24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Бүгін елордалық бронетехника зауытына Сенат депутаттары арнайы ат басын бұрды.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері алдымен металл өңдеу цехына аялдап, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мұндағы мамандар тек жаңа техника құрастырып қана қоймай, қолданыстағы темір тұлпарларды да жаңғыртады. Қазақстанның қорғаныс саласындағы теңдессіз жетістігі - кәсіпорындағы алып порталды фрезерлік орталық. Бұл кешен автоматтандырылған жүйе арқылы машина корпусын миллиметрлік дәлдікпен өлшейді. Кездесу барысында сенаторлар мен мамандар инновацияны өндіріске енгізу және білікті кадрлардың әлеуетін арттыру мәселелерін талқыға салды.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл жетістік Қазақстанның әскери машина жасау саласында дербес мектеп қалыптастырғанының айқын дәлелі. Шығарылатын өнімдер тактикалық-техникалық сипаттары бойынша әлемдік стандарттардың биік үдесінен көрініп отыр. Ең бастысы, бұл алып кешен мемлекет қазынасына иек артпай, жеке инвестиция есебінен бой көтерген. Бүгінде кәсіпорын тек ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, халықаралық нарыққа сенімді қадам басуды көздейді. Алдағы жоспарлар мен келіп түскен тапсырыстар зауыттың болашағы зор екенін айғақтайды.
Вадим Шакшабаев, зауыт директоры:
- Кәсіпорынның өндірістік желісінде 4х4, 6х6, 8х8 дөңгелек формуласы бар броньді машиналар бар. Зауыттың қуаттылығы жылына шамамен 100 машина шығаруға қауқарлы.Бұл көрсеткіш тапсырыс көлеміне байланысты өзгеруі мүмкін. Қазіргі таңда мұнда 134 білікті маман еңбек етуде. Тапсырыс көлемі артқан сайын өндіріс ауқымын кеңейтуге де толық мүмкіндік қарастырылған. отандық өнімге Пәкістан сияқты шетелдік серіктестер тарапынан қызығушылық жоғары. Сондай-ақ зауыт мамандары шетелдік оқу-жаттығу орталықтарында біліктіліктерін шыңдап қайтқан. Бұл өз кезегінде кез келген мемлекеттің қорғаныс тапсырысын немесе экспорттық келісім-шарттарды жоғары деңгейде орындауға дайын екенімізді білдіреді.