Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. Павлодар облысында киберполицейлер зейнеткердің 5 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгісіз адамдар зейнеткерге қоңырау шалып, өздерін домофон қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Құрылғыны ауыстыруды тіркеу үшін СМС-кодты айту керек деген. Қоңырау шалушының сөзіне сенген әйел алынған кодты хабарлаған. Біраз уақыттан кейін оған қайтадан белгісіз адамдар хабарласып, СМС-кодты бергеннен соң оның деректері рұқсатсыз алынғанын айтқан.
"Алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған. Қылмыскерлерді ұстау үшін шоттарындағы ақшаны шұғыл түрде шешіп алып, әрі қарай нұсқауларды күту қажет екенін түсіндірген", - дейді полиция.
Алаяқтардың нұсқауын орындаған әйел екі банк бөлімшесіне барып, қаражат шешіп, несие рәсімдемек болған.
"Банк қызметкеріне зейнеткердің бұл әрекеті күдік тудырып, ол бірден полицияға хабарлаған. Сөйтіп зейнеткердің 5 млн теңгесі алаяқтардан аман қалды", – деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.
Зейнеткер полиция қызметкерлеріне қырағылық танытып, қаражатын сақтап қалуға көмектескені үшін алғысын білдірді.