Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Ақтөбе облысында "домбыраны харам" деп әлеуметтік желіге жариялаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Ер адам әлеуметтік желіге бейнжазба жариялаған.
"Ханафи мазхабында ішекті аспаптар, гитара, домбыра, балалайка болсын харам болып есептеледі", - дейді тұрғын бейнежазбада.
Бұл пікір қоғамның ашуын тудырды.
Ақтөбе облысы полиция департаменті жергілікті тұрғынға қатысты діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде діни негіздегі араздық пен өшпенділікті қоздыруға бағытталған пікірлер жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында оның кім екені анықталып, ұсталды", - дейді полицияда.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау түрі таңдалды.
Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.