Доссордағы жалдамалы үй тұрғындары инвентарлық анықтама талап етуде

06.04.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Балқыс Кеуелова мен Жанар Дүйсембаева

Мақат ауданының Доссор кентіндегі Боран Аймағамбетов көшесіндегі №136 арендалық үйдің тұрғындары пәтерлердің қалдық құнын және амортизация есебін көрсететін инвентарлық анықтама ала алмай жүргендерін айтады.

Олардың сөзінше, ресми құжаттардың орнына тек ай сайынғы жалдау ақысы көрсетілген мөрсіз қағаздар беріледі.

Бұл үй 2020 жылдың қарашасында арендалық баспана ретінде пайдалануға берілген. 60 пәтерлік үш қабатты бұл ғимарат Доссор кенті әкімі аппаратының балансында тұр.

«АЖ» редакциясына үй тұрғындары Балқыс Кеуелова мен Жанар Дүйсембаева хабарласты. Олардың айтуынша, тұрғындар бірнеше жылдан бері пәтерлердің қалдық құнын және амортизация есебін көрсететін ресми құжатты алуға тырысуда.

Тұрғындардың сөзінше, үйге кірген кезде-ақ ғимарат жөндеуді қажет еткен. Көптеген ақауларды олар өздері жөндеп, шығынды өз қалталарынан көтеріп келеді. Жылу жүйесін, үйді күтіп ұстауды да тұрғындар өздері төлейді.

Тұрғындар жЖекеменшікке берілетін пәтерлердің қалдық құнын және амортизация есебін көрсететін инвентарлық анықтаманы талап етеді. Олар сондай-ақ пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігін қарастыруды сұрайды, себебі жөндеу жұмыстарын негізінен өздері жүргізіп отыр.

Бұл үйдегі бір пәтер Балқыс Кеуелованың қамқорлығындағы жетім қызға берілген. Кеуелова заңды өкіл ретінде құжаттарды талап етіп жүр.

— Біз қалдық құн мен амортизация көрсетілген инвентарлық анықтаманы ала алмай жүрміз. Бізге тек мөрсіз қағаз береді, онда ай сайынғы жалдау ақысы ғана жазылған. Қазір ол шамамен 7000 теңге, - дейді Балқыс Кеуелова.

Балқыс Кеуелова мүгедектігі бар адам, дәрі-дәрмек қабылдайды.

— Мен пәтерді немесе қазандықты жөндеу ме, әлде дәрі сатып алу немесе азық-түлік алу ма, таңдау жасауға мәжбүрмін, — дейді ол.

Жанар Дүйсембаева — бес баланың анасы. Ол өз пәтерінің жағдайын сипаттады:

— Пәтер дұрыс жылынбайды, терезелерден жел кіреді. Үнемі бір нәрсені жөндеуге тура келеді. Көп жұмыстарды өзіміз істеп алдық, — дейді ол.

2023 жылы тұрғындар теледидардың түсірілім тобын шақырған. Сол кезде аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалақов жөндеу жүргізуге уәде берген, бірақ жұмыстар жасалмаған.

Дүйсембаева айтуынша, оған 500 мың теңге көлемінде несие алып, жөндеуді өз қаражатына жасауға тура келген. Ол жылу жүйесін орнатып, балконды ретке келтірген.

Сонымен қатар, қазіргі таңда жалдау ақысы бойынша қарызы шамамен 480 мың теңгеге жеткен.

Отбасы қиын жағдайда өмір сүріп отыр. Табыс көлемі — 86 мың теңгедей жәрдемақы. Ал коммуналдық шығындары айына 55 мың теңгеге дейін жетеді. Дүйсембаеваның айтуынша, күйеуінің бес жыл бойы тұрақты жұмысы жоқ. Өзі кейде қоғамдық жұмыстарға қатысады, бірақ тұрақты табысы жоқ.

Тұрғындар пәтерлерде орнатылған жеке қазандықтардың кепілдік құжаттары жоқ екенін айтады. Құрылғыны жөндеу мен қызмет көрсету шығындарын өздері төлейді. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек дұрыс есептелмейді деп санайды.

Олар бірнеше рет аудандық және облыстық әкімдікке жүгінгенімен, жағдай өзгермей отыр.

Балқыс Кеуелова тұрғын үй жайын Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновпен тікелей эфирде көтеруге тырысқанын айтты. Бірақ ол үйдің проблемасы туралы сөйлей бастағанда микрофоны өшірілген. Кеуелованың пікірінше, бұл әрекет Мақат аудандық әкімдігі тарапынан жасалған.

Редакция осы жағдайға байланысты Мақат аудандық әкімдігіне сауал жолдады.

Жауапқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Руслан Әліпқалиев қол қойған.

Оның айтуынша, Боран Аймағамбетов көшесіндегі №136 үш қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй Доссор кенті әкімінің аппаратының балансында тұр. Үй 2020 жылдың 25 тамызында қабылдау актісі негізінде пайдалануға берілген.

— Бұл құжат атқарылған құрылыс-монтаж жұмыстарының мемлекеттік нормаларға сәйкес екенін және ғимараттың мақсатты пайдалануға дайын екенін растайды, — делінген жауапта.

Үйдің құрылыс жұмыстарына тапсырыс берушісі — Мақат аудандық құрылыс бөлімі, ал мердігері — «Аман-Құрылыс» ЖШС болған. Бөлімнің мәліметінше, қазіргі кезде бұл үйге күрделі жөндеу қажет емес.

Қалдық құн мен амортизацияға қатысты сұраққа Әліпқалиев «бұл деректер тұрғындарға қолжетімді, ал ресми анықтама алу үшін Доссор кенті әкімінің аппаратына жазбаша өтініш беру керек» деп жауап берген

Ол арендалық төлемнің есептелуі бекітілген әдістеме бойынша жүргізілетінін айтты. Ал мөрсіз берілген қағаздарға қатысты бөлім олардың рәсімделу тәртібі тексеру үшін нақты мысалдарды ұсынуды сұрады. Шенеуніктің сөзінше, үйге қатысты деректер «1С:Бухгалтерия» ақпараттық жүйесіне енгізілген.

Жауапта сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерді жекешелендіру тәртібі түсіндірілген. Ол Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңымен және Үкіметтің тиісті қаулысымен реттеледі.

Бөлімнің мәліметінше, бұл үйдің негізгі қорларының сметалық құны 900 млн 645 мың теңге.

Әлеуметтік қолдау мәселесіне қатысты жауапта мынадай дерек келтірілген:

Ж. Дүйсембаева 2024 жылдың 1 қаңтарында egov.kz порталы арқылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген. Отбасының табысы кедейлік шегіне жетпегендіктен, №270040475 шешіміне сәйкес оған атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Оның күйеуі Нұрманов Аманғали Тәжібекұлы 2024 жылдың 22 қаңтарында «Мансап» жұмыспен қамту орталығында тіркеліп, «Доссор балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне» КМК-не жұмысқа жіберілген. Алайда ол 2024 жылдың 6 қыркүйегінде өз еркімен жұмыстан шыққан. Осыдан кейін әлеуметтік келісімшарт ҚР Әлеуметтік кодексінің 129-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатылған.

2025 жылға және 2026 жылдың бірінші тоқсанына Ж. Дүйсембаева атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш бермеген.

Жауапта атаулы әлеуметтік көмек мөлшері жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегінің айырмасы ретінде есептелетіні айтылған. Заңнамада жалдау ақысын өтеу үшін төлемдерді көбейту қарастырылмаған. Алайда қиын жағдайға тап болған отбасыларға жергілікті органдардың шешімімен бір реттік көмек көрсетілуі мүмкін.

Тікелей эфир кезінде микрофонның өшірілуіне қатысты бөлімде түсініктеме берілмейтіні хабарланып, бұл мәселе бойынша Индустрия және құрылыс министрлігіне жүгінуді ұсынған.

Сонымен қатар, жалдау шартына сәйкес тұрғындар баспананы тиісті жағдайда ұстауға міндетті екені ескертілген. Ал тексеру актілері жазбаша өтініш бойынша Доссор кенті әкімінің аппараты арқылы беріледі.

Ресми жауапта осылай делінген.

Алайда, Боран Аймағамбетов көшесіндегі №136 үйдің тұрғындары пәтерлердің қалдық құны есебі көрсетілген инвентарлық анықтаманы қолдарына алуды талап етуде.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

Бүгін, 14:18

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью