Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазіргі уақытта 300-ден астам отандасымыз шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында білім алып жүр. Ал биыл 100-ге жуық курсант оқуын аяқтап, елге оралды.
Болашақ офицерлер халықаралық келісімдер аясында Ресей, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Әзербайжан және АҚШ-та даярлықтан өтеді. Қорғаныс министрлігі мәліметінше, өзге мемлекеттердің өкілдерімен бірлесіп оқу Қазақстанның Қытай, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер, НАТО елдері және Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттер сияқты серіктес елдермен дипломатиялық әрі әскери байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстандық әскери қызметшілер шетелдік оқу орындарында әскери медицина, десанттық даярлық, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, әскери авиация, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, әскери инженерия, байланыс, киберқауіпсіздік, әскери-теңіз ісі, және логистика бағыттары бойынша білім алады.
Мұндай тәжірибе курсанттарға өзге елдердің әскери білім беру жүйесімен және мамандар даярлау әдістемесімен танысуға жол ашады. Алайда шетелдік дипломның құндылығы оны елге оралғаннан кейін іс жүзінде қолданумен өлшенеді.
Мәселен, лейтенанттар Мықтыбек Нұрасыл мен Сапар Жәнібек Ресейдегі В.Ф. Маргелов атындағы Рязань гвардиялық жоғары десанттық командалық училищесінде білім алған.
Суретте Мықтыбек Нұрасыл/Қорғаныс министрлігі
Олар оқу барысында тактикалық ойлау, тәртіп және жеке құрамды басқару дағдыларын жетілдірген. Қазір екеуі де Арнайы операциялар күштерінде қызмет етеді.
Суретте Сапар Жәнібек/Қорғаныс министрлігі
Тағы бір мысал – аға лейтенант Диас Салықбай. Ол 2026 жылы Ресейдегі Кеңес Одағының Маршалы С.К. Тимошенко атындағы Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскери академиясын үздік бағамен тәмамдаған. Қазір 65476 әскери бөлімінде оқу взводының командирі. Оның мамандығы қауіп-қатерді бағалау, қорғаныс шараларын ұйымдастыру және жеке құрамды арнайы даярлау бағыттарын қамтиды.
Суретте Диас Салықбай/Қорғаныс министрлігі
Ал аға лейтенант Мадияр Асқарбек Беларусь мемлекеттік авиация академиясында "Ұшқышсыз авиациялық кешендерді технологиялық пайдалану" мамандығын үздік дипломмен аяқтаған. Қазір Тараз қаласындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығында қызмет етеді.
Суретте Мадияр Асқарбек/Қорғаныс министрлігі
Бұл мысалдар шетелде әскери мамандарды даярлаудың әртүрлі бағытты қамтитынын көрсетеді. Бірі десанттық бөлімшелерді басқаруға, екіншісі арнайы қорғанысқа, үшіншісі ұшқышсыз авиацияға маманданған.
Шетелде білім алған офицерлер үшін негізгі міндет – жинақтаған тәжірибесін отандық әскери бөлімдерде қолдану және оны өзге қызметшілермен бөлісу. Жаңа әдістерді оқу-жаттығуға енгізу, жеке құрамның даярлығын жетілдіру және заманауи технологияларды меңгерту халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі болмақ.
Министрлік шетелде әскери білім алу түпкі мақсат емес екенін мәлімдеді. Бастысы – халықаралық тәжірибені Қазақстан армиясының қажеттілігіне бейімдеп, елдің қорғаныс әлеуетін нығайту.
ҚР Қорғаныс министрлігі ұсынған материал
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу