Диализде 9 жыл өткізген қазақстандыққа анасының бүйрегі ауыстырып салынды

21.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Зоя Мироненко тоғыз жыл бойы диализге таңылып, бүйрек алмастыру кезегін күтті. Осы уақыт ішінде анасы қызына донор болуға дайын болғанымен, қан топтарының сәйкес келмеуі ота жасауға кедергі болып келді. Отбасы басты арманы орындалғанға дейін бірнеше жыл бойы тексеру мен дайындықтан өтуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Tengri Health.

"Бүйрегім кеуіп кеткен екен": Зояның хикаясы

Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Зоя Мироненко бүйрек мәселесі жасөспірім кезінен басталғанын еске алады. Өзінің айтуынша, ауруханаға қаралғанымен, ол кезде ешқандай күрделі дерт анықталмаған.

"Терапевт үнемі бәрі жақсы деп айтатын. Ал есейіп, жұмысқа тұрған соң бір күні аурухана парағына шыққанымда, бүйрегімнің кеуіп кеткені белгілі болды", - дейді қыз.

Осылайша, тоғыз жылға созылған диализ өмірі басталды - бұл бүйрек қызметін алмастырып, қанды тазартуға көмектесетін процедура.

Осы уақыт бойы Зояның жанында анасы Надежда Бережко болды. Анасы бірден қызына донор болуға бел буған.

"Зоя диализге түскеннен кейін көп ұзамай Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа жүгіндік. Мен бірден қызыма бүйрегімді беретінімді айттым. Бірақ тексеруден кейін қан тобымыз сәйкес келмейтіні анықталды", - дейді анасы.

Ол кезде Зояға анасының бүйрегін салу мүмкін емес еді. Алайда бірнеше жылдан кейін жағдай өзгерді.

"Көзіңді ашсаң, төбеңде дәрігер тұрады": үш жылдық дайындық

2023 жылы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта АВ0-сәйкес келмейтін донорлардан бүйрек трансплантациясын жасау қолға алынды.

Анықтама: АВ0-сәйкес келмейтін трансплантация - бұл қан тобы үйлеспейтін донордан бүйрек алмастыру. Ота алдында салынған мүшенің иммундық жүйе тарапынан қабылданбай қалу қаупін азайту үшін пациент арнайы дайындықтан өткізіледі.

Бұл Зоя мен оның анасына бүйрек алмастыруға мүмкіндік туғанын білдірді. Дегенмен, ота жасалғанға дейін тағы үш жыл уақыт өтті.

Зоя мен Надежданы трансплантацияға дайындап, отаны жасаған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың хирург-трансплантологы Мэлс Асықбаев мұндай дайындық ұзақ уақыт алуы мүмкін екенін растады.

Зояның жағдайында дәрігерлерге толық тексеру жүргізіп қана қоймай, ұзақ жылғы диализден кейінгі ағзаның күйін де бағалау қажет болды.

"Қан топтары сәйкес келмеген жағдайда табиғи және иммундық антиденелердің деңгейіне ерекше көңіл бөлінеді. Егер олардың титрі (қандағы белгілі бір антиденелер мөлшерінің көрсеткіші) тым жоғары болса, мүшенің қабылданбау қаупі жоғары болғандықтан, трансплантация жасау қауіпті", - деп түсіндірді дәрігер.

Мэлс Асықбаевтың айтуынша, дәрігерлер антиденелер деңгейін төмендету үшін бірнеше рет терапия жүргізіп, пациенттің жағдайын үнемі бақылап, ағзадағы басқа да өзгерістерді реттеп отырған.

Надежда бұл уақыт өзіне және қызына ғана емес, оларды бақылаған дәрігерлерге де оңай болмағанын айтады.

"Олар жанымызда жүрді, отырды, күзетті. Тіпті жансақтау бөлімінде де көзіңді ашсаң, төбеңде дәрігер тұрады. "Дәрігер түні бойы менің қасымда тұрған ба?" деп іштей таңғаласың", - деп еске алады Надежда.

"Мама, рақмет саған": ота жасалған күн

Дайындық басталғаннан кейін үш жыл өткенде, барлық көрсеткіш қажетті деңгейге жетіп, дәрігерлер тексеруді аяқтаған соң, Зояға анасының бүйрегі салынды. Ота Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта сәтті өтті.

"Бұл расында ұзақ әрі күрделі дайындық болды, бірақ отбасы берілмей, өз мақсатына қадам баса берді", - деді Мэлс Асықбаев.

Надежда Бережко отадан кейін де ең бірінші қызын ойлағанын жеткізді:

"Зоя әлі наркоздан толық айықпаса да, бірден 'Мама, рақмет саған' деді. Мен үшін ең бастысы - қызымның амандығы".

Надежда үшін донор болу шешімі айқын еді. Ол бір бүйрекпен қалудан қорықпаған. Оған қызына өмір сыйлау әлдеқайда маңызды болды:

"Беру қорқынышты емес, есесіне басқа адамның өмірін ұзартасың. Бір бүйрекпен өмір сүріп жатқандар көп: біреулерде ауруға байланысты алып тастайды, ал кейбіреулер тіпті бір бүйрекпен туады".

Енді Зоя диализ бен тексерулер туралы емес, болашағы туралы ойлайды.

Денсаулығы түзелген соң, ол тұрмысқа шығып, отбасын құруды және балалар үйінен бала асырап алуды жоспарлап отыр. Салынған бүйрекке байланысты өзі босануға қорқатынын жасырмайды.

"Шын қаласаң, армандар орындалады екен. Мен тоғыз жыл бойы армандадым, міне, нәтижесі. Жаңа өмір басталып жатыр. Қазір аздап оңалып алайын, сосын толыққанды өмір сүремін!" - дейді Зоя күлімсіреп.

Үш жылда 10 трансплантация

Қазақстанда қаны сәйкес келмейтін донорлардан бүйрек алмастыру отасы алғаш рет 2023 жылы Ұлттық ғылыми онкология орталығында жасала бастады. Осы уақыт ішінде мұнда 10 бүйрек трансплантациясы жасалса, оның төртеуі 2024 жылы жүзеге асырылды.

Жыл аяғына дейін мамандар осындай тағы бірнеше ота жасауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бізге орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

Мэлс Асықбаевтың айтуынша, АВ0 бойынша сәйкес келмейтін донордан трансплантация жасау ерекше мұқият иммунологиялық дайындықты қажет етеді.

"Антиденелердің қауіпсіз деңгейіне қол жеткізіп, иммундық жүйенің жай-күйін бағалау керек, содан кейін ғана ота жасауға болады. Сонымен қатар бүкіл трансплантация тобы процедураға толықтай дайын болуы тиіс".

Дәрігердің сөзінше, мұндай оталардың кез келген орталықта жасала бермейтіні де сондықтан. Алайда қаны сәйкес келетін доноры жоқ пациенттер үшін бұл технология трансплантация жасатып, толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін біз осыған ұқсас оқиға туралы жазған болатынбыз. 46 жастағы Юлия Соснова ауыр дертке шалдығып, оған бүйрек трансплантациясы ғана көмектесе алатын еді. Қан тобының сәйкестігі төмен болғанына қарамастан, оның кіші ұлы донор болды.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

трансляция

Денсаулық

Қазақстан

Астана

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью