Донорлықтың беймәлім даңғылы

02.04.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Транспланттауды және жоғары тех­но­логиялық медициналық қыз­метті үйлестіру жөніндегі республикалық ор­талықтың статистикалық мәліметінше, жыл сайын 300 адам кезегі жетпей, «Күту парағынан» шығады. Былтыр 4 506 адам күту парағында болса, оның 342-сі көз жұм­ған. Әр күнін үмітпен өткізетін бұл жан­дарды құтқарып қалудың жолы жоқ емес, бар. Оның басты шешімі – мәйіттік до­нордың әлеуетін арттыру. Дәрігерлердің айтуынша, 10 мәйіттік донор арқылы 50 адамның өмірін құтқарып қалуға болады. Өкі­нішке қарай, мәйіттік донор бағытын да­мытуға бірқатар жайт мүмкіндік бермей ке­леді. Негізгі себеп – қоғамдағы қате тү­сі­нік пен қолданыстағы ереженің осал тұ­сы.

Қазір еліміздің кез келген азаматы көзі тірісінде eGov.kz порталына кіріп, қайтыс болғаннан кейін ағзаларды транспланттау мақсатында ерікті түрде келісім бере ала­ды. Ерікті түрде келісім берудің екінші әді­сі – бекітілген емханаңызға барып, тір­кеу бөліміндегі мамандардың көмегімен «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың және тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс бол­ған­нан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» фор­­­­масын толтырасыз. Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қыз­метті үйлестіру орталығы дирек­то­ры­ның орынбасары Назгүл Жылгелдинаның айтуынша, «Қазақстан – әлемде донор болуға келісімді де, қарсылықты да тіркеп қой­ған жалғыз ел». Бұл трансплантация сала­сындағы қызметтерді реттеудің бірден-бір артықшылыққа ие тетігі болғанымен, ереженің шикі тұсы барын да жоққа шы­ғармаймыз. Мәселен, бұл форманы тол­тырған 130 мың адам донор болудан бас тарт­са, 7 мың адам ғана келісім берген, алай­да қолданыстағы ережеге сәйкес, ке­лісім берген 7 мың адам көз жұмса, мәйіт­тік донор ретінде қарастыру үшін жақын туыс­тарының келісімі міндетті түрде қажет бо­лады. Егер де туыстары қарсылық та­ныт­­са, өкінішке қарай, марқұмның көзі тірі кезіндегі келісімінің күші жойылады. Мысалы, 2025 жылғы дерекке сүйенсек, 184 ықтимал донор анықталғанымен, олар­дың 19-ының ғана туысы келісім бер­ген. Олардың 18-інің жағдайы меди­ци­на­лық көрсеткіштерге сәйкес келіп, 68 трансп­­лантациялық ота сәтті өтті. Бұл – өте төмен көрсеткіш болғандықтан, ойлан­дырар­лық мәселе. Әлемде бір мемлекет «ке­лісім презумпциясын» негізге алса, бас­қа мемлекет «бас тарту презумпциясын» қол­данады, ал бізде іс жүзінде «сұралған» ке­лісім презумпциясы іске асады деген сөз, яғ­ни марқұмның көзі тірісінде келісімі бол­са да, нақты шешім туыстардың рұқ­сатымен ғана қабылданады.

Мәйіттік донордың үлесі төмен

Елде трансплантация бағдарламасы 2010 жылдардан бастау алды, бү­гін­ге дейін 3 мыңға жуық трансплан­тация­лық опе­рация өтсе, оның 85 пайызы туыс­тық до­норға тиесілі, яғни тірі адам донор бол­­ған. Демек, елімізде тірі донор болудың үле­­сі 80-90%-ға жетсе, әлемдік тәжірибеде, ке­­рісінше, мәйіттік донор бағыты 70-80% жағ­дайда қолданылады. ТМД аумағын қарас­тырсақ, Беларусь елінің өзінде бұл жүйе едәуір қалыптасқан. Беларусь елінде адам тірісінде донор болуға қарсылық білдірмесе, бірден мәйіттік донорлыққа ке­ліскен деп саналады, сол себепті күту па­рағындағы науқас  саны 200-ден аспай­ды, ал пациент ағзаны ұзақ күтіп әуре бол­­май­ды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дере­гінше, бүгінге дейін 12 мыңнан аса адам мәйіттік донорлыққа келісім берген, ал 13 мың азамат бас тартқан. Келісім бергеннің бәрінің ағзасы медициналық талапқа сай келмесе, трансплантацияға жарамасы анық әрі порталға кіріп, ерікті болуға нем­құрай­лы қарайтындар да көп.

– Трансплантацияны үйлестіру сала­сын­да донорлық белсенділік деген ұғым бар. Донорлық белсенділік – елдегі бір мил­лион халыққа шаққандағы донорлық көр­сеткіші. Әлемде донорлық белсенділігі жо­ғары елдер қатарына Испания, Америка және Еуропа елдерін жатқызамыз. Ис­па­ния­да 2024 жылы 1 миллион халыққа шақ­қан­да – 53 донор, Америкада 50 донорға жетті. Елімізде мәйіттік донор белсенділігі өте төмен деңгейде. Әрбір адам eGov.kz пор­талындағы жеке кабинетіне өтіп, келі­сім бере алады немесе қарсылық таныта алады. Келісім берген адамдардың саны төмен, тіпті порталға кіріп, мәселеге көңіл бө­ліп, өзі жайында ақпар қалдырмайды, – дейді University Medical Center-дің Меди­ци­на­лық және рет­теуші сұрақтар бойынша департаментінің басты менеджері Сәуле Талғатқызы.

Маманның сөзінше, бір дүниені қа­перде ұстау керек, адам келісім бер­геннің өзінде донор болу мүмкіндігі төмен. Донор болу үшін адам реанимацияда болу керек және бас миының өлімі диаг­нозы бірден қойылмайды, арнайы ко­мис­сия бір тәулік ішінде әрбір 2-3 сағат арнайы тексеріс жасайды. Диагноз тіркелгеннен кейін де мәйіт бірнеше мәрте тексеруден өтеді­, егер ішкі мүшелерінде инфекция анық­талса немесе жарамсыз болса, ол адам до­нор бола алмайды.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын жылына 2-4 донор ғана табылатын. 2025 жылы ғана мәйіттік донор саны сәл артты, 18 мәйіттік до­нор болды. Қазір 4 мыңнан аса адам транс­п­лантацияға мұқтаж, оның ішінде 236 адам бауыр трансплантациясы бойын­ша күту парағында тұр, бауырға мұқтаж 20 шақ­ты бала да бар. Трансплантация жа­сал­маса, өлім қаупі жоғарылайды. Жыл сайын 250-300 адам дүние салады және сон­­ша адам жыл сайын күту парағына қо­сы­лады, – дейді С.Талғатқызы.

Бауырға мұқтаждық артты

Трансплантология саласы күннен-күн­ге дамып келеді, егер де донор та­былса, операция жасауға қажет техно­ло­гиялық база да, шетелден білім-білігін шың­дап келген мамандар да жеткілікті. Таяуда University medical center орталы­ғын­да Гепатобилиарлы хирургия және бауыр трансплантациясы бөлімі ашылды. Бұл сала бауыр бөлігін алу, өт қабын алып тастау, ісіктерді жою, өт жолын қайта құру секілді бірнеше күрделі операцияны қатар жасауға бағытталған.

– Бұрын күрделі операциялар үшін шет­елге баруға мәжбүр болдық, қазір бәрін өзіміз атқара аламыз. Келесі стратегиялық қадам – бауыр трансплантациясының то­лық­қанды бағдарламасы. Әлемдік деңгей­дегі JCI стандартына сәйкес инфра­құры­лым, сарапшылық деңгейдегі жабдықтар, білікті мамандар – қажеттінің бәрі база­мыз­дан табылады. Қолымызда саланы жаһан­дық деңгейде дамыту, Қазақстанды Орталық Азиядағы жоғары технологиялық медицинаның аймақтық хабына айналдыру мүмкіндігі бар, – дейді бөлім жетекшісі Дмитрий Львович.

Хирургтың айтуынша, қазір бүйрекпен қатар бауыр трансплантациясына мұқтаж нау­қастардың қатары артқан. Оған себеп – бауыр циррозы. Мұны жаһандық деңгей­дегі пандемия десек те болады, ауру жыл сайын әлемдегі 1.3 миллионнан аса адам­ның өмірін жалмап отыр. B және C вирус­тық гепатиті, метаболикалық синдроммен бай­­ланысты алкогольсіз майлы бауыр ауруы да артып келеді, алкогольді көп тұ­тыну да жығылғанға жұдырық. Бұл аурулар дер кезінде емделмесе, қатерлі ісікке ұла­са­ды, бауыр ауруы ұзақ уақыт симптомсыз өте­тіндіктен, пациенттер көбіне-көп кеш емге ке­ліп жатады, сол үшін де уақытылы тек­серілу өте маңызды.

– Хирург қаншалықты талантты болса да, бір мәселені толық шеше алмайды. Бауыр­дың қатерлі ісігін емдеуде, гепатолог мүше функциясын тұрақтандырады, ге­патобилиарлы хирург күрделі резек­ция­лар­ды орындайды,  интервенциялы радио­лог ісікті жою әдістерін қолданады, эндос­ко­пист асқыну қаупін бақылайды. Бір­лес­кен бағытта біз осындай экожүйе құрдық, ал трансплантология саласында мәйіттік донор жүйесін дамыту қажет, себебі бұл жүйе жаһандық стандартқа негізделген. Біз солай ғана жүздеген, мыңдаған адамды күту тізімінен шығара аламыз. Дамыған қо­ғам­да жердегі миссияңыз аяқталған сәт­те басқа адамға өмір сыйлау гуманизмнің ең жоғары актісі ретінде қалыптасқан, біз­ге осындай ұлттық жүйе құру қажет, – дей­ді хирург.

Осыдан біренеше жыл бұрын елімізде алғаш рет синтетикалық протезбен бауыр трансплантациясы жасалды. Операцияның ерекшелігі, науқастың бауырымен қатар жүректі жалғап тұрған қан тамырлары да ауыстырылған. Отаны Астанадағы Ұлттық ғы­лыми онкология орталығының маман­дары жасады. Екі баланың анасы Мөлдір Мұс­тафина бауыр ауруымен 7 жыл күрес­кен, осы арада альвеококкоз паразиті бауыр­ды түгелдей жеп, өт жолы мен қан та­мырларын қысып, жүрекке жеткен. Оған мәйіттік донор табылмай әрі жағдайы ушығып кеткендіктен, ағасы бауырының 65%-ын сыйлап, өмірін сақтап қалды. Де­генмен де, тірі адамның ағзасына иек арта беруге де болмайды, себебі кей науқастың организмі жақындарының да органын кө­тере алмайды. Бір науқасқа ағасы да, анасы да бір бүйрегін беріп, алайда екеуінікі де жарамай қалатын, керісінше бірнеше адам­ға қауіп төнетін жағдай да жетерлік. Қуа­ныштысы, Мөлдірдің ағасының жағ­дайы жақсарып, бауыры қалпына келген. Ал қарындасы өмірге қайта келдім деп жүргенде, ауыр жол апатына ұшырап, тағы да операцияға түседі. Оның бауыры қайта зақымдалып, бір өлімнен аман қалады. Мөлдір бүгінге дейін жалпы 11 операциядан өткен.

Қазір әлемде жасанды жүрек, қан та­мырын өткізгіштер, жасанды бауыр алмас­тыру бағыты та дамып келеді, алайда жа­санды орган донор табылғанға дейін өмірді ұзартудың уақытша шешімі ғана. Сол се­бепті де, қайтсек те, донорлық жүйені да­­­­мытудың жолы ауадай қажет.

Айсұлу СЪЕЗХАН

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью