Arasha.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дияр Нұрғожай UFC-дегі алғашқы жеңісін тойлады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.
Қатарынан екі жеңілістен кейін бұл кездесуге андердог (фаворит емес) статусында келген Нұрғожай Астана уақытымен жексенбіге қараған түні бразилиялық Рафаэл Тобиасты төрешілердің біріңғай шешімімен жеңді. Қазақстандық спортшы қарсыласынан тек соққы алмасуда ғана емес, партердегі бақылау бойынша да басым түсті. Екінші раундтағы қысқа әрі таласты сәтті есепке алмасақ, Нұрғожай жекпе-жек бойы бразилиялық фавориттен үстем болды.
Қазақстандық файтер джебтер мен корпусқа жасалған фронт-киктерді тиімді пайдаланып, қашықтықты бақылауда ұстады. Қауіпті сәттерге қарамастан (Тобиас бір рет Нұрғожайды қарсы соққымен есеңгіретіп, сирек кездесетін «Сулоев созылуы» әдісін жасауға шақ қалды), ол соққы дәлдігінің арқасында доминанттық көрсетті. Мәселен, Нұрғожай 65% дәлдікпен 94 маңызды соққы жұмсаса, Тобиаста бұл көрсеткіш 39 соққы мен 38% дәлдікті құрады. Қауіпті финишер әрі джиу-джитсу шебері (қоңыр белбеу) саналған, болжам бойынша жекпе-жекті шиеленістіріп, қазақстандықты қателік үстінде ұстауы тиіс болған бразилиялық Нұрғожайдың прагматизміне қарсы ештеңе істей алмады.
Жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі бұл кездесу Лас-Вегастағы (АҚШ) T-Mobile Arena-да, UFC 326 турнирінің ерте прелимінде өтті. Кештің басты оқиғасы — америкалық Макс Холлоуэй мен бразилиялық Чарльз Оливейра арасындағы жекпе-жек болды.
Енді Нұрғожайдың кәсіби мансабында 11 жеңіс пен екі жеңіліс бар, айта кетерлігі, ол соңғы үш кездесуін әлемнің үздік лигасында өткізді.
Айта кетсек, бұл соңғы бір ай ішіндегі қазақстандық файтерлердің UFC-дегі қатарынан үшінші жеңісі:
7 ақпанда Николай Веретенников америкалық Нико Прайсты нокаутпен жеңді.
22 ақпанда Әліби Ыдырыс дебюттік кездесуінде АҚШ өкілі Оде Осборнды төрешілер шешімімен тізе бүктірді.