Депутаттар тасқын суды тиімді пайдалануды ұсынды

28.05.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Б.Бейсенғалиев, А.Рау,  Д.Тұрғанов, М.Жайымбетов  Премьер-министр Олжас Бектеновке тасқын суды тиімді пайдалану туралы сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сауалды «AMANAT»  фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев оқып берді. Оның айтуынша, 2024 жылғы жойқын тасқынның өзі мемлекетке кемінде 200 миллиард теңгеден астам шығын әкелді. Бірақ ең басты мәселе – біз сол тасқын суды әлі күнге дейін тиімді жинап, сақтап, пайдалана алмай отырғанын жеткізді. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесін ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты стратегиялық мәселе ретінде бірнеше рет атап өтті. Президенттің айтуынша, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.  

Бұл – жай экологиялық мәселе емес. Бұл – ауыл шаруашылығының, азық-түлік қауіпсіздігінің, энергетиканың, өндірістің және тұтас өңірлердің болашағына әсер ететін аса маңызды фактор. Бүгін Қазақстан екі үлкен қатердің ортасында тұр. Бір жағынан – көктем сайын миллиардтаған текше метр тасқын сумен күресеміз. Екінші жағынан – жазда қуаңшылықтан зардап шегеміз.  2024 жылғы жойқын тасқындардың өзі мемлекетке кемінде 200 миллиард теңгеден астам шығын әкелді. Бірақ ең басты мәселе – біз сол тасқын суды әлі күнге дейін тиімді жинап, сақтап, пайдалана алмай отырмыз.

Мамандардың айтуынша, кейбір су арналары мен каналдарда судың 50-60 пайызы далаға кетеді. Тек Есіл өзенінің өзінен жыл сайын 4-5 миллиард текше метр тасқын суы босқа ағып кетеді.  Мысалы, Ауғанстандағы Қош-Тепа каналының салынуы алдағы уақытта Орталық Азиядағы су балансына елеулі әсер етіп, Сырдария бассейніне келетін су көлемін азайтуы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін су қауіпсіздігі мәселесінің стратегиялық маңызын одан әрі күшейтеді. Осы жағдайда Қазақстанға ұзақмерзімді, батыл әрі стратегиялық шешімдер қажет.

Сондықтан «Ертіс – Қаныш Сәтбаев каналы – Есіл – Торғай – Арал теңізі» бағыты бойынша су тасымалдау жобасын мемлекеттік деңгейде қарастыру қажет деп санаймын.  Бұл жобаның басты артықшылығы – су мүмкіндігінше табиғи еңіс пен табиғи арналар арқылы ағатындықтан, қымбат сорғы стансаларын көп қажет етпейді әрі энергия шығыны төмен болады. Сонымен бірге артық тасқын суды бұру арқылы Есіл бойындағы су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік туады, – дейді ол. 

Депутат бүгінде «Арал-Каспий бассейнінің экожүйесін қайта жаңғырту халықаралық қоры» аталған өзен судың табиғи арналары арқылы сорғы стансаларын барынша аз пайдаланып, байланыстыру жобасын әзірлеп, оны іске асыруға дайын екенін жеткізді.

 Егер жоба іске асса:

– тасқын суларын жинап, тиімді пайдалануға;

– жоғарыда аталған өңірлерде лимандық суаруды қайта жандандыруға;

– мал шаруашылығының жемшөп базасын күшейтуге;

– жаңа кен орындарын сумен қамтамасыз етуге;

– балық шаруашылығын дамытуға;

– Солтүстік Аралдың экологиялық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.  

Әлемдік тәжірибе мұндай ірі су жобаларының тиімді екенін дәлелдеді. Мысалы, Қытай  South–North Water Transfer  жобасы арқылы су ресурстарын өңіраралық қайта бөлсе, АҚШ-та  Tennessee Valley Authority  бағдарламасы өзендерді тиімді басқару арқылы тұтас аймақтардың экономикасын дамытуға мүмкіндік берді. Ал Нидерланды  Delta Works  жүйесі арқылы су қауіпсіздігін ұлттық стратегиялық басымдыққа айналдырды. Яғни, дамыған мемлекеттер су инфрақұрылымын шығын емес, елдің болашағына салынған стратегиялық инвестиция ретінде қарайды.

Қазақстан да су саясатына дәл осындай мемлекеттік әрі стратегиялық көзқараспен қарауы қажет. Табиғи көздерімізді құтқару, оның ішінде Арал теңізінің солтүстік бөлігінің көлемін ұлғайту және су балансын сақтау үшін озық ғылыми әдістер мен технологиялар тарту мәселесі   «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» бағдарламасында нақты белгіленген. Осыған байланысты Үкіметтен: «Ертіс – Қаныш Сәтбаев каналы – Есіл – Торғай – Арал теңізі» жобасына жан-жақты техникалық, экономикалық және экологиялық зерттеу жүргізуді, екіншісі – Жобаның азық-түлік, энергетикалық және экономикалық қауіпсіздікке әсерін бағалауды, суармалы жер көлемін ұлғайту және мал шаруашылығын дамыту әлеуетін есептеуді, жаңа кен орындарын сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін зерделеуді қарастыруды сұраймын, – деді ол. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью