Доллар арзандап, теңге нығайып жатыр Ұлттық банк себептерін атады

10.07.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кейінгі айларда теңгенің долларға қатысты тұрақтылығы себебін түсіндірді. Ұлттық банк басшысы реттеушінің белсенді араласуынсыз-ақ ұлттық валюта тұрақтылығын сақтауға көмектесетін бірнеше факторды атады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, кейінгі айлар теңге реттеуші тарапынан араласусыз да өзін нық ұстай алатынын көрсетті. Ол мұны валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арақатынасымен түсіндірді. Тимур Сүлейменов Қазақстан экспорты артып келетінін, ал импорт шамамен бұрынғы деңгейде қалып отырғанын атап өтті.

"Тиісінше, валютаға сұраныс пен валюта ұсынысы арасындағы алшақтық валюта бағамы тұрақтылығын қамтамасыз ететін деңгейде сақталып отыр", - деді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, тағы бір фактор - бейрезидентттердің портфельдік инвестициялары. Сүлейменов шетелдік инвесторлар валютаны теңгеге айырбастап, бағалы қағаздар сатып алатынын айтты.

"Біз бейрезиденттердің нарықтан шұғыл шығып кетуі туралы қауіптердің қазір орындалып жатпағанын көріп отырмыз. Кез келген инвестиция жағдайға байланысты. Өз мүддесіне қауіп төнсе, әрине, инвестор кетеді. Бірақ ол өз мүдделерінің қорғалғанын көрсе, осы юрисдикцияда өзін жайлы сезінеді. Қазір Қазақстанда дәл осы жағдай қалыптасып отыр", - деді ол.

Бұл ретте Ұлттық банк басшысы нарықтағы бейрезиденттердің үлесін асыра бағалауға болмайтынын атап өтті:

"Сандарға сүйенсек, бейрезиденттердің қатысу деңгейі шамамен 8 пайыз. Мұны өте үлкен көрсеткіш деп асыра айтудың қажеті жоқ. Ол ешқашан 9 пайыздан жоғары көтерілген емес. Даму деңгейі шамалас басқа елдерде бұл көрсеткіш жоғары - 12–17 пайыз".

Оның айтуынша, Ұлттық банк портфельдік инвестицияларды құптайды, бірақ үлесінің шамадан тыс өсуіне мүдделі емес:

"Біз Ұлттық банк ретінде бұл үлестің айтарлықтай өскенін қаламаймыз. Портфельдік инвестицияларды қолдағанымызбен, белгілі бір сын-қатерлердің бар екенін де мойындаймыз. Сондықтан 10 пайыз шамасындағы деңгей сақталса, біз оны теңгерімді көрсеткіш деп санаймыз", - деді Ұлттық банк төрағасы.

Анықтама: Портфельдік инвестициялар - бұл шетелдік немесе жергілікті инвесторлардың компанияны бақылауға алмай, ақшаны акцияларға, облигацияларға және басқа да бағалы қағаздарға салуы. Мысалы, жеке тұлға немесе қор қазақстандық банктің немесе компанияның акцияларын олардың құнының өсуінен немесе дивидендтерден табыс табу мақсатында сатып алады. Тікелей инвестициялардан айырмашылығы - инвестор бизнесті басқармайды, тек қаражат салып, табыс алады. Мұндай инвестициялар экономикаға капитал тартуға көмектеседі, бірақ жағдай нашарлағанда инвесторлар өз қаражатын тез арада алып шығуы мүмкін.

Доллардың алдағы динамикасы туралы сұраққа жауап бере отырып, Сүлейменов Ұлттық банк болжам жасамайтынын, алайда қазіргі уақытта валютаға деген үлкен қосымша сұранысты байқап отырмағанын еске салды.

"Импорт деңгейі шамамен сол деңгейде сақталып отыр, біз валютаға үлкен қосымша сұранысты байқап отырған жоқпыз. Сондықтан қарапайым экономикалық және нарықтық талдауға сүйенсек, доллар бағамы қатты өзгермеуі тиіс", - деді ол.

Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы бағамның маусымдық және басқа да нарықтық факторлары бар екенін мәлімдеді.

"Бірақ мен болжам жасамаймын, өйткені бұған нарық жауап беруі керек", - деп түйіндеді Сүлейменов.

Бағамға не болып жатыр?

Бұған дейін Тимур Сүлейменовке кейбір сарапшылардың доллар бағамы 515 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деген болжамдары туралы сұрақ қойылған болатын. Сол кезде ол Ұлттық банк теңгенің күрт әлсіреуіне алғышарт көріп отырмағанын мәлімдеген еді.

5 маусымда ол базалық мөлшерлеменің төмендеуінен кейін Ұлттық банк теңгенің әлсіреуін күтпейтінін айтты. Оның айтуынша, 17 пайыз деңгейіндегі базалық мөлшерлеме теңгелік активтердің тартымдылығын сақтайды, сондықтан бағам "қатты өзгермейді".

Шілденің басында доллар бір апта ішінде 14 теңгеге дейін арзандағаны туралы жазған болатынбыз. Сарапшылар теңгенің нығаюын ішкі факторлармен, Ұлттық банк саясатымен және бейрезиденттердің қаражат ағынымен байланыстырды.

Теңгенің нығаю факторларының бірі ретінде сарапшылар квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сатуын, сондай-ақ жоғары базалық мөлшерлеме мен шетелдік инвесторлар ағынын атады.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью