға алу керек. Мен сол кезде сіздің жауабыңызды жаттап алдым", - деді Жаңбыршин.
Жамауов "Қабылданды, бұйыртса, береміз" деп қысқа ғана қайырды.
Айта кетері, 2023-2025 жылдары Әлібек Жамауов энергетика вице-министрі болған.